«Хронобиология: біз неге тіріміз»: Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

1017

0

Әлеуметтік желіде экологиялық тақырыпта пайдалы жазбаларымен, қоғам ісінде айрықша белсенділігімен танымал, кәсіпкер, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, Халықаралық Табиғи уақыт қолдаушылар Альянсының Қазақстандағы өкілі  Болат Нұрхожаевтың танымдық, ғылыми-көпшілік бұл кітабы адам өмірі үшін аса маңызды жас ғылым хронобиология жайында қазақ тілінде құнды ақпарат беретін алғашқы жинақ ретінде құнды.

Кітап авторы Болат Жолтайұлы 1966 жылы туған. Қызылорда политехникумын, Астана Инженерлік-техникалық академиясын құрылысшы, эксперт бағалаушы мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Арал Кеме жөндеу зауытында жұмысшы, шебер болып  бастаған. 1990 жылдардан  бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысады. 

2018 жылдан Қызылорда облысы уақытын қайтару қаулысының қабылдануы, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Уақыт өлшемін түбегейлі реттеу ведомствоаралық жұмыс тобының бастамашысы, мүшесі. Экология министрлігі, Бас прокуратура, облыс, қала әкімі медальдары мен құрмет грамоталары, алғыс хаттармен марапатталған.

2022 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ғылыми зерттеу университетінде хронобиология мамандығы бойынша оқып, сертификатын алған.

Болат Нұрхожаев – облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, Экология комиссиясының төрағасы, облыстық кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлер құқын қорғау кеңесінің төрағасы, Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі. Халықаралық Табиғи уақыт қолдаушылар Альянсының Қазақстандағы өкілі. Отбасылы, 7 бала тәрбиелеп өсірген әке, немерелер сүйіп отырған ата.

Кітап мазмұнын қамтыған табиғи уақыт пен адамның биологиялық ырғағының сәйкестігі, сағаттық белдеулер, уақыт өлшемдері, ұйқы режимі, хроноцид пен десинхроноз, т.б. мәселелер оқырманды ойландырады.

«Туған сәттен бастап біз ғаламдық, яғни табиғи ырғақ әсерімен қалыптасып өмір сүреміз. Сондықтан кездейсоқтық ойыншығы болмас үшін табиғи ырғақпен сәйкестікті сақтауымыз қажет. Мұны түсінуге, білуге бұл кітаптың көмегі зор болады деп санаймын» деп баға береді Қазақ Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Биофизика және биомедицина кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Төлеуханов.

«Б.Ж.Нұрхожаев – еліміздегі әкімшілік және табиғи уақыт белдеуінің тұрғындар денсаулығына әсері аясында көтеріліп отыратын көптеген мәселелердің басы-қасында белсенділік танытып жүрген тұлға. Атап айтсақ, Қызылорда, Қостанай, облыстары бойынша сағаттық белдеу мәселелерін шешу мақсатында құрылған ҚР Үкіметінің жұмыс тобының белсенді мүшесі. Бұл еңбегі – осы бағытта атқарылған қажырлы еңбегінің жемісі деп айтуға болады» дейді Генетика және физиология институтының жетекші ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты  Асқар Қалекешов.

Ғалымдар жоғары баға берген бұл кітап кітапхана сөресінде емес қолдан қолға көшіп жүретін пайдалы еңбек боларына сенеміз.

Кітап «ASU баспа үйінен» жарық көрген.

Тұсаукесер рәсіміне Қорқыт ата университетінің ғалымдары, облыстық денсаулық сақтау, білім беру саласының мамандары, магистранттар мен докторанттар,  қоғам белсенділері, журналистер қатысты.

Автор «Хронобиология: біз неге тіріміз» кітабы жайында шағын баяндама жасады. Кітаптың тұсаукесер рәсімінен соң қоғам қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қордың директоры Сәпен Аңсатов, «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожа, «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы Сәдуақас Аңсатов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Майнұр Бөрібаева, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов  арнайы сөз сөйледі.

«Мен өзім адамның биологиялық ырғағы деген тақырыпқа оқушы кезімнен қызығатындықтан бұл кітаптың оқырман үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсініп отырмын. Мұндай ғылыми-танымдық кітаптың қазақ тілінде жарық көруі де үлкен қуаныш. Әрі қарайғы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Автордан бастап осы кітаптың шығуына атсалысқан барлық азаматтарға алғысымды білдіремін» деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, медицина ғылымдарының докторы Жангелді Шайымбетов.

– Бұл кітапты оқып қоя салу аздық етеді. Бұл кітапта жазылған негізгі қағидаларды біздің күнделікті өмір салтымызға айналдыруымыз керек, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов .

Бұдан соң да аталған кітап және автор туралы өз еркімен шығып сөйлеушілер болды. Тұсаукесер соңында автор қатысушылардың бірқатар сұрақтарына жауап берді.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне арналған жиынды филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Нұрмаханов жүргізді.

Алдағы уақытта кітаптың таныстырылымы облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Қызылорда медициналық жоғары колледжінде өткізіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<