Гүлшара Әбдіқалықова: Жерлестерімнің қауіпті індет кезеңінде сақтанып жүргенін қалар едім

703

0

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сырбойылықтарға өз денсаулығының қожасы өзі екенін ұмытпай, қауіпті індет кезеңінде сақтанып жүруін өтінді. Бұл туралы аймақ басшысы «Facebook» парақшасында жариялады.

Қадірлі жерлестер!

Бүгін – Дүниежүзілік денсаулық күні. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 1948 жылы құрылған, ал, 1950 жылдан бері құрылған күні атаулы күн ретінде белгіленген. Осы уақыттан бері әлемнің екі жүзге жуық мемлекеті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше болып отыр.

Атаулы күні адамдар өз өмірінде денсаулықтың мәні қаншалықты зор екенін түсініп, бүкіл әлем болып денсаулықты жақсартуға шешім қабылдауы үшін өткізіледі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әр жылды медицинадағы аса көкейкесті мәселелердің біріне арнап отырады.Өткен жылдан бері әлемді жайлаған пандемия індеті адамзат баласының денсаулығына зор зиян келтіргені рас.

Көрінбейтін жауымызға айналған коронавирус індеті тағы қандай түрге еніп, қалай шыға келетіні белгісіз. Сондықтан, біз кез келген уақытта вирусқа қарсы тұра алатындай әзірлікті үзбеуіміз қажет. Сол үшінде қазіргі уақытта халықты ерікті түрде вакцинациялау жүріп жатыр. Оның тиімді екені әлемде дәлелденуде.

Қарап отырсаңыз, адамдардың тығыз жиналған жерінде вирус тез тарайды. Сондықтан да, әрбір адам өзіне ғана емес, отбасына, туған-туысына, айналасындағы адамдарға зиянын тигізбеуі керек. Ол үшін қарапайым қағидатты ескерсе болды: маска, антисептик және арақашықтықты сақтау. Адамзат баласы жаралғалы бері талай қатерлі індетті бастан кешірді емес пе? Олардың әрбірі адам өміріне қайғы-қасірет әкелді.

Денсаулық – баға жетпес асыл дүние. Оны қайтадан орнына әкелу оңайға соқпайды. Сол себепті, жерлестерімнің өз денсаулығының қожасы өзі екенін ұмытпай, қауіпті індет кезеңінде сақтанып жүргенін қалар едім. Саулық – сақтықта!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<