Инвестор есебінен жаңа ЖЭО елімізде алғаш Қызылордада салынады

726

0

Сыр елінде бұрын-соңды болмаған заманауи үлгідегі қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жылу-электр орталығы салынады. Таяуда ғана нысан құрылысын жүргізетін инвестор анықталып, алғашқы жұмыстар басталған. Осыған байланысты өткен бейсенбіде арнайы жиын өтіп, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев инвестор компанияның өкілдерімен кездесті.

Жиында жобаны жүзеге асыру мәселелері қаралды. Отырысқа жаңа жылу орталығының инвесторы «Акса Энерджи» түрік компаниясының Қазақстандағы басшысы Мустафа Кемаль мен ҚР Энергетика министрлігінің жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығының директоры Гүлжан Қалижанқызы қатысып, тараптар арасында екіжақты келісім-шарт жасалды.

Бүгінге дейін қызылордалықтар электр энергиясы мәселесіне алаңдап келді. Себебі қаладағы электр-жылу орталығы 50-60 жылдан бері үздіксіз жұмыс жасағандықтан, электр желілерінің де әбден тозығы жеткен. Бұл сөзсіз электр жүктемесіне салмақ салады. Өзекті мәселеге қатысты аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Энергетика министрлігімен бірлесе отырып оңтайлы шешім қабылдады. Мамыр айындағы Сыр еліне сапары барысында министр Болат Ақшолақов мұндай мүмкіндік алғаш болып Қызылорда өңірінде бастау алғанын тілге тиек еткен еді.

Жиында облыс әкімі бұл күннің Сыр өңірі үшін тарихи күн екенін айтып, жобаның маңыздылығына тоқталды.

– Облыс орталығында жаңа жылу-электр орталығының құрылысын бастаудың алғашқы қадамы ретінде инвестормен келісім-шарт жасалды. Қызылорда жылу-электр орталығы – өңірдегі электр энергиясын өндіретін жалғыз кәсіпорын. Дегенмен, өткен ғасырдың 60-жылдары пайдалануға берілген орталықтың бүгінде 90 пайыздан астамының тозығы жетіп, қажетті электр қуатының тек 30 пайызын ғана қамтамасыз етуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында оңтүстік өңірлерді үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында 3 жылда қуаттылығы 1000 мегаватт манервлік станциялар салуды тапсырған болатын. Осы мақсатта республика бойынша екі өңір таңдалып, соның ішінде Қызылорда қаласында жалпы құны 215 млрд теңгені құрайтын, қуаттылығы 240 мегаваттық бу-газ қондырғысын салу айқындалды.

Энергетика министрлігі тарапынан инвестор таңдау бойынша аукцион өткізіліп, нәтижесінде «Акса Энерджи» компаниясы жеңімпаз болып танылды. Әлемнің бірқатар елдерінде жылу-электор орталықтарын салған компания – электр энергиясын өндіру саласындағы тәжірибесі мол, жетекші компаниялардың бірі. Игілікті іске қолдау білдірген министр Болат Ақшолақовқа және «Акса Энерджи» басшылығына Сыр жұртының атынан алғысымды білдіремін. Аймақ тарихындағы маңызды жобаның сапалы, уақытында жүзеге асырылуы үшін бар күш-жігеріміз бен мүмкіндіктерімізді жұмсайтын боламыз, – деді облыс әкімі.

Жиында түрік компаниясының Қазақстандағы басшысы Мустафа Кемаль жаңа нысан 2025 жылы ел игілігіне берілетінін жеткізді.

– Жобаның Қызылорда үшін ғана емес, Қазақстанға да берері мол болады деп сенемін. Келешекте осы нысан энергетикалық қауіпсіздікті сақтауға айрықша мүмкіндік береді, – деді Мустафа Кемаль.

Өз кезегінде Гүлжан Қалижанқызы бұрын-соңды шетелдік инвестор есебінен Қазақстанда жылу-электр орталығы салынбағанын атап өтті. Жаңа бу-газ стансасы қазіргі электр энергиясының тапшылығын жоюға, тұрғындарды тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге, жалпы еліміздегі энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.

– Қаржы-есеп айырысу орталығы бүгін жасалған келісім-шарт шеңберінде жаңа электр стансасының электр қуатын 15 жыл ішінде сатып алуды жүзеге асыруға кепілдік береді. Министрлік пен Қызылорда облысының әкімдігі және жобаға қатысы бар  мекемелер электр стансасы үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Қаржы-есеп айырысу орталығы құрылған сәттен бастап Энергетика министрлігінің қолдауымен жасыл энергетика, дәстүрлі энергетика саласындағы электр қуатын сатып алу, қамтамасыз ету бойынша бірқатар жобалар қолға алынған. Бұл сөзсіз еліміздің энергетика саласына деген сенімді арттырады. Шетелдік, жергілікті инвесторлардың қызығушылығын тудырады, – деді Гүлжан Қалижанқызы.

Басқосуда ел ағалары мен энергетика саласының ардагерлері игілікті істің алғашқы қадамына куә болып, ғасырда бір салынатын нысанды елдің несібесіне балады.

– Жылу мәселесінде көптеген қиындықтар болған еді. Бір кездері жылу-электр орталығы істемей қалып, қаланың әрбір кварталына жылу қазандықтарын қойып, халыққа солай да жылу берген уақыттар болды. Сондықтан осы бастамаға өте қуаныштымыз. 60 жылдан астам уақыт жұмыс істеп, бірнеше рет апатты жағдай орын алған жылу-электр орталығының ауыртпалығынан құтылатын уақыт келді деп ойлаймын. Бұл –  халықтың тұрмыс-тіршілігіне оң әсер ететін жоба, – деді ҚР Құрметті құрылысшысы, Қызылорда облысының құрметті азаматы Жарылқасын Шәріпов.

Сондай-ақ, энергетика саласының ардагері Мұхитжан Кәрімбаев нысан аймақтың болашағына, өндірістің дамуына үлкен ықпал ететінін атап өтті. Станса электр энергиясын өндіруде ғана емес, электр энергиясы байланысын апатты жағдайлардан сақтауға көмектеседі.

– Мен еңбек жолымды 1980 жылы ЖЭО-дан бастағанмын. Ол кезде Өзбекстанның Ангрен көмірімен жұмыс істейтін. Көмірдің ылғалдылығы жоғары болғандықтан, қазандықтар жиі істен шығатын. Сол кезде 9 қазандық болатын. Қызылорда қаласын толық жылумен қамтамасыз етіп отырды. 1991 жылы Кеңес үкіметі тараған соң ол көмірдің орнын Екібастұздың көмірі басты. Бірақ ол көмірден көп күл қалатын. Ол да тиімсіз болды. Салдарынан ТЭЦ жұмысы жиі тоқтайтын. Ақыры сол күл шатырына жиналып, ол құлап, 1998 жылы қыс ортасында қала жылусыз қалған. Сондай қиын жағдайлар болды. Кейін біршама жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, екі турбогенератор іске қосылды. Қазір екі қазандық жұмыс істеп тұр. 2005 жылы газ келгеннен кейін газбен жылыту стансасы қосылып, электр энергиясын өндіруге септігін тигізді. Дегенмен, оны жаңғыртуға қаржы бөлінгенімен, қазіргі саяси жағдайларға байланысты қондырғыларын алдыру мүмкін болмай отыр. Нысан ешқандай резервсіз жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа электр стансасының салынуы бізді өте қуантып отыр, – деді Мұхитжан Кәрімбаев.

Аймақ үшін маңызы зор нысан құрылысының алғышарты жасалған жиыннан соң облыс әкімі журналистерге сұхбат берді. Аймақ басшысы орталық құрылысын Түріктің «Акса Энерджи» компаниясы өз қаражаты есебінен жүргізетінін атап өтті.

– Жоба аймағымызды алдағы уақытта жылумен, электр энергиясымен толық қамтамасыз етеді. Артылғанын сатуға да мүмкіндігіміз болады. Осылайша, Қызылорданы ғана емес, басқа да өңірлерді қауіпсіз энергиямен қамтамасыз етуге жол ашады. Келісім-шарт бойынша жобаның мерзімі – 36 ай. Дегенмен, инвестор 1,5-2 жылда толық бітіруге мүмкіндігі бар екенін мәлімдеп отыр. Бұл бағытта компания басшыларымен қосымша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Үлкен жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен, шешім қабылдаған Мемлекет басшысына, Үкімет басшысына, министрлікке үлкен алғысымызды білдіреміз, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Айта кетейік, «Акса Энерджи» – мазут, табиғи газ, жел генераторлары мен су-электр станцияларында электр энергиясын өндіру саласындағы әлемдік тәжірибесі мол, жетекші компаниялардың бірі. Алпауыт мекеме Африканың Гана, Мали, Мадагаскар, Конго елдерінде және Өзбекстан мен Түркияда жылу-электр орталығын салған. Ал, Қызылордадағы жоба желтоқсан айында басталады. Бүгінгі таңда есептеу, зерделеу жұмыстары жүруде.

Айту керек, жалпы құны 215 млрд теңгеден асатын жаңа нысан энергия жетіспеушілігін едәуір төмендетеді. Бұл – Тәуелсіздік алған жылдары елімізде бюджеттен тыс қаржы көздерінен, яғни шетелдік инвесторлардың қаржысына іске асырылатын ең ауқымды жоба.

Мұнан бөлек, биыл облыс бойынша 23 әлеуметтік нысанның жылу қазандығы қайта жаңғыртылады. Осы жұмыстарға республикалық және облыстық бюджеттен 676 млн теңге бөлінген.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<