Инновациялық идеялар фестиваліне қатысушылар көбеюде

801

0

Облыста 17-18 желтоқсан күндері облыс әкімінің қолдауымен инновациялық идеяларды қолдауға арналған «InnoFest» Qyzylorda фестивалі өтеді. Бұл фестиваль жаңа перспективалы инновациялық IT жобаларды анықтауға, жаңа жоба жасауға идеясы бар, бірақ оны жүзеге асыруға ресурстары жеткіліксіз қатысушыларға үлкен мүмкіндік болмақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла хабарлады.

– «InnoFest» Qyzylorda жобасы – «SmartCity», «Контент&Медиа», «Кино&Видео» бағыттары бойынша инновациялық жобаларды жасауды мақсат ететін іс-шара. Фестиваль форматы бойынша бір тәулік ішінде командалық жұмыспен үздік жобаларды ұсынғандарға іріктеу жүргізіледі. Фестивальдің жүлде қоры – 3 млн теңге. Сондай-ақ, үздік жобаларды таныстырған оқушыларға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті және Болашақ университеті ректорының білім гранттары табысталатын болады, – деді Сәбит Ибадулла.

– Өңірімізде инновациялық жобаларды қолдау мақсатында жыл сайын ауқымды жобалар өткізіліп отырады. Соның бірі – «InnoFest» Qyzylorda фестивалі. Жалпы қала және аудан жастары «InnoFest» Qyzylorda жобасына ерекше қызығушылық танытуда. Биыл аталмыш жоба аясында қатысуға ниетті жастар саны 400-ден асып отыр. Былтыр жобаға қатысушы жастар да жоғары деңгейде жобаларын қорғап шыққан болатын. Соның ішінде ерекше көзге түскен сырдариялық оқушы анимациялық сурет салу арқылы тың идеяны жүзеге асырып, жүлдеге ие болды. Сондай-ақ жеңімпаздар арасында танымал блогер әрі тиктокер Азамат Тұрсынбай қазақша контент қалыптастыру бағытында тың идеяны іске асырып, бүгінде жастар арасында өте танымал блогерлердің бірі болды. Жалпы фестивальге қатысушыларға сәттілік тілеймін! Сонымен қатар жобаға демеуші болған облыс әкіміне алғыс айтамыз, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Рекрутинг және мансап басқармасының басшысы Жандос Оразмаханов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<