Байқоңырда VII «Халықтар достығы» қалалық ұлттық мәдениеттер фестивалі өтті.
Фестиваль халықтар арасындағы достықты нығайту, ұлттар мәдениетінің өзіндік ерекшелігін ашу, әртүрлі этностардың көзқарастарына, нанымдарына, рухани және эстетикалық құндылықтарына төзімділікті қалыптастыру мен ұлтаралық байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Шараға Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы өңірлерінен келген өкілдер, қалалық кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдарынан құралған топтар қатысты.
Орталық алаңда өткен ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин қатысып, қала қонақтары мен шараға жиылғандарды құттықтап, жылы лебізін білдірді. Қайрат Нұртай өз сөзінде ұлттық мәдениеттер фестивалі Байқоңыр мен Қызылорда облысында тұратын түрлі этнос өкілдері үшін достық мерекесіне айналғанын атап өтті.
Жиылғандар назарына «Достық шеруі», «Ғасырлар тереңінен» атты ұлттық тағамдардың, «Шеберлер қаласы» атты сәндік-қолданбалы өнер, «Халықтар достығы – халық байлығы» атты бейнелеу шығармашылығының байқау-көрмелері ұсынылды.
Сонымен қатар спорттық ойындарға да кезек берілді. Атап айтқанда, «Достастық» командалық эстафетасы, «Халық ойындары» спорттық жарыстары келушілердің қызығушылығын арттырады. «Достық» дөңгелек биі мен «Байқоңыр – менің қалам» байқауы ынтымақ пен бірлікті паш еткен фестиваль мазмұнын байыта түсті.
Кезекті мәрте өткен дәстүрлі шарада ұлттық тағамдардан, қолөнерден, мәдениет пен руханият туралы кеңінен мағлұмат беріліп, шеберлік сыныптары көрсетілді. онда шеберлер шығармашылық әдіспен жұмыс жасау тәжірибесін бөлісті. Спорттық сайыстарда қатысушы командалар жүлделі орындар үшін белсенділік танытты.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<