«Халқымның сенімі – маған аманат»

435

0

26 қараша күні, Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты ұлықтау рәсімі өтті.

Мемлекеттік Ту мен Президент Байрағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы Тәуелсіздік сарайының Үлкен залына әкелінген соң Қазақстан Республикасының Президенті келіп, мінберге көтерілді.

Конституцияның 42-бабына сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ант берді:

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін!»

Сайланған Қазақстан Президентінің қызметке кірісу құрметіне орай  Мемлекеттік әнұран ойналып, 21 рет зеңбіректерден оқ атылды. Ал «Ақорда» резиденциясының үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілді.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды.

Мемлекет басшысы салтанатты ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде өзіне зор сенім артқан барша отандасына алғыс айтты, алдағы қызметінің бірқатар негізгі бағытын атап өтті.

Ұлықтау рәсіміне Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары, Үкімет мүшелері, Жоғарғы сот судьялары, Конституциялық Кеңестің мүшелері, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, орталық мемлекеттік басқару органдарының басшылары, Орталық сайлау комиссиясы мен Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері, діни конфессия өкілдері, облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, Қазақстандағы дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, президенттікке үміткер болғандар, саяси партиялардың басшылығы, Республикалық және аймақтық қоғамдық штабтардың мүшелері, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, іскер топтар өкілдері, көрнекті ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Cалтанатты ұлықтау рәсімінен кейін Мемлекет басшысы отандық өнер жұлдыздарының концертін тамашалады. «Қазақстан» орталық концерт залының сахнасында еліміздің танымал әншілері Роза Рымбаева,  Димаш Құдайберген, Рухия Байдүкенова, Алишер Каримов,  Біржан Хасанғалиев, Ұшқын Жамалбек, Тамара Асар, сондай-ақ  «Астана балет» театры, «Contrast», «Terra» би  ұжымдары мен тағы басқа мәдениет қайраткерлері өнер көрсетті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<