Халық. Салық. Сан мәселе

579

0

Жаңа кодекстегі өзгерістер

Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Заңына қол қойды. Бұл өзгерістер 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.

Еліміздің салық саясаты тәуел¬сіздік алғаннан бергі 30 жылда бірнеше реформаны бастан кешірді. Нарыққа бейімделу, әлемдік стан-дарттарға жақындату кезеңінен өткен соң 2001 жылы алғашқы Салық кодексі қабылданды. Содан бері де жетілдірілу үстінде. Жалпы Салық кодексі – жиі өзгеріске ұшырайтын құжаттардың бірі. 2009 жылдан бастап 111 ілеспе, яғни жылына шамамен 16, барлығы 2300-ден астам бапқа өзгерту енгізіліпті. 

Кодекс соттарда мемлекеттік баж төлеу бойынша кейінге қалдыруды беру тәртібі мен шарттарын айқындайтын жаңа 51-2-баппен толықтырылған.  Салық кодексіне енгізілген өзгертулерге сәйкес, жалпыұлттық декларациялау аясына тек жалақы, зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақыға күн көретін адамдар декларация тапсырмайды. Кірістер мен мүлік туралы декларация нысанында салық салынатын кірістер ғана көрсетіледі, қалған мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен автоматты түрде толтырылады. Жалпы декларация, кірістер мен мүлік туралы декларация шеңберінде салық есептілігін бірыңғай ұсыну мерзімі белгіленген. Демек, биылғы жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей тапсырылуы қажет.

2024 жылдан Ұлттық қор инвестициялық табысының 50 пайызы балаларға бөлінетіні белгілі. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, ол жеке тұлғаның табысы ретінде саналмайды, сондықтан бұл қаржыға салық салынбайды.

Сондай-ақ салық төлеушінің түрлі есеп пен чектерді 5 жыл бойы сақтау міндеті алынып тасталған. Өйткені бүкіл мәліметтер салық деректері операторында сақталады.

Табыс тапсаң, салық төле!

Салық –  мемлекет дамуының маңызды бөлігі. Оның есебінен ел қазынасы толығып отырады. Пандемияға байланысты салық төлеуге қатысты бірқатар жеңілдік жасалып, кәсіпкерлерге мораторий жарияланды. Сол уақыттан бері салық төлеу мерзімі өзгеріп, көлік және мүлік, жер салығы кейінге шегеріліп келген еді. Ал биылдан бастап жаңа кодекс аясында бірқатар жеңілдік қарастырылғанымен талап та күшейді. Сарапшылардың пікірінше, қаншама жеңілдіктер қарастырылғанымен, бұл салық төлеуге кәсіпкерлерді ынталандырмайды. Экономикалық шолушы Айбар Олжаев өзінің әлеуметтік парақшасында салық мәдениетін қалай және не үшін, кім үшін қалыптастыруымыз керек деген мәселеге тоқталыпты. Автордың сөзінше, Үкіметке бірінші кезеңде ақша емес, салық мәдениетінің толық орнағаны керек.

– Бұл – біздің мемлекеттілігіміздің тірегі. Барлық дамыған елдерде салық абсолютті культқа айналған, ал салықтан жалтару ауыр қылмыс болып саналады. Себеп – салықтан қашу барлық халық жеп отырған ортақ қазаннан ұрлау деген сөз. Ол – 100% рас тұжырым. Дамыған елдерде салық бюджет кірісінің 90-98 пайызын құрайды. Сол салық әділ бөлініске түсіп, табыс таба алмайтын, көмекке мұқтаж адамдар одан өз үлесін алады, яғни, күш-қуаты бар, тірлік істеп, пайда тауып, салық төлеген азамат осылайша өзінің мүмкіндігі жетпейтін отандасына, оқып жүрген студентіне, зейнеткеріне көмектеседі. Олар салықты қуана төлейді. Себебі салықтың қайда жұмсалып жатқанын біледі. Еліміз осы деңгейге, осындай мәдениетке жеткісі келеді. Ол үшін екі жұмысты қатар жүргізуде. Біріншісі – табыс тауып жүрген, бірақ салық төлемейтін азаматтарға оның дұрыс емес екенін түсіндіру. Екіншісі – әділ, ашық система құрып, барша қазақстандықтарға олар төлеген салықтың нақты қайда кеткенін, одан қандай нәтиже болғанын ашық көрсету. Шынын айтқанда, Мемлекеттік кірістер комитетінен де кінә бар. Бізде «Сен төлеген салықтың арқасында еліміз дамуда» деп қанаттандыратын, мотивация беретін коммуникация жоқтың қасы. Егер әр адам ЖСН-ін теріп, «Сіз мемлекетке осынша салық төледіңіз. Ол салық мынадай жұмыстарға жұмсалды» деген нақты статистика шығарып алатын онлайн сервис пайда болғанда, барлығы статистикасын әлеуметтік желілерге жариялап, «менің арқамда талай тірлік жасалды» деп мақтана бастар еді. Онда қоғам салықтан жалтарып жүрген кәсіпкерлерді өздері әшкерелеп, жазалауға көшер еді. Біз соған бес жылдың ішінде келуіміз керек, – дейді ол.

Салық төлеу тек ірі кәсіпорындар немесе жеке кәсіпкерлерді ғана емес, сонымен қатар елдің барлық азаматтары үшін өзекті. Жалпы қаржылық сауаттылықты арттырмай, оған деген теріс көзқарасты өзгерту қиын. «Бүгінде әрбір адам заң жағынан білімді болуға тиіс» деп санайды Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Экономика және құқық институтының аға оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты Айгүл Макенова. Оның пікірінше, салық жүктемесін оңтайланыру және алданып қалмауға жол бермеу үшін салық заңнамасының негізгі ережелерін білу керек.

– Бүгінде әлемнің қай мемлекетін алып қарасаңыз қаржылық сауаттылыққа үлкен көңіл бөлінуде. Ол мектепте де, балабақшада да үйретілу керек дейді. Бұл пікірге мен толығымен келісемін. Баланың ойлау деңгейіне қарай ойын түрінде болсын, білімін арттырып отырған жөн. Мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан да біршама жұмыс жүргізіліп жатыр. Өйткені, көп адам салыққа қатысты өзінде уақытылы төленбеген төлемдердің барын басқа мемлекетке баратын кезде біліп жатады. Сол секілді уақытылы төлемдер жасалмаған кезде сот алдында жауап беретінінен де бейхабар жандар бар. Бұл білместіктен орын алған жайт болғанымен, сауатымыздың қандай екенін көрсетеді. Сондықтан әрбір азамат өз бетімен қаржылық сауатын жетілдіріп отырғаны дұрыс. Біз БАҚ бетінде немесе әлеуметтік желіде ақпараттар бергенімен, азаматтардың барлығы оны оқып, пайдаланып жатқан жоқ. Ал ол өзіңіз үшін керек, – дейді ғалым.

Кәсіпкердің назы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында салықтық бақылау ісін толық цифрландырып, есептілік формаларын 30 пайызға қысқарту жөнінде айтылды.

– Салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің санын кемінде 20 пайызға азайту керек. Айтарлықтай түсім әкелмейтін төлемдерді толығымен алып тастап, қалғандарын біріктіруге болады. Бөлшек салықты енгізу мәселесі қажетті бастама болғанына көзіміз жетті. Осыны ескере отырып, Үкімет оны қолдану аясын екі есе кеңейтеді. Сондай-ақ үдемелі салық салуды енгізу жұмысын жеделдеткен жөн. Салық саясатын қайта қарап, өзгерту үшін Үкімет пен Парламент батыл әрі жан-жақты ойластырылған шешімдер қабылдауы керек, – деді Президент. Расымен бізде салықтың 76 түрі бар екен. Мұндай жүйесіздік кәсіпкерлер түгілі, сала мамандарының да жұмысын күрделендіре түсетіні белгілі. Мәселен, «Квант механикалық зауыты» ЖШС директоры Жаңабай Бекішев салық түрінің көптігінен жаңылып қалатынын жасырмайды.

– Заңның, салықтың түрін көбейте бергеннен ештеңе шықпайды. Одан да істі оңтайландырып, кәсіпкер жұмысының алға басуына мүмкіндік берген дұрыс. Шағын және орта бизнес иелері салық төлеуден қашпайды. Алайда салық түрінің көптігінен кей әріптестеріміз тағы бір жерден қателесіп кетпеймін бе деген қорқынышпен оны төлеуден жалтарады. Біз – кәсіпкерміз, барлығымыздың банкте есепшотымыз бар. Шотымызға қанша ақша түседі, содан белгілі бір мөлшерде ұстап қалсын. Оның ішінде салығың, басқа да ұсталатын жарналар болсын. Ал басқасына кәсіпкердің басы ауырмаған абзал. Қандай салықты төлемей қалдым, тағы нені дұрыс істемей қойдым деген үрей болмау керек. Ол тек өзінің кәсібін дамытуды, табысын арттыруды, сол арқылы мемлекетке пайда келтіруді ғана ойлауы керек, – дейді Ж.Бекішев.

Иә, бұл тақырып аясында талай мәселенің шеті шығып тұрғанын байқап отырған боларсыздар. Шынтуайтына келгенде, Мемлекет басшысы айтқандай, бизнес пен билік өкілдері арасында сындарлы диалог болу қажет. Қанша жерден қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған жұмыстар жасалғанымен, оған әрбір адам өзі ұмтылып, білімін жетілдіріп отырмаса алаяқтарға да жем болатыныңызды естен шығармаған жөн. «Саудада достық жоқ» деп көпті көргендер бекер айтты дермісіз? Қазіргі кезде танысының «Каспий пэйді» пайдаланып, кейін тақырға отырғызып кеткендерді де жиі естіп жүрміз. Мұндай оқиғалардың орын алғанын сала мамандары да жоққа шығармайды. Салық заңнамасын білмегендіктен, кәсіпкерлердің алды 40 миллионға дейін айыппұл төлеген. Сол айыппұлын төлеу үшін басындағы жалғыз баспанасын сатуға мәжбүр болғандар да арамызда бар. Бұл мәселе жөнінде газет бетінде тағы тоқталатын боламыз.

Шығармашылық иелеріне жеңілдік бар

Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева шығармашылық адамдары енді  бірыңғай салықты ғана төлейтінін мәлімдеді. Ол кімдерге тиесілі?

«Осы кешенді жұмыстың нәтижесінде Үкімет қаулы қабылдады. Қаулыға сәйкес 40 қызмет түрі арнайы бөлшек салық режиміне өтті. Бұл дегеніміз бизнес КТС (корпоративтік табыс салығы), жеке табыс салығы, ҚҚС (қосымша құн салығы) төлеуден босатылғанын білдіреді. Аталған қызмет түрлерімен айналысатын субъектілер енді бірыңғай салықты ғана төлейді. Бұл жеке кәсіпкерлер үшін 2%-дан 4%-ға, ЖШС үшін 8%-ға дейін болады. Тек компанияның жылдық айналымы 2,2 миллиард теңгеден аспауы, ал штатта 200 адамнан көп болмауы қажет, – деді.

Салықты жеңілдету кино, бейнеконтент пен телебағдарламаларды өндіруге және одан кейінгі өндіріске, музыкалық шығармаларға дыбыс жазу мен басып шығаруға, театр және музей өнеріне, сәулет және дизайнға, қолөнер бұйымдарына, халық шығармашылығына және кәдесыйлар өндірісіне әсер етеді. Осы қолдау шарасын әзірлеу барысында халықаралық тәжірибеге назар аударылған. Ең озық елдердің айталық, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Кореяның тәжірибесі креативті индустрияны дамыту үшін салықты жеңілдетуге ерекше мән беру керектігін көрсеткен.

Блогерлер де бақылауға алынады

Әлеуметтік желіде ұтыс ойындарын ойнатып, қайырымдылыққа қаражат жинайтын блогерлердің мобильді аударымдары бақылауға алынады. Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов әртүрлі адамнан 100-ден астам төлем түссе, жиналған ақшаның қандай мақсатта жұмсалғаны жан-жақты тексерілетінін айтты.

Егер 100-ден аса аударымның қайдан түскенін, жиналған соманың мұқтаж жанның шотына аударылғанын дәлелдесе, ешқандай сұрақ туындамайды. Себебі, қайырымдылық шаралары үшін салық көзделмеген. Ал кәсіпкерлік немесе жарнама жасаумен айналысатын блогерлер салық төлеуге міндетті.

– Азаматтың ақша аударымы тиісті талаптан асып кетсе, біз оған бірден тексеріс жүргізіп, айыппұл салмаймыз. Әуелі мәліметтерді салық органдарына хабарлаймыз. Олар қосымша есепті берсе, ол азамат салық төлеуші ретінде есепке тұруы тиіс, яғни, біз декларация тапсыруға мүмкіндік беріп отырмыз, – деді Е.Біржанов.

Салық төлемдеріне қатысты қосымша сұрақтарын Telegram чат арқылы білуге болады. Министрлік жалпыға ортақ декларацияны түсіндіруге және мобильді аудармаларды бақылауға арналған арнайы канал ашылғанын хабарлады.

Ақылға сыймайтын салық түрлері

Дамушы мемлекеттерде мүлкін жария ету тәжірбиесі жаңалық емес. Өйткені капиталды көлеңкеден шығару әлем бойынша өзекті. Мысалы, АҚШ-тың салық жүйесіне келсек, мұнда барлығы дерлік салық декларациясын жыл сайын тапсырады. Жылдық табысқа қарай салық мөлшері көрсетіледі. Резиденттер де, резидент еместер де есеп беріп, декларация толтырады. Салық төлеушінің мәртебесі, отбасылы ма, кәмелетке толмаған балалары бар ма деген сияқты мәліметтер аса маңызды. Ерлі-зайыптылар бірге немесе жеке-жеке де декларация тапсыра алады. Бірақ әйелі мен күйеуінің табысында айырмашылық көп болса, мәселен кірісі көбірек болса  салық мөлшері де басқаша есептеледі.  Алайда әр азаматтың салықты азайтып, қысқартуға да мүмкіндігі бар.

Франция елінің Ата заңына сәйкес, кімде-кім 1 миллион евродан артық қаржы тапса, ол мемлекетке міндетті түрде салық төлейтін болады. Осы салықтан қашу үшін белгілі актер Жерар Депардье Ресей азаматтығын алғаны да айтылған еді.

Ежелгі Рим жерінде келбетіңіз еврей халқына келетін болса, міндетті түрде салық төлейсіз.

Византияда жұтқан ауаңызға да ақы төлейсіз. Ақылға қонымсыз болса да, бұл – шындық. Себебі Византия билігі халыққа бұл салықты түсіндіру жұмыстарын былай жүргізген: «Ауа әркімге тәуелді. Әркімнің жеке ауасы бар. Сондықтан ауаны ластамау үшін салық төлеу керек» деп шешкен. Күлкілі болса да бұл – шындық.

ХVІ ғасырда немістің Вюртемберг қаласында үлкен дау туды. Халық арасында торғайлардың кесірінен ұйықтай алмай жүрген жұрт оларды қыру туралы көтеріліске шығады. Ал билік мұны пайдаланып, әрбір өлтірген торғай үшін сол қаланың халқына салық төлеткен.

Голландия, Ұлыбритания елдерінде орта ғасыр шенінде осындай салық салынған. Үй терезесі үлкен әрі көп болған сайын  салық мөлшері де көбейген. Сондықтан екі елдің халқы 1850 жылдарға дейін үйлерін терезесіз салуға тырысқан.

Венгрияда темекі шегетіндерге арналған салық түрі бар. Бұл әлі де жалғасын тауып келеді. Темекі шегетін адам әрбір данасы үшін салық төлейді.

Адамды мазақ қылатын тағы бір салық түрі Италияда 1993 жылдары салынған, яғни дүкен алдында немесе түрлі сөрелерде тұрған заттардан жерге көлеңке түссе, көлеңкенің түсу бағытына қарай салық төлейтін болған. Ал Испанияда демалуға арналған жағалауларда салық түрі бар. Бұл әсіресе Ресейден демалуға келетін азаматтарға бағытталған көрінеді. Олар күнге қыздырынған әрбір күні үшін салық төлейтін болған.

Гвинеяда бейбіт өмір үшін салық төлейді, яғни халық жыл сайын елде соғыс болмағаны үшін билікке салық төлеп отырады екен.

Қысқасы, салыққа қатысты ширататын шаруа аз емес секілді. Оның парқын біз тілдескен азаматтар аңғартып отыр. Ал қызық салық түрлері туралы әзір естіп қана қойған абзалы шығар.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<