Ел тәуелсіздігі күні қарсаңында «AMANAT» партиясының қолдауымен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырумен өткен «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы жылдың үздік ақынын анықтады.
«Төрлет, еңбек адамы!» тақырыбымен Астана жұртының алдында екі күн бойы сөз аламанын созған жүйріктер арасында қара оздырмаған жерлесіміз Мейірбек Сұлтанхан «Алтын домбыра» жүлдесін жеңіп алып, оған қоса темір тұлпар тізгініне ие болды.
Ақжолтай хабар жетісімен облыс әкімі Н.Нәлібаев «Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы халыққа құтты болсын айтып, жеңімпаз ақынды құттықтады. Аймақ басшысының бұл ізгі тілегінде былай делінген:
«Айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязовтан кейін «Алтын домбыраны» иеленген Мейірбек жыр еліндегі сабақтастықтың үзілмегенін тағы бір дәлелдеді. Нартайдың мақамын әуелетіп, атадан балаға мұра болған өнердің өміршеңдігін көрсетті. Еңбек тақырыбын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынған «Адал еңбек – адал табыс – адал адам» қағидатын жырлады.
Сыр бойында туып, Сарыарқаны құтты қоныс қылған Мейірбек үлкен айтыста азулы ақындарға алдырмас қарсылас болып, көрерменді асыл сөздің нәрімен сусындатты. Табан астынан тауып айтатыны, салмақты ойы үйлесім тауып, оны биікке көтерді.
Барша жұртшылықты Сыр перзентінің қанжығасына «Алтын домбыраның» байлануымен құттықтаймын. Мейірбекке айтыстағы жетістігің құтты болсын, ел алдында айтар сөзің сарқылмасын деймін.
«Сыр елі – жыр елінің» өнер керуенін алға апарар ақтаңгерлері аман болсын!»
Осы алғаусыз ниетке баршамыз қосыламыз.
Мейірбек Сұлтанхан дәстүрлі сыйлықты қолына ұстап тұрып, суырыпсалмалықпен сахнада былай деп шумақ өрді:
«Сыр Алаштың анасы болған кезде,
Мен де жүрмін халықтың баласы боп.
Ағайын, ықыласыңа мың рақмет,
Кеп тұрмын аламанның дарасы боп.
Алтынның қайткенмен де құны бар ғой,
Халықтың пейілінің бағасы жоқ».
Осы ұстанымды көкірекке түйген жас өзі айтыста танылған жиырма жылға уақыттан бері үнемі бас жүлде, бірінші орын жүлделерін олжалап келе жатқан сөз шебері.
Шиелі ауданының тумасы 1993 жылы өмірге келген.
2006 жылы Ел Тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған Жалағаш ауданында өткен «Тәуелсіз елім – өз елім» атты облыстық ақындар айтысының І орын және Қызылорда қаласында Кеңес Одағының Батыры Т.Көмекбаевтың 110 жылдық мерейтойына арналған «Сыр қыраны» атты облыстық ақындар айтысының бас жүлдегері. Ақмола облысы Ақкөл ауданының 80 жылдық мерейтойына байланысты өткен республикалық айтыста бас жүлде, Талдықорған қаласында өткен «Жыр алыбы – Жамбыл» атты республикалық жас ақындар айтысында бас жүлде (2009), Астанада қала күніне орай өткен дәстүрлі республикалық ақындар айтысында бас жүлде, Көкбай Жанатайұлы және Ақылбай Абайұлының 150 жылдығы, абыз ақын Шәкір Әбеновтің 110 жылдық мерейтойына арналған республикалық айтыстарда І орын иеленген.
Осы деректердің өзі оның бұл мәртебелі сыйлыққа лайық екенін танытады.
Қазақ айтысының тағы бір жұлдызы жанды, ағайын. Құтты болсын, баршаңызға.
Мерейің өсе берсін, Мейірбек ақын!
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<