Гуманистік тәрбие жолындағы кафедра

1795

0

Қызылорда «Болашақ» университетінің «Қоғамдық пәндер, тарих және география» кафедрасының негізі «Жалпы университеттік пәндер» және «Гуманитарлық пәндер» кафедрасынан бастау алады. Осы күнге дейін кафедрада елімізге танымал көптеген ғалымдар оқытушылық қызмет атқарумен қатар, университеттің дамуына өз үлестерін қосты. Осы уақытқа дейін кафедра меңгерушісі қызметтерін тарих ғылымдарының докторы Л.Б. Бердығожин, филология ғылымдарының докторы, профессор Т. Еңсегенұлы, тарих ғылымдарының кандидаты А.Т. Еспенбетова, филология ғылымдарының кандидаттары Л.В. Спасова, О.Я. Ким, Т.С. Медетбаев, саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор М.Ө. Насимов, аға оқытушылар Г.Ж. Садуахасова, А.А. Досмамбетова, Б.Ж. Паридинова атқарды. 2021-2022 оқу жылында кафедра «Жалпы білім беру және құқық» кафедрасынан бөлініп, «Қоғамдық пәндер, тарих және география» кафедрасы болып қайта құрылды. Бүгінде кафедраны педагогика ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Ж.Е. Баширова басқарып отыр.

Кафедра келесі білім беру бағдарламалары бойынша бакалаврлар дайындап шығарады: 6В01601 – «Тарих»; 6В01502 – «География». Сонымен қатар, 7M01601 – «Тарих» білім беру бағдарламасы бойынша магистрлер білім алады. Кафедра аталмыш білім беру бағдарламаларымен қатар, университеттегі қоғамдық пәндерді жүргізеді. Білім берудің гуманистік тәрбиесі қоғамдық пәндер жүргізетін кафедраға байланысты екені белгілі. Кафедра болашақ мамандар дайындаумен қатар, саяси мәдениеті жоғары, рухани дамыған, тарихи және мәдени құндылықтарды сыйлайтын тұлғаларды тәрбиелеу үстінде.

«Қоғамдық пәндер, тарих және география» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамында 13 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 5 ғылым кандидаты, 2 PhD, 5 ғылым магистрі және 1 аға оқытушы бар. Қазіргі таңда кафедрада ардагер-ұстаз, тарих ғылымдарының кандидаты Х.Т. Наурызбаева, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», тарих ғылымдарының кандидаты А.Ә. Еңсепов, облысқа танымал мұрағаттанушы, тарих ғылымдарының кандидаты А.Т. Еспенбетова, облыстық ішкі саясат басқармасының этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты У.С. Ибраев, «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институтының директоры, саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор М.Ө. Насимов қызмет атқарады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, кафедра профессор-оқытушылары қоғамдық пәндерді жүргізеді. Кафедрадағы «Философия», «Рухани жаңғыру: қоғамдық сана мен тарихи сананы жаңғырту», «Саясаттану», «Әлеуметтану» және «Мәдениеттану» пәндерін жүргізетін оқытушыларға зор үміт пен ауыр жүк артылып отыр.

Адамның қоршаған дүниеге қатынасының жалпы формалары мен заңдылықтарын зерттейтін философия ілімін оқытуда қоғамдық қатынастарда туындаған көптеген мәселелерді сараптау арқылы орын алады. Философияның негізгі мәселесі адам болып табылғандықтан, сабақ жүргізу барысында философиялық антропология негіздеріне сүйенген жөн. Себебі, оқыту барысында оқытушы мен студент ойларында бұл жүйені қай формада тиімді түрде орындай аламыз деген сұрақ тұруы тиіс. Егер біз барлық философиялық мұраны түрлі авторларға тиесілі идеялар жиынтығы десек, әр тұжырымның өзіндік сипатқа ие ерекшеліктері болатындығын ұғынамыз. Студенттер бұл пән арқылы бір ғана ұғымның космологиялық, психологиялық, физикалық, онтологиялық, гносеологиялық аспектілерін қарастыруда түрлі түсініктер қалыптастыруына ықпал етеді.

«Рухани жаңғыру: қоғамдық сана мен тарихи сананы жаңғырту» пәнінің саясаттану, философия, экономика, педагогика, психология, әлеуметтану сынды т.б. ғылымдармен пәнаралық байланысы мол. 2020-21 оқу жылынан бастап енгізілген жаңа пәннің мақсатына «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындаған мәселелерді теориялық талдау жатады. Осы мақсатқа сәйкес пәннің міндеттері төмендегідей: ұлттық және қоғамдық сана, тарихи сана ұғымдарын түсіндіру; сананы жаңғырту бағыттарының мәні, мазмұны және түсініктерін жүйелеу; қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған жобалар және оның нәтижелерімен таныстыру; Ұлы даланың жеті қыры ретінде көрсетілген түсініктерді талдау; тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған жобалармен таныстыру.

Қоғамдық қызметтің түрлі салаларын басқару, еліміздің саяси және әлеуметтік-мәдени процестеріне қатысуын тану үшін «Саясаттану» пәнінің мәні зор. Осы пән арқылы саясат пен саяси ғылымдардың дамуындағы негізгі кезеңдерді; саясаттанудың түсініктік-категориялық аппаратын; түрлі салаларда саяси қимылдар жүргізудің механизмдерін; Қазақстан Республикасы саяси жүйесінің ерекшеліктерін тануға болады. Аталмыш пән арқылы саясаттың біртұтас қоғамдық құрылым ретіндегі мәні ашылады, саяси қатынастардағы ішкі және сыртқы байланыстар айқындалады, саяси дамудың негізгі заңдылықтары анықталады, еліміздің саяси дамуындағы негізгі бағыттар, механизмдер мен басымдықтары айшықтала түседі. Жалпы саясаттану ең алдымен философия, сосын тарих ғылымдарымен тығыз байланыста. Сондықтан пәнді игеруде философиялық-тарихи және теориялық бөлімдерінің маңыздылығы жоғары. Ал тәжірибелік бөлігінде саясаттың әлеуметтік-психологиялық аспектілері мен саяси технологияларына ерекше мән беріледі. Бұл әсіресе, түрлі деңгейдегі іскерлік ойын түрлерін жүргізуде өте қолайлы шара болып табылмақ. Пән аяқталған соң студенттер арасында саясаттанулық турнир өткізу жоспарланған.

«Әлеуметтану» пәнін оқыту студенттерге адамның қоршаған әлеуметтік әлемі туралы ғылыми түсініктер, әлеуметтанулық заңдылықтар және оның әлеуметтік-мәдени дамуындағы мүмкіндіктерінің ұғымын қалыптастырады. Пәнді оқу барысында әлеуметтанудың негізгі категориялары мен түсініктерін анықтаймыз; әлеуметтанудың әлеуметтік-гуманитарлық, басқару және экономикалық білімдер жүйесіндегі орны мен рөлі туралы түсініктер қалыптастырылады; әлеуметтанулық білімнің ерекшеліктері және қоғамдық өмір процесі мен құбылыстарын әлеуметтанулық сараптау дағдысы жүреді. Кафедра аталмыш пәнді оқытуда әлеуметтанудың негізгі теориялық және әдістемелік мәселелерін, қоғамның құрылымы, оның негізгі элементтерін тануын, әлеуметтанудың ғылым және пән ретінде дамуына үлес қосқан ғалымдардың еңбектері, әлеуметтанулық ақпаратты жинаудың және талдаудың негізгі тәсілдерін үйретуді мақсат етіп қойып отыр.

Этикалық-эстетикалық, көркем және мәдениеттанулық түсініктерді студенттер санасында қалыптастыруда «Мәдениеттану» пәнінің мән-мағынасы зор. Бұл пән арқылы жас ұрпақ әлемдік мәдениеттің қалыптасу тарихы мен дамуын ашу арқылы, қазақ мәдениетінің әлемдік мәдениеттанулық процесіндегі орны мен рөлін айқындап, мәдениеттің құрылымы мен әлеуметтік қызметін, жаңа тарихи шарттардағы оның дамуындағы ерекшеліктерін анықтайды. Сонымен қатар, студенттер арасында мәдениеттанулық білімнің ішіндегі негізгі модельдер: мәдениеттің тарихы мен теориясы, мәдени саясат, мәдениет философиясы, мәдениет социологиясы, мәдени әлеуметтік антропология, эстетика мен өнертану мәселелерін оқуға бет бұрады.

Кафедраның профессор-оқытушылары мен студенттері ғылыми-зерттеу жұмыстарын сәтті жүргізіп келеді. Кафедра әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулер орталығы базасында чехиялық «Sociosféra-CZ» Ғылыми-баспа орталығы және ресейлік «Молодой ученый» баспасымен тығыз байланыс орнатқан. Кафедрада «Сананы жаңғырту бағыттарының мәні, мазмұны және түсініктері» және «Саяси жарнаманың Қазақстан Республикасында дамуы (2008 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін)» университетішілік ғылыми жобалары жүзеге асырылып жатыр. «Ұлттық рухани жаңғыру: қоғамдық сана мен тарихи сананы жаңғырту» ынталы жұмысы Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығына тіркеліп, университеттің меншікті қаражат есебінен 3 жылға 3 миллион теңге бөлініп отыр.

Өткен жылдың өзінде профессор-оқытушылар оннан астам ғылыми мақалалар, оның ішінде 5 мақала ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті Тізіміндегі журналдарға жариялаған. Сонымен қатар, өткен жылы кафедраның професор-оқытушылары 5 авторлық куәлік иеленді. Web of science және Scopus базасында индекстелетін журналдарда мақала жариялау бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 7 мақала аталмыш базаларда индекстелетін журналдарда рецензияланып жатыр. Берілген мақалалар тақырыптарының ауқымы кең, атап айтар болсақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының материалдары негізінде қоғамды рухани жаңғырту, рухани жаңғыру түсінігінің анықтамасы, COVID-19 пандемиясы бойынша әлеуметтік ғылымдардағы әдебиеттерге қысқаша шолу, Қазақстан Республикасындағы саяси партиялардың сайлау бағдарламалары мен ұрандарын салыстырмалы талдау, тарихи геология мәселесі бойынша әдебиеттерге қысқаша шолу, болашақ мұғалімдердің рухани дүниетанымын қалыптастыру факторлары, тұлғалық-бағдарлы білім берудің тарихи алғышарттары, «Рухани дүниетанымның педагогикалық негіздері» элективті курсының тұжырымдамалық негіздері секілді тақырыптарды қамтиды. Ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурстарға 2 ғылыми жоба ұсынылды. Осы оқу жылының І семестрінде студенттердің 6 ғылыми тезисі ғылыми мақалалар жинағында жарияланды, ІІ семестрде де жариялау жоспарланып отыр.

Профессор-оқытушылардың ғылым саласында иеленген жетістіктері де бар. Мәселен, философия магистрі, кафедраның аға оқытушысы Б.Ж. Паридинова «Болашақ мұғалімдердің рухани дүниетанымы» атты жұмысы үшін Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №542 бұйрығына сәйкес гуманитарлық ғылымдар саласындағы М. Әуезов атындағы сыйлықты иеленді. Өткен жылы облыстық «Ақмешіт жастары» газеті ұйымдастырған «Ғылым жолында» байқауында «Рухани дүниетаным» және «руханилық» категорияларының педагогика және психологиядағы түсініктері» еңбегі үшін алғаш рет Темірбек Жүргенов атындағы сыйлыққа ие болды.

Кез келген мекеменің табыстылығын кадрлар анықтайтындығы белгілі. Біздің кафедра өз түлектерін мақтан тұтады. Бүгінде кафедра түлектері білім беру және ғылым саласында республиканың және облыстың жоғары оқу орындары мен мектептерінде табысты еңбек етуде. Ең алдымен тарихшы түлектерімізге тоқталсақ. «Тарих және география» мамандығының ең алғашқы түлектерінің бірі М. Насимов бүгінде саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институтын басқарып отыр. Қ. Құрманбаева PhD докторантураны сәтті аяқтап, бүгінгі таңда ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында жұмыс істейді. Д. Уалиев Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік бөлімінде болса, Е. Табынбаев аудандық «Қазалы» газетінде бас редактор. Д. Есенов Алматы қаласындағы №122 орта мектепте, Е. Өзбекбай Б. Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияда, А. Пайзуллаев №282 мектеп-лицейде, Б. Айтбай №179 мектепте, С. Бекмұратов №220 орта мектепте, Ә. Сералиев М. Горький атындағы №16 мектеп-лицейде, А. Жаметов №276 орта мектепте, Ә. Айтбай №23 мектепте мұғалімдер. «География» білім беру бағдарламасы түлектері арасында Д. Жұбанов Арал ауданындағы №2 мектеп-интернатының оқу ісі жөніндегі орынбасары, М. Абилмаев Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде, Р. Маханов Ақмола облысы, Аршалы орта мектебінде, Е. Жансейтов №101 мектеп-лицейінде, Г. Жантуғанова №264 мектепте ұстаздар.

Білім берудің сапасын жоғарылату мен дамытуда кафедраның бүгінгі таңдағы негізгі басымдықтары:

  1. Қазақстандық қоғамның өмір-салты мен жоғары білім жүйесінде жүргізілетін әр пәннің ғылым және оқу пәні ретіндегі дүниетанымдық және әдістемелік рөлін жоғарылату.
  2. Қоғам қажеттіліктерін қанағаттандыратын, қазіргі ғылым мәселелерін тиімді шешуге дайын білікті тарих және география пәндерінің мұғалімдерін дайындау.
  3. Студенттердің сапалы теориялық-әдістемелік дайындығын қамтамасыз ету, оқу процесін жаңаландыру, қашықтықтан оқыту әдістерін жоғарылату.
  4. Қоғамдық пәндерді оқытуда оның ғылыми, оқу-әдістемелік базасын күшейту.
  5. Профессор-оқытушылар құрамының ғылыми ізденісіне сай әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулер орталығымен байланысты дамыту.
  6. Кафедраның мектептер, мемлекеттік органдар, кітапханалар мен бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысын күшейту.
  7. Студенттерді гуманизм мен толеранттылық қағидалары негізінде тәрбиелеу, қазақстандық патриотизм мен жоғары азаматтық позициясын қалыптастыру.

Алдағы уақытта да әлемдік жаһандану процесінде білім нәтижесін бағындыруға арналған шаралардың ұйтқысы болып жүрген «Қоғамдық пәндер, тарих және география» кафедрасы жас ұрпаққа жаңа заман талабына сай білім беру жолында қызмет етеді.

«Қоғамдық пәндер, тарих және география» кафедрасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<