«Хиуаз, ұлы дала қыранысың»

4595

0

Халық Қаһарманы Мәскеуде ұлықталды

Жақында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі және «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдайтын «Астана» қорының» ұйымдастыруымен Мәскеуде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, әнші, композитор Сәуле Жанпейісованың «Ер есімі – ел есінде» атты авторлық әндер кеші өтті. Елдік пен патриотизмге толы шараның басты мақсаты – Халық Қаһарманы, қазақтың аты аңызға айналған тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованың ерлігін ұлықтау.

«Хиуаз» – ерекше толғаныстан туған ән»

Авторлық әндер кешіне жиналған көрерменнің қарасы қалың болды. Олардың басым бөлігі – кезінде түрлі жағдайлармен Ресейге қоныс аударған, тағдыр талайымен сол жақта қалған қазақтар. Мәскеуде білім алып жүрген қазақстандық жастар да осы кештің басы-қасынан табылды. Көрші елде тұрып жатқан қырғыз, өзбек, татар, қарақалпақ секілді ұлт өкілдері де концертті тамашалады.

Сахна шымылдығын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Бейбіт күн тілегі» әнімен ашқан Сәуле Стаханшылқызы осынау кештің маңызы ерекше екендігіне тоқталды:

– Қан майданда қаншама тағдыр қиылды, қанша адамға туған жерінен топырақ бұйырмады. Біз бейбіт күнді мәңгілікке қанымен, жанымен сыйлап кеткен, Жеңіс күнін жақындатқан, қаратүнек фашизмге қарсы жан аямай күрескен әрбір жауынгерге қарыздармыз. Мәскеу төріндегі бүгінгі кеш – сол батыр бабаларымызға арналған тағзым кеші болмақ, – деді әнші, композитор.

Бұдан соң экраннан көрермендерге Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова туралы шағын бейнефильм көрсетіліп, даңқты ұшқыштың құрметіне арналған Сәуле Жанпейісованың «Хиуаз» әнінің тұсауы кесілді. Осы әннің сөзін жазған БАҚ саласындағы «Үркер» Ұлттық сыйлығының иегері, ақын Нұрсұлтан Мықтыбай кешке арнайы қатысып қана қоймай, сол кешті жүргізді. Әнді Хиуаз Қайырқызының жерлесі әрі композитордың шәкірті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 4-курс студенті, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының солисі Шыңғыс Нұрғалиұлы орындады.

– Адамзат баласына Ұлы Отан соғысы әкелген қайғыны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мыңдаған боздақтарымыздың ерлігі ескерілмек түгілі, көбісі майдан даласынан оралмай, із-түзсіз кетті. Осындай есімі мен ерлігі ескерілмей келген батырлардың арасында сұрапыл соғыс жылдарында әскери ұшақпен жауға қырғидай тиіп, Отан үшін от кешкен, қайсар қазақ қызы Хиуаз Доспанова да бар. Ол – жаулары «түнгі мыстан» атап кеткен, әуе шайқасында 300 рет болып, ұшақтан 14 рет құлап, төрт мәрте ауыр жарақат алғанына қарамастан, есін жиысымен ұрыс даласына қайта оралып отырған, әйгілі Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық ұшқыштар полкінде түнгі бомбалаушы – штурман қызметін атқарған халқымыздың даңқты қаһарман қызы. Қан майданда жаумен алысып, талай мәрте өлім аузынан аман қалған Хиуаз апамызға арналған ән осыдан екі жыл бұрын 100 жылдық мерейтойына орай шыққан болатын. Бірақ, халыққа ұсынудың сәті бүгін түсіп отыр, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

– Бір өкініштісі, соғыстан ІІ топ мүгедегі болып оралған батыр анамыз Хиуаз Қайырқызының есімі көпке дейін ұмытылып, оның ерлігі еленбей келді, – дейді әннің сөзін жазған Нұрсұлтан, – Тек атақты жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әзілхан Нұршайықов ағамыздың арқасында ғана тарихи әділдік қалпына келіп, Мәскеу тарапы қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыздың ерлігін мойындай бастады.

Хиуаз Қайырқызы соғыстан мүгедек болып оралса да, елге келгеннен кейін мемлекеттік маңызды қызметтерді атқарды. Ер азаматтармен иық тірестіре жүріп, көптеген тарихи маңызы бар еңселі ғимараттардың құрылысына араласты, сан алуан игі жұмыстардың ортасынан табылды. «Абай» операсы мен «Шоқан Уәлиханов» драмасын сахналауға мұрындық болғанының өзі – оның елін сүйген ерекше жан болғандығын көрсетеді.

«Соғыстың қиындығын айтып тауысу мүмкін емес. Ойласам, түнімен кірпік ілмеймін, жаным түршігеді, ешкімге тілемеймін» депті бір сұхбатында қазақтың қайсар ұшқыш қызы. Міне, қаһарман жанның өмір өнегесі Мәскеу төрінде тұсауы кесілген «Хиуаз» әніне өзек болып, көрермен тік тұрып құрмет көрсетті.

«Мәскеудегі қазақ жастары ұйымшыл»

Жезтаңдай әнші аталған кеште халық әндері, Абай, Мұхит, Ғарифолла шығармаларынан бөлек, Пушкин мен Есениннің «Татьянаның хаты», «Онегиннің өлердегі сөзі», «Қара шәлі» секілді өзі әнін жазған атақты туындыларды орындап, орыс, қырғыз, ноғай тілдерінде ән шырқады. Мәскеулік көрермендер «Жан әке», «Фариза – жыр биік», «Көк нөсер», «Тұғыр» секілді авторлық әндерін жылы қабылдап, қошемет танытты. Сондай-ақ Ресейде тұратын Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Татьяна Полтавская, сазгердің шәкірті Шыңғыс Нұрғалиұлы, және сонда білім алып жатқан Гүлнар Құспақова, Гүлбану Мұратова, Динара Сейтешева, Гүлсәуле Үділбекова, Ақбермет Айнақұлова, Гүлжанар Бимұғамбетова, Еркін Саяжан, Асхат Оралбеков, Абзал Тастанбек, Айжамал Асқарова өнер көрсетіп, ән мен биден шашу шашты.

– Мәскеудегі қазақ жастары ұйымшыл. Қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін кеңінен насихаттап, Наурыз, Ұлттық домбыра күні секілді мерекелерді ерекше атап өтеді екен. Бірі күй тартады, бірі ән айтса, енді бірі би билейді. Бұл үшін оларға ақы төленбейді. Бірақ, «қазақ» екендіктерін бәрінен жоғары қояды, – дейді Н. Мықтыбай.

Айтпақшы, Мәскеу төріндегі шарада атыраулық суретші, дизайнер Камила Жапалованың Хиуаз Доспановаға арнап салған портретінің тұсауы кесіліп, жиналған қауымға кеңінен таныстырылды. Осы шараға Қызылорда қаласынан арнайы барған «Торғай-Петролеум» АҚ бас директоры Дәурен Әбілқайыров суретшіге қолдау көрсетіп, «Хиуаз апамыздың бейнесі еліміздің маңдайалды музейлерінің бірінде тұруы керек» деген пікірін білдірді.

Мәскеуде өткен іс-шараға облыстық мәслихат депутаты Гүлшат Мұсаева да қатысып, ерлікті, елдікті дәріптеу тұрғысында ой-пікірін бөлісті.

Айдын ӘБДІХАЛЫҚ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<