Халық сұранысына сай шаралар қабылданады

702

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақтағы эпедемиологиялық жағдайға байланысты онлайн брифинг өткізді.

– COVID-19 індетімен күресу жолында елімізде бірқатар шаралар қабылдануда. Бас санитарлық дәрігердің қаулысымен облысымызда қатаң карантиндік режимі енгізілді. Жағдайды қайта бағамдап, халық сұранысына сай қажетті шараларды күшейту үшін қаладағы бірқатар ауруханалар мен дәріханаларды аралап, туындаған мәселелерді жедел шешу жолын қарастырдық, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес короновирус індетімен күресу мақсатында өңірде инфекциялық және провизорлық төсек-орындары көбейтілуде. Өңірімізде инфекциялық стационарда 515, провизорлық стационарда 1730 төсек-орын болса, облыстық фтизиопульмонология орталығы базасында қосымша 120 орынға инфекциялық және Шалқия елді мекенінде 30 орындық провизорлық стационар ашу жұмыстары жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, өкпені жасанды желдету аппараты мен оттегінің жетіспеушілігі мәселесі де шешімін табуда. Облыстық көпбейінді аурухана жанынан оттегі өндіретін цех салу жұмыстары қолға алынып, облыстық бюджеттен 80 млн теңге қаржы бөлінді. Өңірдегі 76 өкпені жасанды желдету аппаратына маусым айында 20 портативті аппараты алынып, қосымша 63-не тағы да өтінім берілді. Одан бөлек, осы аппараттарды алуға жергілікті кәсіпкерлер қолдау білдіруде.

Бүгінде өзекті болып тұрған дәрі-дәрмек тапшылығы, бағасы облыс басшылығының басты назарында. Аймақта 3 айға жеткілікті дәрі қоры 1 аптада өтіп кетіп, қажетті ем алушыларға жетіспеушілік туындады. Дәріханалар дәрілік заттарға күнделікті қажеттілікке және халықтың сұранысына қарай тапсырыс беруде. Ал, облыстық медициналық стационарларда СК «Фармация» тарапынан 45 күнге жетерлік дәрі-дәрмек қоры жасақталған.

Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес барлық мүдделі мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, мониторингтік топ құрылды. Сондай-ақ, қала, аудан әкімдіктері және «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы жанынан құрылған арнайы мониторингтік топтар дәрі-дәрмек бағасы мен көлеміне қатаң бақылау жұмыстарын жүргізетін болады.

Бүгінде Қазақстан Республикасында 7452 дәрілік заттың атауы тіркелген. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен 6191 дәрілік заттың атауы­на шекті бөлшек сауда бағалары белгіленген. Жалпы дәрі-дәрмектің шекті бөлшек бағалары туралы толық ақпаратты «DARI.KZ» қосымшасынан көруге болады.

Эпедимиологиялық жағдайға байланысты жедел жәрдем көмегіне жүгінушілер саны артуда. Осы орайда, облыс бойынша 81 жедел жәрдем қызмет көрсету бригадасында 52 дәрігер мен 351 фельдшер жұмыс жасайды. Тәулігіне 2 мыңға жуық шақырту орындалуда. Жүктеме 2 есеге өсіп, диспетчерлер мен қызметкерлердің жетіспеушілігі байқалады. Осыған орай, медициналық мамандығы бар жас мамандар мен еріктілерді жұмысқа тарту шаралары қабылдануда.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<