Қармақшы ауданы бойынша, яғни барлық елді мекендер мен Байқоңыр қаласын қосқанда аудандық мәслихат депутаттарын сайлау жөнінде 13 сайлау округі бар. Депутаттық корпус 2016 жылдың 25 наурызында жаңадан жасақталып, аудандық мәслихаттың 13 депутаты бүгінде өз қызметтерін атқаруда. Әрбір халық қалаулысының қоғамда өз орны бар, бір сөзбен айтқанда, халықтың мұң-мұқтажы жолында тер төге алатын, қоғамдағы процестердің барлығына қатысушы, жоғарғы билік алдында сол халықтың сөзін сөйлей алатын азамат ретінде елге белгілі тұлғалар. Жалпы атқарушы органдар тарапынан бағдарламаға, жоспарға, іс-қимылға сәйкес атқарылатын жұмыстар депутаттар мен тұрғындар арасында талқыланып, ұсыныстармен нақтыланып отырса, халық пен билік арасында тығыз байланыс күшейе түсетіні белгілі. Аудандық мәслихатта «Экономика, қаржы, бюджет, жергілікті басқару және дағдарысқа қарсы іс-қимыл», «Аймақтық даму, өндіріс және ауыл шаруашылығы салалары, сауда, бизнес кәсіпкерлікті дамыту, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану», «Әлеуметтік, жастар саясаты, құқық қорғау, спорт, туризм және мәдениет» мәселелері жөніндегі комиссиялар жұмыс атқарады.
Тұрақты комиссиялар күн тәртібіне қойылған ең өзекті деген мәселелерді өз отырыстарында қарап, талқылап, тиісті қаулылар қабылдап, олардың орындалуын қадағалап мәслихат сессияларына ұсынып отырады. Тұрақты комиссиялар сессияда қаралатын мәселелерді алдын ала талқылаумен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін және халықтың тұрмыс жағдайларын жақсартуға қажет болатын ауқымды істермен, аудандағы мекемелер мен кент, ауылдық округтерде атқарылған жұмыстарды да назардан тыс қалдырмайды. Шешімі табылатын ең өзекті деген мәселелерді кезекті отырыстарында қарап, талқылаудан өткізіп, тиісті қаулылар қабылдап келеді.
Сайлаушылармен тығыз қарым-қатынас орнатудың, маңызды мәселелерді билік орындарына жеткізудің жолдары көп. Солардың бірі – арнайы жасалған кестеге сәйкес сайлау округтерінде азаматтарды қабылдау және есеп беру Қармақшы аудандық мәслихат депутаттары өздері сайланған округтері бойынша сайлаушылармен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында бұрындары жұртшылықты көбіне жеке басқа қатысты мәселелер толғандырып келген болса, соңғы жылдарда тақырыптың басқа ауанға ойысқаны байқалады. Мұның өзі адамдардың саяси ой жүйесінің артқанын, қоғамдық мәселелерді бейжай қалдырмайтынын білдірсе керек.
Депутаттар ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып, демеушілік көмектерін көрсетіп отырады. Халықаралық балаларды қорғау күні және «Мектепке жол» акциясы аясында 200 мың теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілді. Қарттар мен мүгедектерді қорғау айлығында заттай, ақшалай, азықтай жәрдем жасалады. Әр депутат өз округі бойынша аз қамтылған жандарға, жалғызілікті қарттарға, көпбалалы отбасыларға жемшөп, қысқы отын түсіріп беру көмектерін ұйымдастырады.
Аудан халқының алғысына бөленіп, үнемі ел аузында жүретін халық қалаулылары А.Үсенов, Ж.Тілеғабылова, Ғ.Ұзақбаев, М.Есжанов, Н.Пірмантаев, Т. Ералиев, Е.Рзалиев, А.Қаржаубаев, К.Раева қолдарынан келген көмектен аянып қалмай, әлеуметтік саланың дамуына өз үлестерін қосып жүр. Аудандық мәслихат депутаттары облыстық мәслихат депутаттарымен тығыз байланыста жұмыс атқарып, ауданның әлеуметтік-экономикалық проблемаларына және бюджеттік саясатқа, заңдылық пен құқық тәртібінің нығаюына айтарлықтай көбірек көңіл бөлуде.
Облыстық мәслихаттың сессияларында қаралатын маңызды мәселелерге байланысты құрылатын комиссиялар құрамында да аудандық мәслихат депутаттары белсенділік танытып, біздің ауданға қатысты мәселелердің оң шешімін табуға өз ұсыныстарын айтып, іске асуына ықпал етуде.
Аудандық мәслихаттың, оның депутаттарының атқарар міндеті аз емес. Олардың ең бастылары – атқарушы органдармен бірлесе отырып, ауыл-аймақты дамыту бағдарламасының орындалуына қол жеткізу, жұмыспен қамтуды жетілдіру, ауыз су, жол құрылысы, газдандыру, ауданда кіші және орта кәсіпкерліктің, экология, тағы басқа мәселелердің шешілуіне ықпал жасау. Қандай шешім қабылданса да, оның түпкі нәтижесі – орындалуында, халыққа тигізер пайдасында. Уәкілетті орган елдегі тұрақтылықты, әлеуметтік жағдайды, тұрмыстағы ілгерілеушілікті, шаруашылықты дамытудағы игі қадамдарды бір деңгейде жүргізуді бақылап және соған тиісті деңгейде жетекшілік жасайды. Осы бағытта белсенділік таныту мәслихат депутаттарының құзырын кеңейтіп, жауапкершілігін арттыра түсті. Бұған қоса әрбір депутаттың белсенділігін, олардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін, іскерлігі мен ұйымдастыру қабілеттерінің арта түсуін өмірдің өзі талап етіп отыр.
Аудандық мәслихаттың өткен қазан айындағы кезекті сессиясында аудан әкімінің депутаттар алдында есебі тыңдалып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы және ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнесті қолдау, аудан экономикасын дамытуға бағытталған инвестиция тарту жайлы атқарған жұмыстарына оң баға берілді. Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаттары аудан бюджетін анықтауда ерекше белсенділік көрсетіп қана қоймай, олар өздері сайланған аймақтарындағы елді мекендерде орын алып отырған кезек күттірмейтін, мемлекет тарапынан қолдауды қажет ететін түйінді мәселелердің шешілуіне бюджет қаражатымен қамтамасыз етілуіне қамқорлық жасайды. Бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына, бюджет кірісін арттыру, жоспарлы міндеттердің орындалуын басты назарда ұстап келеді.
Қармақшы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келе жатқан депутаттардың еңбектері орасан. Мәслихат депутаттарының 33 пайызы ауыл шаруашылығы саласының дамуына өз үлестерін қосумен қатар, ерекше белсенділік танытуының нәтижесінде, өткен жыл аудан үшін табысты жыл болды. Ауданымыз ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің қажырлы жұмыстарының арқасында облыста екінші орынды иеленді. Өзін-өзі басқарудың негізгі өкілді органы ретінде мәслихаттардың рөлі бұрынғыдан әлдеқайда күшейіп, олардың құқықтары мен құзырының аясы кеңіді.
Кент, ауыл әкімдері төрт жылға жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланатыны белгілі. Осылайша оларды төте сайлауда халық сайлаған, өз сайлаушыларының көзқарасын назарға алатын аудандық мәслихат депутаттарының таңдаушылары сайлап келді. Мысалы, биыл осындай жолмен Жосалы, Төретам кенттері және Иіркөл, Қуаңдария ауылдық округінің әкімдері сайланды. Ауыл, кент әкімдерінің сайланбалылығын енгізу жергілікті халық үшін жергілікті билік органдарының жұмысын бақылауға нақты мүмкіндік берудің, мемлекеттік басқару жүйесін сапалы түрде өзгертудің тетігі болып табылады.
Сонымен бірге бюджет қатынастарына байланысты терең өзгерістерге ұшыраған, әр аймақтағы әлеуметтік-экономикалық үдерістерді тиімді басқару, оны қазіргі кезеңдегі жаһандық дамудың аясында, заман талаптарына сай қарқынды жүргізудің де жаңа жолдың қажеттігі туындап, 2018 жылға арналған 4-ші деңгейдегі бюджеттер бекітілді.
Депутаттардың сайлаушыларды қабылдаулары кезінде кездесулерде айтылған ұсыныс-пікірлер мәслихатта жинақталып, біразы оң шешімін тауып, орындалуы жолға қойылды. Олардың қатарында сайлаушылардың көбірек көңіл бөліп, шешілуін күтетін аудан орталығындағы көшелерді, елді мекендерді ауыз су, аяқ сумен қамтамасыз ету, газдандыру, кейбір көшелерді асфальттау, жолдарды жөндеу, аудан аумағындағы мал жайылымдарын суландыру жұмыстарының жүйелі жүргізілмеуі, тұрғын үй жағдайлары, тағы басқа толып жатқан әлеуметтік мәселелерді айтуға болады.
Аудандық мәслихат депутаттары атқарушы органдармен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, Елбасы тапсырмаларының, қабылданған бағдарламалардың уақытылы әрі сапалы орындалуына атсалысады және аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмысын жалғастыра береді.
Марат НАЯТҰЛЫ,
Қармақшы аудандық
мәслихатының хатшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<