Шиелі ауданы – облысымызда ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі қатар өркендеп келе жатқан өңір. Өзіндік ерекшеліктерге ие. Аудан орталығы Шиелі кентінен теміржол және автомобиль жолының жақын өтетіндігі, қарт Қаратау мен Сыр өзенінің жақындығы да өңірдің табиғи ресурстарын молайта түсетіндігі түсінікті. Сондай-ақ, аудан орталығына ауылдық округтер мен елді мекендердің таяу орналасуы, сауда-саттыққа, басқа да орта және шағын кәсіпкерліктерді өрістетуге жол ашып келеді. Осында мекен ететін тұрғындар базарлы қатынасқа ерте бейімделіп, өз кәсібін өрістете түсуімен тұрмыстық жағдайын да жақсартып отыр.
Міне, осындай жағымды себептерден аудан халқының саны арта түсуде. Сырттан көшіп келіп, мұнда орнығушылар қатары да жылдан жылға молайып келеді. Халық санының өсуіне байланысты соңғы жылдарда бірнеше шағын аудандар бой көтере бастады. Соның бірі ретінде ел аузында «9 этаж» аталатын кеңестік кезеңнен қалған көпқабатты үй маңында тұрғындар саны артқан. Осы жерге жаңа қоныстанушылар тарапынан ауыз су, электр желісі, жолға қатысты өтініштер айтылып жүрді. Өйткені, тұрғындарға жер берілген кезде инфрақұрылым мәселесі әлі жүзеге асырылмаған еді, кейіннен біртіндеп атқарыла бастағанымен, әлі толық қамтыла қоймағандығы да рас. Сондықтан осы маңға қоныс тебе бастаған үш жүзге тарта жаңа үйлердің шет жақтағылары электр жарығы, ауыз су, жол жағдайына алаңдаушылықтарын білдірісіп жатады.
– Жалпы жоспарға сай және де тұрғындар өтініштері назарға алынып, бүгінгі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Шиелі кентіндегі «Шұғыла-2», «Шұғыла-3», «Шығыс-4» шағын аудандарында 572 үй ауласының шекарасына дейін ауыз су құбырлары жүргізілуде. Маусым айында басталған құрылыстың жобалық құны 500,64 млн теңге. Бас мердігері «Алтын Айдарлы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, – дейді аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпаров. Сондай-ақ, Шиелі кентіндегі «Шұғыла-2», «Шұғыла-3», «Шығыс-4» шағын аудандарын электрмен жабдықтау бойынша жоба-сметалық құжаттамалары әзірленіп, құрылыс-монтаж жұмыстары ішінара жүзеге асырылуда. Аталған шағын аудандарға тас жол (34 шақырымнан астам) салу да іске асады.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Шиелі ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<