Қызылорда қаласында жаңа жылу-электр орталығы салынып жатыр. Оның іргетасы алдыңғы жылы Республика күні қарсаңында қаланып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұл тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынатын ең ауқымды, теңдессіз жоба екенін атап өтті. Жобаның іске асуына Энергетика министрлігі ұйытқы болса, «Aksa Energy» компаниясы мүдделілік танытқан.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстік өңірлерді үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында үш жыл ішінде қуаттылығы 1000 МВт-тан асатын электр станцияларын салуды тапсырған болатын. Тапсырманы орындауға алғаш болып Қызылорда кірісті. Өйткені «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорны 60 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқандықтан тозығы жетіп тұр. Турбиналарды жөндеуге, қайта жаңғыртуға әлсін-әлсін қаражат бөлінгенмен ол тиімсіз. Сөйтіп, мәселенің шешімі ретінде орнына жаңасын салу ұсынылып, оған күні бүгінге дейін түрік компаниясы 137 млрд теңгеден астам инвестиция құйды.
«Aksa Energy» – Түркияның электр энергиясы саласындағы ірі әрі тәуелсіз өндірушісі. Түркияның энергетика саласындағы жетекші холдингтердің бірі саналатын «Kazanci» компаниялар тобына кіреді.
Ауқымды жобаның жүзеге асырылу барысы аймақ басшысының басты назарында. Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев маңызды құрылыстың жай-жапсарын баяндады.
– Бүгінде түркиялық инвестор «Aksa Energy» қуаты 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығын салып жатыр. Құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталды. Нысан қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Жаңа станция іске қосылғанда облыс орталығын жылумен, өңірді электр энергиямен толық қамтамасыз етеді. Өндірілген электр энергиясының артылған бөлігін (60 МВт) өзге аймақтарға сатуға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.
Егер тозығы жетіп тұрған ескі жылу-электр орталығы 67 МВт электр өндірсе, жаңа станцияның қуаттылығы бұдан 3 еседен де асып түседі деген сөз. Аймақ үшін ерекше маңызы бар нысан көп ұзамай ел игілігіне пайдалануға беріледі. Жаңа орталыққа бюджет есебінен 15 млрд теңгеге газ құбыры тартылды.
Еліміздің даму тетіктерінің бірі – үзіліссіз электр энергиясымен қамту. Президент өз Жолдауында да электр энергетикасы, жалпы энергетика саласына ерекше екпін берілді. Еліміздің біртұтас электр энергетикалық жүйесі тұтынушыларды сенімді және сапалы электр энергиямен жабдықтауға мүмкіндік беретінін ескерсек, Қызылордадағы жаңа құрылыс нысанының қуатына иек артамыз.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<