Міне, Барыс жылы да кәрі тарих қойнауына енгелі отыр. Биылғы жыл аймақ тұрғындары үшін жемісті жыл болды. Жылдың қорытындысымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң көрсеткіштерге қол жеткізілді.
Облыс инвестиция тарту бойынша көш басына шықты. Бір жыл ішінде облысқа 373,5 млрд теңге меже бекітілген болатын. Бұл жоспар 94 пайызға орындалып, өңірге 350 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Әрбір инвестиция – жаңа мүмкіндік көзі екені белгілі. Бастысы, оның игілігін ең әуелі халық көреді.
Индустрияландыруды дамыту аясында алдағы бесжылдықта өңірде инвестиция көлемі 613,1 млрд теңгені құрайтын 37 индустриялық жобаны іске асыру міндеті тұр. Биыл түрік компанияларымен белсенді жұмыс басталды. Осы орайда жаңа жылу-электр орталығының жобасын айрықша атап өтуге болады. Мемлекет басшысы елдің оңтүстік өңірлерінде алдағы 3 жылдың ішінде қуаттылығы 1000 мегаваттан асатын электр станцияларын салуды тапсырғаны белгілі. Заманауи үлгідегі жаңа ЖЭО еліміз бойынша оңтүстіктегі екі облыста бой көтереді.
Биыл облыс басшылығы орталықтандырылған жылу мәселесін оңынан шешу үшін электр энергиясын өндіруде мол тәжірибесі бар «Акса Энерджи» компаниясымен бірлескен жобаны қолға алды. Шетелдік инвестормен келісім-шарт жасалды. Нәтижесінде биылғы тамыз айының басында Қызылорда қаласында жаңа ЖЭО-ның капсуласы салынды. Оған біз де куә болдық. Қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр станциясының құрылысы 36 айға созылады. Нысан 2025 жылы аяқталып, қала тұрғындарының игілігіне беріледі деп күтілуде.
Айта кетейік, бұл жоба «Акса Энерджи» түрік компаниясы қаржысы есебінен жүзеге асырылады. Жобаның құны – 215,1 млрд теңге. Стратегиялық маңызды нысан іске қосылғанда аймақтағы энергия жетіспеушілігін төмендетеді. Айта кетейік, бұл – елімізде бюджеттен тыс қаржы көздерінен, яғни шетелдік инвесторлардың қаражатына іске асырылатын ең ауқымды жоба.
Әлемнің бірнеше мемлекетінде энергетикалық бағытта ірі жобаларды іске асырған компания өкілі мұндай ауқымды жоба энергетикалық қауіпсіздікті және тарифті сақтауға мүмкіндік беретінін атап өткен болатын. Түрік компаниясы 15 жылдық келісім-шарт негізінде қаланың энергия мен жылу қажеттілігін қамтамасыз ететін болады.
2023 жылы тағы бір түрік компаниясымен бірге облыста томат өндіретін зауыт салынады. Нақты кезеңде осы жоба аясында 25 миллион доллар көлемінде инвестиция тарту бойынша келісім-шарт жасалды.
Айта кетейік, биыл 4 млрд теңгенің 5 жобасын іске асыру жоспарланған болатын. Қазіргі таңда оның 3-уі іске қосылды. Ал алдағы жылы Жаңақорған және Қармақшы аудандарында құс фабрикалары қолданысқа беріледі. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да ауқымды жобалардың қолға алынып, қыруар еңбектің атқарылатынын айғақтайды.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<