Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұл, Геннадий Шиповских, “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мақсұт Баекеев Қармақшы ауданында іссапармен болды. Халық қалаулылары алдымен Иіркөл ауылдық округіндегі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған №12 балабақшаға барды. Балабақша жұмысымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Иіркөл ауылдық округінің әкімі Б. Қалдашбаев ауылда жүргізіліп отырған жұмыстар жайын баян етті.
Мұнан кейін депутаттар мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, нәтижелі жұмыс жасап жатқан Жосалы кентіндегі индустриалды аймақ жұмысымен танысты. Кәсіпкерлік нысандарды аралау барысында бетон өндіретін «Мир 2001» ЖШС мен темір қалдықтарынан арматура өнімдерін шығаратын ЖК «Бердібаев К» жұмыстарын көрді. Аудандағы кәсіпкерліктің дамуында ілгерілеушіліктің бар екенін айтқан Мәжіліс депутаттары атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Халық қалаулылары бұдан бөлек «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында партия белсенділері мен кент тұрғындарын қабылдап, халықтың ұсыныс-тілегін де тыңдады, көкейде жүрген сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар, қабылдауға келген көпшілікке «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеудің маңыздылығын жеткізді. Сондай-ақ, діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес барысын, электронды үкімет порталының жұмысы туралы сөз етті.
Жиын мұнан әрі аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан активімен кездесуге ұласты. Жиын барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Смағұл Бақытбек бүгінгі таңда көтерілген мәселелердің барлығы қоғам үшін өте өзекті болып табылатынын, жүзеге асырылатын бастамалар еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекеге қабілетін арттыра түсуі тиіс екендігін жеткізді.
Аудан әкімінің орынбасары Е.Меңлібаев ауданда Елбасы Жолдауынан және Үндеуінен туындайтын міндеттер бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, жаңа әлеуметтік нысандардың халық игілігі үшін пайдалануға беріліп отырғандығына тоқталып өтті.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
“Сыр бойы”.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<