Мұнан бұрын хабарлағанымыздай, осы аптаның сәрсенбісінде еліміз бойынша «Алдын ал. Сақтан. Егіл!» ұранымен иммундау апталығы басталды. 24-30 сәуір аралығын қамтитын шара аясында ҚР Ұлттық алдын ала егу кестесіне сәйкес тиісті профилактикалық екпелерді уақытылы алмаған азаматтар егіледі. Мақсат – иммундау арқылы барлық жастағы адамдарды сырқаттан қорғау, аурудың алдын алу.
Облыс орталығындағы ірі медициналық мекеменің бірі – №3 қалалық емханада иммундау апталығы салтанатты түрде ашылды.
Айта кету керек, емханаға 60 000-нан астам тұрғын қаралады. Оның 20 мыңнан астамы бала. Биылдың өзінде балалардың 96 проценті екпемен қамтылған.
Шара барысында мамандар тұрғындарға вакцинаның маңызы туралы түсіндіріп, көпшілікті апталыққа белсене қатысуға шақырды. Сонымен бірге бала болашағына немқұрайлы қарамай, уақытылы екпе жасататын ата-аналардың бірқатары емхана атынан арнайы дайындалған сыйлықтармен марапатталды. Емхананың өнерлі қызметкерлері ән-жырдан шашу шашса, мың бұралған бишілер ортаны қыздырды. Ал жастар жағы флешмоб ұйымдастырып, келушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Жалпы, екпе егу – адамзатты жұқпалы аурулардан қорғау және алдын алу бойынша ең тиімді іс-шаралардың бірі. Вакцинациялаудың нәтижесінде соңғы 15 жылда облыста дифтерия, полиомелит, сіреспе, көкжөтел аурулары тіркелмеген, А және В вирусты гепатиттерінің, қызамық пен эпидемиялық паротит ауруларының аурушаңдық көрсеткіші едәуір төмендеген.
Айнұр БАТТАЛОВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<