Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Сартаевпен кездесті.
– Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттердің бірі – отандық және шетелдік инвестицияларды тарту. Осыған байланысты, республика бойынша ЖӨӨ құрылымындағы инвестициялар үлесін 2024 жылға қарай 30% – ке дейін арттыру міндеті қойылды. Биыл біздің өңірге 230 млрд теңге, келесі жылы 586 млрд теңге инвестиция тарту қажет. Бүгінде инвестицияның жаңа толқынын тарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті дамыту міндеті де тұр. Осы орайда сіздердің де қолдауларыңыз қажет, – деді облыс әкімі.
Кездесуде бірқатар мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, бизнесті және стартап жобаларды қаржыландыру, кәсіпкерлердің өтінімдерін ұзақ мерзім қарау, жергілікті деңгейде бизнес үшін белгіленген кредит лимиттер және Мемлекет басшысының жеке тұлғалар мен ШОБ субъектілері үшін кредиттер бойынша мерзімін ұзартуды ұсыну жөніндегі тапсырмасын іске асыру мәселелері талқыланды.
Дәурен Сартаев өз кезегінде “Қазақстан Халық банкі” АҚ тарапынан өңірлік шағын және орта бизнесті қолдау бойынша барлық мүмкіндіктер қарастырылатынын атап өтті.
Айта кету керек, облыста 2023 жылға дейінгі Экономикалық даму жоспары қабылданды. Онда экономиканың түрлі салаларында жалпы сомасы 271 млрд теңгені құрайтын 265 жобаны іске асыру қарастырылған. Оның ішінде, ағымдағы жылы құны 26 млрд теңге болатын 108 жобаны іске қосу жоспарлануда. Қазіргі уақытта құны 4,7 млрд теңге болатын 58 жоба пайдалануға берілді. Сондай-ақ, ШОБ субъектілерін қаржылай қолдау мақсатында «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ның қызметі өңірдің барлық қаржы институттарын тарта отырып, жергілікті инвестициялық жобаларды іске асыруға толығымен қайта форматталды. Қоғам кәсіпкерлер үшін әріптес, инвестор бола алады. Екінші деңгейдегі банктер мен қаржы институттарының өкілдері үшін қоғам құны 17 млрд теңге болатын 15 инвестициялық жобаны таныстырды. Оның ішінде 7 млрд теңге құрайтын 9 жоба қолдау тапты.
Жиын барысында аймақ басшысы өңірде қытайлық инвесторлармен бірге елдегі алғашқы шыны зауыты құрылысының аяқталатынын жеткізді.
– Қазіргі уақытта айна, шыны талшықтар мен стекловата өндірісі бойынша 3 жоба жүзеге асырылуда. Бұған да қазан айында қытайлық инвесторлар келеді деп күтілуде. Сонымен қатар, біз агроөнеркәсіптік өнімдерді терең өңдеу бойынша да жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі уақытта 5 жоба келіссөздер сатысында. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сізден Халық банкінде Қызылорда облысы үшін кәсіпкерлерді жеңілдікпен қаржыландырудың жеке бағдарламасын жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды сұраймын. Қолдау тапса, бұл бастама аймақ экономикасының дамуына орасан зор үлес қосады. Бүгінгі біздің ортақ жұмысымыздың одан әрі табысты ынтымақтастық пен өзара түсіністікке ұласатынына үміттенемін, – деді облыс әкімі.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<