Іргелі шаруашылықтың ілгері ісі

486

0

«ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында Шиелі ауданында болып, Досбол датқа елді мекеніндегі «Сейтжанов» шаруа қожалығы жұмысымен танысты.

Қожалық негізінен егін егіп, мал өсірумен айналысады. Қазіргі уақытта 250 гектар жерге күріш, 80 гектар жерге мақсары дақылын егіп отыр. Жалпы отбасылық шаруа қожалығының иелігінде егістік пен жайылымдық жер бар. Ұлдары жылқы баптап, күріш ексе, келіндері қымыз сапырып, құрт-май жасап отыр. Балалары әулетке ортақ шаруашылық жұмысын бірлесе атқаруда. Барлығы дала жұмысына бейім. Өйткені жастайынан көріп өскені – осы.

– Біздің мақсат – өңірлердегі шаруа қожалықтарын аралап, ұсыныстарын тыңдау. Көктемгі егіс жұмыстарымен танысу. «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқармасы бағдарламаларының тиімді тұстарын атап көрсетеміз. Өткен жылы басқарма 178 млрд теңгеге лизингтік қаржыландыру бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылығы техникасы берілген. Биыл қаржы көлемін 185 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінде Қызылорда облысында 250-ге жуық шаруа қожалығын қаржыландырамыз. «Сейтжанов» шаруа қожалығымен 2014 жылдан бері бірлесе жұмыс атқарып келеміз. Бізде техниканы кепілсіз беру қарастырылған. Бұл кәсіпорын жұмысын жеңілдетіп, өнім көлемін арттыруға септігін тигізбек, – дейді төраға орынбасары.

Шаруашылық басшысы Әбдімәлік Сейтжанұлы жұбайы Бақтыгүл екеуі 11 бала тәрбиелеп өсірген. Сексеннің сеңгіріне шыққан қария қожалық жұмысын өзі қадағалап отырады. Сөзі жинақы, жүрісі ширақ. 1992 жылы зауыт-фабрикалар жұмысын тоқтатып, дүкен сөрелері қаңырап бос қалып жатқан заманда жеке шаруа қожалығын құрды. Сөйтті де балаларын еңбекке баулыды.

2014 жылы ферма маңына күннен қуат алатын 37 кВт-тық автономды станция орнатылған. Жаңа заманауи қондырғы жұмысты әлдеқайда жеңілдетіп отыр. Бір айта кетерлігі, бұл күн панельдерін қазақстандық «Astana Solar» компаниясы шығарған. Осы жоба Астанада өткен «Ехpo-2017» көрмесінде таныстырылыпты.

«Егінші – мәрт, жер – жомарт» деп осындайда айтылса керек-ті. Әбдімәлік ақсақалдың балалары түгелімен Жер-ананың жемісін жеп келеді,  ауызбірліктің арқасында нанын адалынан тауып отыр. Бұл – екі қолға бір күрек таппай жүрген кейбір жастарға үлгі-өнеге. 

– «ҚазАгроҚаржы» тиімді көмек көрсетеді. Техника құнына қарай мерзімін ұзартып береді. Күннен қуат алатын қондырғыны Қазақстанда алғаш біз алғанбыз. Қаржысынан толығымен құтылдық. Енді біздің пайдамызға жұмыс жасап тұр. Сонымен бірге қожалыққа керек техникаларды алдық. Олар – отандық өнім. Жалпы шаруашылық құрамында 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Балалардың барлығы осы жұмысқа маманданған, – дейді шаруашылық төрағасы.

Еңбектенген адам несібесіз қалмайды. Бұл – «Сейтжанов» шаруа қожалығының ұстанымы.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<