Лудомания ХХІ ғасыр дертіне айналып отыр. Тіпті мектеп оқушылары да ойынға қатысып, бәс тіге бастады. Мұндай пікірді депутат Ернұр Бейсенбаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжілістің комитет отырысында депутат Ернұр Бейсенбаев лотерея және лотерея қызметі туралы заң жобасын таныстырды.
Қазіргі таңда Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ел қауіпсіздігіне қатер төндіре бастады. Оның басты себебі – құмар ойындарының жұртшылыққа оңай қолжетімді болуы және оны ұйымдастырушылардың интернеттегі сайттарының кеңінен таралуы. Деректерге жүгінсек, соңғы екі жарым жылда еліміздің әрбір бесінші адамы ойын ойнайды екен немесе құмар ойындарына қандай да бір қатысы бар. 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған, – деп айтты депутат.
Оның сөзінше, ажырасулардың 40%-на осы лудомания тікелей себеп болып отыр. Сондай-ақ тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – осы құмар ойынға шалдыққандар. 2022 жылы елімізде 3 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания.
Өкінішке қарай, бұл дерт қазір әскерде де кең етек алған. Бұрын сарбаздар арасында әлімжеттік бар болғанымен, суицид өте сирек кездесетін. Қазір әлімжеттік азайғанымен, сарбаздардың өзіне қол жұмсауы жиілеп кетті. Олардың көбі құмар ойынның шырмауынан шыға алмай, осындай жантүршігерлік қадамға барып жатыр. Сонымен қатар қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екені белгілі болды. Олар бәске тігетін ақша табу үшін алдымен қарыз алады, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады екен, – дейді Ернұр Бейсенбаев.
Депутат атағандай, лудомания ХХІ ғасыр дертіне айналып отыр. Тіпті мектеп оқушылары да ойынға қатысып, бәс тіге бастады. Олардың ересек туыстарының атынан тіркеліп, ойнау фактілері жиілеп кетті.
Мәселен, шамамен еліміздегі әрбір бесінші жас букмекерлік кеңселерде бәс тігеді. Бұл дегеніңіз бір миллионнан астам жас кемінде бірнеше рет құмар ойынға бәс тіккен деген сөз. Бұрын ойын автоматтарымен ойнаса, енді оның барлығы онлайнға көшті. Бала кезінен құмар ойынына үйір болған балалар өсе келе оған біржола тәуелді болып қалуда. Оның соңы қарызға кіруге, суицидке, ажырасуға және маскүнемдікке әкеледі. Ақыр соңында бұл жеке адамның ғана емес, отбасының, бүкіл қоғамның проблемасына айналды, – деп айтты мәжілісмен комитет отырысында.
Бейсенбаевтың айтуына қарағанда, құмар ойынның бұлай етек алып кетуіне оның ешбір тежеусіз жарнамалануы да әсер етіп отыр. Букмекерлік кеңселер жарнамаға қомақты қаражат жұмсап жатыр. Телеарналар, ресми интернет сайттар, Youtube арналары, Тik-Tok, Instagram, Telegram сияқты әлеуметтік желілерде букмекерлік кеңселердің жарнамасы толып жүр.
Сонымен қатар кейбір қоғамдық пікір көшбасшылары, белгілі блогерлер, медиа жұлдыздар да осы зиянды құбылысты жарнамалап жүр.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<