Қызылордада «Крыша.кз» жарнамалық сайтына жалған жарнамалар орналастырып, арам ойын іске асырған әйел құрықталды. Оған қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша айып тағылып отыр. Мойнына 8 қылмыстық істің қамыты киілді. Ал адамдарды осылай алдаған шымкенттік азаматшаның 12 қулық-сұмдыққа қатысы бары анықталып, іс сотқа жолданды.
Құқық сақшылары интернет-алаяқтық «ОЛХ», «Колесо.кз», «Крыша.кз» сияқты жарнамалық сайттарда, инстаграм және тағы басқа әлеуметтік желілерде кең тарағанын айтып, дабыл қақты.
– Биыл 7 ай ішінде 501 алаяқтық тіркеліп, оның 245-і өндірістен аяқталды. Талдау көрсеткендей, жалпы тіркелген алаяқтықтың 40,2 пайызы интернетте жасалған. Оны ашу бағытында департамент бастығының бұйрығымен тергеу және криминалды полиция бөліністерінің тәжірибелі қызметкерлерінен «Киберпол» жедел-тергеу тобы құрылып, жұмыс атқарып жатыр, – дейді облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Тимур Хамитов.
Интернет-алаяқтарды табу, жауапкершілікке тарту қиын көрінеді. Өйткені олардың жеке басын, жүрген жерін білу анықтау екіталай. Шет елдерде отырып, ел азаматтарының аузын айға қаратып кететін қылмыскерлерді табу тіпті қиын. Бұл бағыттағы тергеу амалдары ұзақ уақытқа созылатыны айтпаса да түсінікті.
– Әдетте алаяқтар жәбірленушілерді сауда-саттықтағы жалған жеңілдіктермен, қаржыны тым жоғары пайызбен еселеп берумен, тауарын тиімді шарттармен сатып алумен қызықтырады. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің атын жамылып әрекет ететіндер де, жақын туысының атынан қарызға ақша сұрайтындар да бар. «Ақшаны көбейту үшін түрлі инвестицияларға ақша салуға болады», «сим-картаның мерзімі аяқталды» деп сан соқтыратындар да, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, адамның дербес деректерін біліп алып, қаражат жымқыратындар да, өзге біреудің атынан онлайн-несие рәсімдейтіндер де кездеседі, – дейді Тимур Хамитов.
Департамент өкілі интернет пен цифрлық технологияның дамуынан қылмыс та түрленгенін, алаяқтар бұл екеуін де мықтап меңгергенін атап өтті. Дегенмен, қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыс бір сәтке толастаған емес.
– Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру шаралары кеңінен жүргізіліп келеді. Облыс орталығындағы, аудандардағы қоғамдық орындарда арнайы билбордтар ілінді. Лэд экран, кинозалдардан бейнероликтер көрсетілді, жадынамалар таратылды, – дейді жедел уәкіл.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<