Химиялық өңдеу – өсімдік қорғаны

772

0

Биыл облыс көлемінде зиянды организмдерге қарсы фитосанитариялық іс-шараларды тиімді жүргізу мақсатында, аумақтық инспекциямен бірлескен жұмыс жоспары бекітілді.

Жоспар аясында «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» облыстық филиалы мен ауыл шаруашылығы құрылымдары ұсынған болжамдарға сәйкес 46728 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде егіншілік және тұқым шаруашылығы бөлімінің басшысы Жүсіпбек Әжібеков айтты.

– Осы жылы «Ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянды организмдеріне қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар» бағдарламасы аясында бюджеттен 107406 мың теңге қаралды. Аталған қаржы 31966 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалады. Қазір зиянды организмдерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жеңіп алған әлеуетті өнім беруші «Авиакомпания» Дельта-Юг» ЖШС химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін болады, – деді ол.

Ал қалған 14762 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен қосымша 49600 теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда жеңімпаз атанған «Авиакомпания» Дельта-ЮГ ЖШС-мен келісім-шарт жасалуда.

– Биылғы жылы саяқ шегіртке зиянкесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге компания тарапынан 6 жерүсті вентиляторлық бүріккіштер және әуе кемелері қамтылды, – деді Дельта ЮГ ЖШС өкілі Мұрат Артықов.

«Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» облыстық филиалының сигналды хабарламасына сәйкес, облыстың барлық аймағында саяқ шегіртке зиянкестерінің  шығу белгілері анықталып, химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі күнге дейін 156,1 мың гектар алқаптың  134,5 мың гектарына зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 32,7 мың гектарына өңдеу жасалды. Саяқ шегіртке зиянкесіне қарсы химиялық тазарту жұмыстары күнделікті бақылауға алынды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<