Іргелі компанияның ілкімді жобасы

645

0

Қызылорда облысының 85 жылдығы аясында «Абай-Дәулет» ЖШС-ның  қолдауымен «Kaz Fries» мұздатылған фри өндірісі зауыты ашылды. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиналған жұртшылықты облыс мерейтойымен, жаңа өндірістің іске қосылуымен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында өндірісті, шағын және орта кәсіпкерлікті жүйелі түрде дамытып, бәсекелестік арқылы  бәріне бірдей мүмкіндік беру қажетін атап өткен болатын. Облыста бұл бағытта ауқымды жобалар жүзеге асуда. Жаңа зауыттан шыққан жартылай дайын өнім қолжетімді бағада халыққа ұсынылады. Бұл бастамалар жалғасын тауып, зауыт өнімдері аймағымыздан тыс көрші өңірлерге, шет елдерге экспортталмақ. Ол облыстың экономикалық дамуына зор үлесін қосады деп сенім білдіремін. Біз туған жерінде адал еңбек етуді мақсат тұтқан, өңірдің өндірістік әлеуетін дамытуға ниет білдірген әрбір кәсіпкерді қолдауға дайынбыз, – деді аймақ басшысы.

Өңірде «Жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулы», «Индустрияландыру картасы» шеңберінде өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға бағытталған құны 980 млрд теңге болатын  46 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Аграрлық салада күріш өңдейтін, балық ұнын өндіретін зауыттар ашылды. Жыл соңына дейін экспортқа бағытталған құс фабрикасы, көкөніс сақтау қоймалары және 3 күріш ақтау зауыты іске қосылады. Бұдан бөлек, сүт өңдейтін цех, әк және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру зауыты жұмысын бастамақ. Зауыт өнімдері аймақтың өңделген өнім үлесін арттыруға, тамақ өнеркәсібін дамытуға, жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік береді.

Бұл ірі жобалардың жүзеге асуы өңірде инвестиция көлемін арттыруға септігін тигізеді. Биыл облысқа 472 млрд теңге көлемінде инвестция тартылды. 2020 жылдан бері кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 24 млрд теңгеге жуық қаржы қаралып, 2500-ге жуық жоба қолдау тапқан. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жыл басынан бері несие портфелі 20 млрд теңгені құрайтын 604 жоба субсидияланды. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны 71256-ны құрап, 22,4 пайызға ұлғайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жылдық 2,5 пайыз жеңілдікпен кредит беру айрықша қолдау тапты. Республикалық бюджеттен 2 млрд 285 млн теңге қаржы бөлініп, 258 жас кәсіпкер өз ісін бастады.

– Ауыл шаруашылығы саласында да оң өзгерістер бар. Біз биыл күріш егісінің көлемін үлкен тәуекелге барып, 89 мың гектарға дейін ұлғайттық. Қиыншылықтар да болды. Президентіміз бен Үкіметтің ерекше қолдауы арқасында егін орағын кедергісіз бастадық. Диқандардың тынымсыз әрі табанды еңбегімен 15 қазанға дейін егін жинауды толықтай аяқтау күтілуде. Халқымызда «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген керемет сөз бар. Міне, осы жұмыстардың барлығында өздеріңіздің үлестеріңіз орасан зор, – деп атап өтті Нұрлыбек Машбекұлы. 

  Іс-шарада мұздатылған фри картобы өндірісін ашқан «Абай-Дәулет» ЖШС басшысы Мұрат Сәрсенбаев Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, ал серіктестіктің бірқатар  қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Қоғам қайраткері Нәжмадин  Мұсабаев аймақ тұрғындарын құттықтап, ауыл шаруашылығы саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Ұлықпанұлы ақ батасын берді.

Айта кетейік, «Абай-Дәулет» серіктестігі күріш өндірісімен ғана емес, мал шаруашылығымен, ет өндірумен және көкөніс егумен айналысуда. Жаңа фри зауытында сағатына 300 келі өнім шығарылмақ. Өндірісте 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<