Халықаралық турнир басталды

695

0

Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен жастар арасындағы ХVІ дәстүрлі халықаралық турнир басталды.

Байрақты бәсекеге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласы және Қазақстанның өзге де облыстарынан келген 200-ге тарта балуан бозкілемде бақтарын сынауда.

Турнирдің ашылу салтанатында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов құттықтау сөз сөйлеп, жас ұрпақ үшін дүбірлі доданың маңызы жоғары екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың «Құттықтауын» жеткізді.

Мұнан соң Халықаралық жекпе-жек конфедерациясының вице-президенті Усман Дигаев, Қазалы ауданының құрметті азаматы Айтбай Көшербаев құттықтау сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ал, облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының спорт жөніндегі орынбасары Асылжан Жаманқұл ҚР мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен даңқты балуан, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыхановтың жеделхатын табыстады.

Айта кетейік, байрақты бәсеке Әйтеке би кентіндегі №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде өтіп жатыр. Халықаралық турнир 1 желтоқсанға дейін жалғасады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<