Холл хақындағы хикаялар

938

0

Қазақ елу жылда ел жаңа деп, басынан өткесін айтады екен. Осыдан 40-50 жыл бұрын салған үйлерін бұзып, жерін биіктетіп, жаңа үй салу үрдіске айналды. Бұл, әрине халықтың тұрмыс деңгейінің жақсарғанын білдіреді.

Кеңес заманында үй салу бір қиын шаруа еді, қазіргідей қаптаған құрылыс материалдарын сататын дүкендер жоқтың қасы, болса да тек шеге мен қарақағаз, ошақ қақпақтары мен шілтерінен басқа ешнәрсе жоқ еді. Құрылысқа қажетті материалдардың барлығын құрылыс нысандарын салып жатқан жерден алатын едік. Еден тақтайлары мен бөренелерді аудан орталығының шет жағында орналасқан, совхоздардың шаруашылық қоймасынын бағасына келісіп алатынбыз.

Әсіресе бесінші квартал атанып кеткен аймақ трассаға жақын болғандықтан, сол жаққа Байқоңыр қаласынан түнде әскерилер құрылыс материиалдарын жасырын сатып кететін. Ол жақтағылар да әдісін алып, үйлеріне жәшіктеп арақ алып қойып, мүлдем арзанға түсіріп алатын. Сосын біздерге қымбат бағамен сататын. Ал үй салып, шатырын жабарда аудандық атқару комитетінің төрағасына өтініш жазып барасың. Ол өтінішке қол қойған соң, тұтынушылар одағына барып ақшасын төлеп, заңды түрде алатын осы шифер ғана еді. Бүгінгі әңгімеміз қазіргі заманда салып жатқан үйлердегі холл туралы болмақ.

Бірде құдамның үйіндегі бас қосуда жасы 80-нен асқан, қадірлі қарияның мына сөзі ой тастады: «Бірде ағайынның баласы үйленгенде, қызға құда түсіп бардық. Үлкендер жағын дастархан жайып қойған холлға орналастырды. Құдалармен таныстырып болғасын, әңгімеміз енді жараса бастағанда, холлдың төрінде есігі ашық тұрған екі залға қарай шәй мен тамақ тасыған келіндер мен жас жігіттер ара-бері қатынап мазамызды ала бастады. Сол кезде басқарып жүрген құданың інісіне: «Біз үлкен болған соң ана екі залдың біріне бізді жайламадыңдар ма?» дедім. Құдамыз: «Бұл үлкен холл ғой» деп ақталып сөйледі.

Бұрын үй салғанда жобасын сызып, бөлменің үстінен бөлмеге қатынамайтындай етіп, есікті әр бөлмеге бөлек шығаратын. Бірінші кезекте қонақтың мазасын алмауды ойлайтын. Үйдің бұл жобасы архитектураның классикалық үлгісіне жатады, яғни, жылдар бойы сұрыпталған жайлы түрі.

Қазіргі уақытта үй салғанда холл салу, оны безендіру бәсекеге айналды. Жаңа үйге қоныс тойын жасағанда холлдың үлкендігін айтып мақтанатын болды. Кейде холлдың көлемі залдан екі есе үлкен болып шығып, мен танитын ерлі-зайыптылар әлі күнге дейін ренжісіп жүргендерін де білемін. Ал, бір мекеме басшысы жаңа үй салғанда холлды өте үлкен қылып салып жібергендіктен, бір жылдан кейін бұзып, қайта салды.

Қазақ бұл холлға неге құштар болды, неге сәнге айналды дегенде, күнделікті үнді сериалдарының әсері болып отыр деп айта аламын. Мысалы, «Астана» телеарнасынан күнделікті көрсетілген үндінің «Абысындар» көбік сериалының бар оқиғасы осы холлда өтіп жатады.

Холл ағылшынның «hall» деген сөзі. Ал, архитектуралық анықтамада холл – театрға кіре берістегі, қойылым басталғанша күтетін зал делінген. Холлдың қазақшасы – кіре берістегі дәліз. Осы дәлізде қонақ күту ақылға қонбайды. «Конгресс – Холл»  деп аталатын арнаулы ғимарат та бар. Онда концерт пен түрлі іс-шаралар өткізіледі.

Орта ғасырларда англо-саксондық ақсүйектер өз әулетінің байлығын көрсету үшін, осы холлды салуды сәнге айналдырды. Холлда екінші қабатқа екі жақтан көтерілетін салтаннаты басқыш және бөлме санын көрсету үшін есіктер де осы холлдан шығарылған. Үндістан 1947 жылға дейін ағылшындардың отары болғандықтан, сол кезде салынған ғимараттар холлында қазіргі үнді сериалдары түсіріліп жүр.

Жалпы қазақ халқының басқа халықтарға еліктегіш екендігін мойындау керек. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында салынған Қазалыдағы үйлердің шатырын қытайдың будда храмына ұқсатып жапты. Сырт жағынан сиыр фермадағы қораға ұқсағандықтан, қазалылықтар оны «коровник» деп атап кетті. Кейін осы коровниктер көзге ерсі көрінгендіктен, үй иелері шатырын бұзып, «конверт» қылып қайта жапты.

Біреудің қаңсығы, біреуге таңсық дегендей, қазір үйдің үштен бір бөлігін алып жатқан холлы бар үйлер де 15-20 жылдан соң ерсі көрініп, қайта бұзылып, жаңадан салына бастайды. Әзірше холл қазіргі кезде сән болып тұр. Орыс халқы мұндайды «мода меняется или пройдет» деп босқа айтпайды.

Осыдан 5-жыл бұрын балам ескі үйді бұзып, қайта салғанда, осы холл деген бәлені ұнатпайтынымызды айттық. Әке-шешесінің айтқаның қылып, үлкен холл орнына немерелерімізге арналған екі бөлме салғанына қуандық.

Бақытжан Абдул-Түменбаев,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<