Сыр өңірі үшін былтыр табысты жыл болды. Облыста экономиканың дамуын айқындайтын негізгі макрокөрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасты. Осындай оң өзгерістер өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі, пайдалануға берілген тұрғын үйлер және жалпы сауда көлемі бойынша байқалды.
Экономиканы әртараптандыру мақсатында былтыр құны 37 млрд теңге болатын 21 инвестициялық жоба жүзеге асты. Биыл 288,6 млрд теңгені құрайтын 33 жоба іске асады деп жоспарланып отыр.
Бұл жөнінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов мәлім етті. Оның айтуынша, Қазақстан-Германия, Қазақстан-Корея форумдары аясында қол қойылған меморандумдарға сәйкес биыл «Хорн» неміс технологиясы бойынша жылына шыны бөтелкесін шығаратын, кореялық «Уиз-Ю» компаниясымен тұрмыстық қалдықтар өңдейтін зауыттардың құрылысы басталады. Ал «Қызылорда Саз-М» серіктестігі заманауи кірпіш шығаратын зауыттың құрылысын биыл аяқтайды. Оған қоса «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қолдауымен «Qazaq Camel» серіктестігінің жылына 392 тонна түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару жұмысын жүзеге асырады. Ал «Ayna Glass» серіктестігі жылына 720 мың шаршы метр айна шығаратын өндіріс көзін ашуды жоспарлап отыр.
– Облыстағы жақсы жағдайдағы жолдың үлесі былтыр 92 пайызға жетті. Биыл ол көрсеткіш 95 пайызға ұлғаяды. Бүгінде облыс халқының 98,6 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылса, биыл аталған көрсеткіш толықтай орындалады.
Газбен қамту қазір 78 пайызды құраса, жыл аяғына дейін 82 пайызға жеткізу межеленіп отыр. Былтыр облыс көлемінде бюджет есебінен 504 пәтерді құрайтын 6 тұрғын үй пайдалануға берілді. Одан бөлек тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтар үшін 1948 пәтер табысталды. Баспанасы апатты деп танылған азаматтарға 121 пәтер берілді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 2024 жылы 11,2 млрд теңге бөлініп, 39 ауылда 71 жоба жүзеге асырылды. Атап өтерлігі, өткен жылы облыс бюджеті 750 млрд теңгеден асты. Оның 55 пайызы әлеуметтік салаға бағытталды, – деді Данияр Еренғалиұлы.
Биылдан бастап мемлекеттік сатып алу туралы заңға енгізілген өзгерістер сатып алу процесінің ашықтығын арттыруға, тиімділігін жоғарылатуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған.
– Конкурстарды өткізу мерзімі 45 күнтізбелік күннен 10 жұмыс күнге азайды. Жергілікті мердігерлерге басымдық беру тәртібі қайта қаралып, облыс аумағында тіркелген мердігерлерге берілетін жеңілдік көлемі 1-ден 2%-ға дейін ұлғайды. Өзгертілген жаңа заңда мердігерлер үшін шектеулер күшейтілді. Қосалқы мердігерге берілетін жұмыстардың көлемі 50-ден 30 пайызға төмендетілді, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 27 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген.
– Жергілікті бюджет есебінен Жаңақорған ауданы «Төменарық» ауылында дәрігерлік амбулаториямен қоса 15 төсектік ауылдық аурухана, Арал ауданы «Сексеуіл» кентінде 40 төсек – орынға арналған ауылдық аурухана іске қосылды. Ал Шиелі және Арал аудандарында 30 төсектік инфекциялық бөлімшелер құрылысы және Жаңақорған, Шиеліде көпбейінді аурухананың қосымша құрылысы басталды, – деді ол.
Айта кетсек, облыс орталығында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. «Қамқорлық» оңалту орталығы биыл сәуір айында Арал ауданында ашылады.
Өңірдегі білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласында да ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Бұл санатта былтыр 69 нысан салынып, пайдалануға берілді. Биыл 30 нысанның құрылысы жүргізіліп, оның 27-сі жыл ішінде елдің игілігіне табысталмақ.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





