Халықтың қолдауына лайық бағдарлама

885

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыз айында халыққа Жолдауы болатыны жайындағы хабарды естігелі осы күнді асыға күткеніміз рас. Міне, бүгін бұған да куә болдық және демімізді ішке тарта отырып, бастан аяқ тыңдадық. Тыңдадық та, риза болдық. Әрине, осы шара болады дегеннен бері әлемжеліде талай сарапшылардың да, қарапайым халықтың да алуан түрлі пікірлерімен таныс болғанбыз. Бүгінгі Жолдаудағы ұсыныстар осы пікірлердің ең өзіктілерін қамтыған, әсіресе Президенттің өзі атаған «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы ең қажетті деген бірсыпыра мәселелерді шешуге бағытталған, халықтың қолдауына лайық бағдарлама болды десек артық айтқандық емес.

Соның ішінде, Президенттен бастап ең жоғары лауазымды мемлекеттік басшылардың партияға мүше болудан тыс болуы жөніндегі, елдегі сайлау жүйесін өзгерту, сайлауға партияға мүше емес азаматтардың да қатыса алуы туралы ұсыныстардың мәні зор деп ойлаймыз. Біздің ойымызша, бұл халықтың осы кезге дейінгі сайлауға деген өкпе-назын біршама тарқатуға септігін тигізері сөзсіз.

Сондай-ақ, сот жүйесін өзгерте отырып, бұл бағыттағы бұрынғы ата-бабаларымыздан қалған мұралардың жақсы жақтарын пайдалану жөніндегі пікіріне, соттардың, тергеу огандарының, полицияның халыққа барынша жақын болуы туралы айтылғандарға қосылмасқа болмайды.

Қазақстанды жаңарту жолындағы ең маңызды жұмыс БАҚ-қа байланысты екені, сондықтан тілшілердің ешкімге тәуелді болмай жұмыс жасауы қажеттігі, бұлардан да басқа бүгіннен бастап алда орындалуға тиісті көптеген мәселелер аталып, ұсыныстар мен тапсырмалар берілді.

Әсіресе, халықты көптен мазалап келе жатырған маңызды мәселе – бұрынғы жойылып кеткен Семей облысын «Абай облысы» деп, Жезқазған облысын «Ұлытау облысы» деп қайта құру және Алматы облысын екіге бөліп, бірін «Жетісу облысы», орталығы –  Талдықорған қаласы, екіншісін «Алматы облысы», орталығы – Қапшағай қаласы ету жөніндегі ұсыныс. Тіпті, Президент Қапшағай қаласының атын «Д.А.Қонаев» деп атауға халық қосылса, өзінің де қолдайтынын білдіруі өте орынды болды.Бұған бүкіл еліміз болып қолдау білдіруміз қажет деп ойлаймын.

Әрине, бұл Бағдарламалық ұсыныстардың бір күнде, бір мезетте орындала қалуы мүмкін емес. Алдымен, Қ.Кемелұлының өзі ескерткеніндей, Заңдарға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілуге тиіс. Оның үстіне, осындай белгілі бір көлемді мерзімді қамтитын іс-шараларға Қазақстан халқы жұдырықтай жұмылып, бір кісідей атсалыспаса, ішкі, сыртқы ойы бұзық жандардың жетегінде кетпей, әркім өзіне лайықты жұмыспен айналысып, нақты нәтижелерге жетуге тырыспаса, Президенттің бұл ұсыныстарының да, «Қазақстанды жаңаша құрудың» да мүмкін емес екені өзінен өзі түсінікті.

Құрметті ағайын, Сіздерді Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың бізге арнаған Жолдауында айтылған ұсыныстар мен тапсырмаларын қабыл алып, оны орындау жолында бірлесе жұмыс жасауға шақырамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, жақсылықтарға жете берейік!

Жеңіс Сәдуақасұлы,

филология ғылымының докторы,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құрметті профессоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<