Халықтың сенімі әрі нәтижелі жұмыс

124

0

Облыс прокуроры қызылордалықтарды әр аптаның сейсенбісінде қабылдайды. Ал орынбасарлары мен басқарма бастықтары тұрғындардың талап-тілегін кестеге сәйкес күн сайын тыңдауға дайын.

Ақпарат құралдарының өкілдерімен, әлеуметтік желі белсенділерімен кездескен облыс прокуроры Ризабек Ожаров қадағалаушы органның есігі қай кезде де ашық екенін атап өтті. Өткен жылы 3 мыңнан астам жеке қабылдау ұйымдастырылса, оның жартысынан көбі прокуратура басшылығына бағытталды. Облыс прокуроры мұны халықтың сенімі әрі нәтижелі жұмыс деп есептейді.

– Осыған дейін біз облыс әкімімен бірге аудан орталықтарында жеке қабылдау өткіздік. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тəртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауындағы «Заң жəне тəртіп» қағидатын жүзеге асыру бағытында «Заң керуені» акциясын жүзеге асырып келеміз. Қызметкерлеріміз әрбір ауылда тұрғындарға заңдық кеңес беріп, құқықтық түсіндіру жұмысын жүргізді, – дейді Ризабек Ожаров.

18 ақпанда кәсіпкерлер мен инвесторлардың өзекті мәселелерін қамту, олардың сұрақтарына жауап беру мақсатында «Инвест Керуен» жобасы басталды. Осыған дейін «Акса Энерджи», «Гежуба Шиелі» сияқты инвесторлармен, Шиелі және Жаңақорған аудандарының кәсіпкерлері диалог алаңында болды.

Қадағалаушы органның бастамасымен өңірде 3 жоба жүзеге асырылуда. «Смарт білезік» жобасы нәтижесінде былтыр қылмыс саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 28 пайызға төмендеді. «IT Тergeu» жобасы аясында жасанды интеллект көмегімен 151 қылмыс ашылып, 62 қылмыскер ұсталды.

– Интернет алаяқтық 52 пайызға, сотқа жолдау көрсеткіші тиісінше 49 пайызға артты. 41 іске қатысы бар 51 дроппердің жеке басы анықталды. Қылмыстың бұл түрі бойынша былтыр 434 млн теңге тергеп-тексеру сатысында өндірілді. Жобаның нәтижесі сол, хабар-ошарсыз кеткен 91 адам тәулік ішінде табылды, – дейді облыс прокуроры.

Ал «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасы бойынша 1,5 тонна есірткі заңсыз айналымнан алынып, 54 есірткі алқабы, есірткіні егіп өсірумен айналысқан 3 фитозертхана анықталды. 2 трансұлттық, сондай-ақ 2022-2023 жылдары голландиялық марихуана өсірумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың 22 белсендісі құрықталды. 2 халықаралық және 7 аймақаралық есірткі тасымалдау арнасының жолы кесілді. Әлеуметтік желілерде синтетикалық есірткі сатуды жарнамалайтын 304 сайт бұғатталды.

– Қылмыспен күресте прокуратура, полиция, жергілікті билік уәкілеттілігі шеңберінде  жұмыс атқаруда. Дегенмен, құқықбұзушылыққа қоғам болып қарсы тұруымыз қажет. Заңсыз істерді әрдайым әшкерелеп, кері кеткен жерлерді түзеуге бәріміз атсалысуымыз керек, – дейді Ризабек Ожаров.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<