Бүгін баспасөз орталығында өткен брифингте Ақсуат ауылдық округінің әкімі Нұрболат Бақытов 2023 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді баяндады.
– Өткен жылы ауылдық округтің инфрақұрылымын дамыту мақсатында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Соның бірі, ауылдық округтегі ең өзекті мәселенің бірі өз шешімін тапты. Яғни, елдімекен табиғи газбен қамтамасыз етілді, – деді ауылдық округ әкімі Нұрболат Бақытұлы.
Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» жобасы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферт есебінен ауылдық округтегі 8 көшеге асфальт төселіп, 1 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды және 3 көшеге түнгі жарық бағаналары орнатылды. Сондай-ақ, №12 бағыттағы автокөліктер үлкен сыйымдылықтағы жаңа автокөліктермен толықтырылды, биыл №2-ші бағыттағы қоғамдық көліктер жаңа автокөліктермен қамтылды.
Бұдан бөлек, «Samruk – Kazyna Trust» корпоративтік қоры тарапынан ауыл орталығынан спорт кешені және демеушілердің қаражаты есебінен 1 спорт ойын алаңы пайдалануға берілді.
Мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жасап жатқан қолдауының арқасында ауылдық округ бойынша 541 кәсіпкерлік субъекті жұмыс істеуде, оның 185 кәсіпкерлік субьектісі 2023 жылы тіркелген. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамытудың түрлі мемлекеттік бағдарламалары аясында ұсынылған 44 жоба мақұлданып, 278,5 млн. теңгеге қаржыландырылды.
– Енді, биыл атқарылатын жұмыстарға тоқталсақ. Тұрғындардың сұранысына сәйкес жаңадан қоныстанған аумақтағы 32 көшеге электр желілері тартылады, сондай-ақ осы аумаққа ойын алаңы салынады. Ал, округтегі 6 көшеге күрделі жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2 көшеге түнгі жарық бағаналары орнатылатын болады, – деп қорытындылады Нұрболат Бақытұлы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<