Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясының барша қазақстандықтардың көңілінен шығып, көкейіне қонып, белсенді түрде қолдау табу себебі бар. Бұл қоршаған ортаның, айналаңның, ауыл-аулаңның, қысқасы, жалпы табиғаттың тазалығы туралы әрбіріміздің санамызға сүбелі ой салған бағдарлама болды. Себебі, табиғат – береке-байлығың, тіршіліктің, денсаулық, игілігіңнің қайнар көзі.
Оның үстіне қоршаған ортаның экологиялық ахуалын сауықтыру және ластанудан сақтау мәселесі тек бүгінгі күннің тақырыбы емес. Ықылым заманнан бері шешімін таппай кейінге шегеріліп келген, ал қазір ең өзекті мәселеге айналған. Тек біздің ел үшін емес, әлемдік тақырып болып отыр. Иә, қоршаған орта қамқорлық күткелі қашан.
Халық қашанда игілікті бастамаға алғаусыз үн қосатын дәстүрінен бұл жолы да жаңылған жоқ.
Ұлтты рухани тамырынан нәр алуға үндейтін, ел мұратымен ұласып, ұштасып жатқан көшбасшы бағдарламаны жүзеге асыруға салиқалы үлес қосу – баршамыздың азаматтық парызымыз. Замана, уақыт талабына сай болашаққа бағдар көрсеткен бастаманы барша ел болып қолдап, жүзеге асыруымыз керек деп ойлаймын.
Біздің ұлтымызда дара, баға жетпес рухани мұралар, әлемге мақтанышпен айта да, көрсете де алатын ізгілікке толы тарихи-мәдени құндылықтар жетіп-артылады. Бабаларымыз негізгі ұлттық коды – қан тазалығын қатаң қадалаған болса, табиғат тазалығына да өте мән берген. Еліміздің келешегіне темірқазық бола алатын «Таза Қазақстан» бағдарламасында туған жер табиғатының тазалығын сақтау ұлттық құндылықтарымыздың бірі екені айтылған.
Халқымыздың ешкімге ұқсамайтын далалық өркениетті салты, мейірбандығы, қамқорлығы, қарапайымдығы, шешендігі, қиындық аласапыран тұстардағы ерен ерлігі мен төзімі, тіпті, ән әуездерінің байсалдылығы мен диапазонының кеңдігі жерге деген сүйіспеншілігі, қоршаған орта тазалығына ерекше мән беретіні, экологиялық өмір салтын бұлжытпай ұстап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырғаны айта берсе таусылмастай әңгіме.
Менің атам «Табиғат – Тәңір перзенті. Перзентіне қиянат жасау еш пенденің қолынан келмес еді. Қамқоршы қайда қазағым саған, өзіңді туған даладай. Саяла оны, аяла оны, қанаңнан шыққан баладай» деп отыратын. Бұл барша қазақтың мәңгі ұстанымы болатын. Ғасырлар бойы туған жерінің табиғатын көзінің қарашығындай сақтап, оның байлығын ретімен, үнемді пайдаланып, Табиғат-ананы қастерлеп, оны ұрпағының бойына осылайша сіңіріп келген.
Оқымай-ақ ғұлама болған біздің бабаларымыз, о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін, ұшса құстың қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы тозатын ұлан-ғайыр, асты да, үсті де қазынаға толы даласының байлығына, табиғатқа ойлы көзбен қарап, шөбін де еппен шапқан, ағашты орынсыз кеспеген, аққуды атпаған, құланды киелі аңға санаған, қарлығашын аялап, қыз баласына Қарлығаш деп ат берген, жыланды ақ құйып қана шығарған, дала толы киікті қорғаған.
Қорыта айтқанда, Президент сөздің жүйесін айтты. Енді оны жүзеге асыру – зиялы қауымның, барша тұрғындардың абыройлы міндеті. Бұл шаруа көп қаражат та талап етпейді, тек қана Жер-анамызға адамгершілік көзқараспен, аяушылық сезіммен қарау жеткілікті.
Біздің аймақта да айналаны көркейтіп, көгалдандыру бағытында көңіл қуантарлық көптеген шара жүзеге асырылуда. Көш түзелді, бағыт айқын. Игі бастамаға барынша қолдау көрсетейік, ағайын.
«Адамдардың табиғатсыз күні жоқ. Оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» екенін түсінетін күн келді. Жақында «Табиғаттағының бәрі ақиқат, бәрі заңды, бәрі орынды, бәрі шындық. Ал адасу мен жаңылысу тек қана адамдарда болады» деген сөз оқыдым. Қыранды қиясынан, қарлығашты ұясынан бездірмеу үшін барын салған бабалардың ұрпағымыз ғой, табиғатқа, қоршаған ортаға қорған болайық.
Оразбай ҚОСАНОВ,
Қызылорда қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<