Жуырда Грузия мемлекетінің Зугдиди және Анаклия қалаларында Халықаралық «АRT KOLKHI» фестиваль-байқауы өткен еді. Байқауға Қазақстан, Литва, Армения, Америка, Польша, Иран, Грузия мемлекеттерінен түрлі жанр бойынша 500-ге жуық өнерпаз қатысты.
Фестиваль-байқауға Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі №177 орта мектептің өнерпаздары қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Байқаудың қазылар алқасының құрамында Армения, Польша, Грузия, мемлекеттерінің білікті музыканттары мен әншілері болды. Сондай-ақ, жерлесіміз, ҚР Мәдениет саласының үздігі, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Нұрболат Сейітмұратов та қазылық етті. Екі күнге созылған байқаудың қорытындысымен эстрадалық вокал жанры бойынша бас жүлдеге орта топтан Нұрислам Қадырбекұлы ие болды. Осы топтан жүлделі ІІ орынға Нұржан Нағашыбайұлы лайық деп табылса, кішкентай топтан І орын Раяна Өмірбекқызына бұйырды. Ал жоғары топтан аспапта ойнау жанры бойынша І орынды Нұрдәулет Тани алды.
Талантты балаларды сахнаға дайындап, өнер бәйгесіне қосқан жетекшісі әрі музыка пәнінің мұғалімі – Ақмарал Арыстанова.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<