Ипотекалық қарыздарға қатысты толық ақпарат

327

0

Ипотекалық қарыздарға қатысты толық ақпарат «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «Қазақстан ипотекалық компаниясы» және «Бәйтерек девелопмент» АҚ арқылы несие рәсімдеп, баспана алған жеке, заңды тұлғалар 3 ай ипотекалық қарыздарын қайтарудан босатылады. 
Бұл туралы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің» баспасөз қызметі хабарлады. «Мемлекет басшысының 23 наурыз күні төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында берген тапсырмасына сәйкес, уақытша қаржылық қиындыққа тап болған жеке және заңды тұлғалар үшін холдингтің тұрғын үй блогының еншілес ұйымдары барлық төлемдер бойынша, негізгі қарыз бен сыйақы сомасын қоса алғанда, тұрғын үй және тұрғын үйге жатпайтын жылжымайтын мүлік объектілерін сатып алу құқығымен жалдау, сатып алу, сату мәмілелері бойынша, айыппұл мен өсімақы есептемей, алдағы 3 айда (сәуір-мамыр-маусым) төлемдерді кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады», – деп хабарланды рәсми мәлімдемеде.
Белгілі болғандай, борышкерлер мемлекеттік операторларға жеке кабинет, telegram-бот сондай-ақ ресми сайт арқылы қашықтықтан хабарласып, өтініш беруі керек. Әр өтініш жеке тәртіппен қаралады.
 «Барлық сұрақтар бойынша call-орталықтар арқылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне»: 300, «Қазақстан ипотекалық компаниясына»: +7 800 080 44 48 «Бәйтерек девелопмент» АҚ-ға: +7 7172 79 65 60, +7 800 080 01 01 телефон нөмірлері бойынша хабарласуға болады», – деп жазды «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің» баспасөз қызметі. Естеріңізге салайық, Ақордада өткен төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың барлық займдары бойынша негізгі қарыз сомасын төлеуді тоқтатуды тапсырды. «Біріншіден, төтенше жағдай кезеңінде бұған дейін қабылданған айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептеуге тыйым салумен қатар халықтың барлық займдары бойынша негізгі қарыз бен сыйақы сомасын төлеуін тоқтата тұру қажет. Банктерден толық түсіністік пен азаматтық ынтымақтастық күтемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, ел азаматтары қаржылық қиындықтан құтылу үшін ломбардтарға, онлайн кредиторларға, микроқаржылық ұйымдарға жүгінетін болған.
 «Азаматтарды алдауға жол беруге болмайды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, бас прокуратураға, ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне заңнаманың сақталуын тексеру бойынша ауқымды акция жүргізуге және заң бұзушыларды жария түрде жазалап, мұны БАҚ пен әлеуметтік желілерде барынша көрсетуді тапсырамын. Бұл қазақстандықтар қиын-қыстау жағдайда өздерінің құқықтарын мемлекет қатаң қорғайтындығын білу үшін қажет», – деді Президент.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<