Инвестиция көлемі бойынша алдыңғы қатарда

740

0

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Отырысқа бірқатар министрлер мен онлайн режимде барлық өңірдің әкімдері қатысты. Екі мәселе бойынша министрлер баяндама жасады.

Селекторлық жиында Экономика министрі Әлібек Қуантыров Қызылорда облысының негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің өсімі 18,3% құрағанын, республика бойынша алдыңғы қатарда екенін жеткізді.

Әлихан Смайылов инфляцияны тежеу бағытында жұмысты күшейту үшін мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қала, аудан әкімдерімен өткізген жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында өсім байқалғанымен, бірқатар көрсеткіштерді көтеру үшін қала, аудан әкімдеріне жұмысты үйлестіру қажет деді.

– Аймақта өңдеу өнеркәсібінде 6,2 пайыздық өсім қалыптасты. Әсіресе, Жалағаш пен Арал, Сырдария аудандарында елеулі өсім бар. Дегенмен, өңдеу өнеркәсібі бойынша Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданына жұмысты жандандыру қажет. Құрылыс жұмыстарының көлемін арттыру бағытында Қызылорда қаласындағы көрсеткішті әлі де көтеру керек. Асылбек Өмірбекұлы, қалада құрылыс қарқынды жүріп жатқанын білемін, бірақ мерзімінде түгендеу жұмыстары жүргізілмей, базаға енгізілмей қалғандықтан статистика басқаша. Жұмысты ретке келтіру қажет.

Барлық аудандар мен Қызылорда қаласының әкімдеріне экономикалық өсімді ай сайын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау міндеттеледі, – деді Н.Нәлібаев.

Аймақта инвестиция қарқыны төмен емес. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда инвестиция тарту 18,3 пайызға көбейген. Байқоңыр қаласында «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру есебінен инвестиция көлемі 32 есе артқан. Аудан бөлінісіне сәйкес, Сырдария, Шиелі, Жалағаш, Қазалы аудандары жоғары өсім динамикасын көрсеткен.

Жиында бюджеттің игерілу барысы да қаралды. Аймақ басшысы облыстық басқармалар, Қызылорда қаласы мен әр ауданның көрсеткішін саралап, жоспарланған барлық қаражаты 100% толығымен игеруді, 2022 жылдың 1 қазанына мемлекеттік сатып алу конкурстарын аяқтап, келісім-шарттарды уақытылы тіркеуді тапсырды.

Сонымен қатар қаржыны толық, сапалы және уақытылы игеру үшін тауар жеткізушілер және мердігерлермен тиісті жұмыстар жүргізуді жүктеді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру. Ұлттық жоба аясында «ақылды» қалалардың эталондық стандартына сәйкес Қызылорда қаласында цифрландыру жобалары жүзеге асырылуда.

Облыс әкімі цифрлық жобалар ең бірінші халықтың өмір сапасын жақсарту, қауіпсіздікті сақтауда оңтайлы қызмет көрсетуі қажет деді. Бұл ретте келер жылдан бастап Арал және Қазалы қалаларында жобаны іске асыру тетігін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ, Қызылорда қаласының қоғамдық көліктерінде электронды билеттеу жүйесіне жеке тасымалдаушылардың да қосылуын, валидаторлармен толық жабдықталуын қамтамасыз етуді жүктеді.

Жиын соңында аймақ басшысы 9 айдың қорытындысымен барлық көрсеткіштер жоғары деңгейде орындалуы тиіс екенін қаперге салды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<