Ішкі нарық өңір өнімімен толығуда

708

0

Бүгінде отандық тауарлармен ішкі нарықты қамту, өңдеуші өнеркәсіптің жұмысын жандандырып, озық жобаларды іске асыру нарықтың басты талабына айналып отыр. Осыған орай, өткен аптада облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастамасымен саладағы соңғы жаңалықты бағамдауға арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Сапар барысында шикізат өндірісін қолға алған қала маңындағы кәсіпкерлік нысандарының жұмыс барысымен таныстық.

Қазіргі таңда жергілікті өнімдерге  сұраныс жоғары. Мәселен, 2015 жылы іске қосылған «ВЕГА-Пром» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру цехы жылына 86 мың тонна өнім өндіріп отыр. Цехтан 10 түрлі құрғақ құрылыс өнімі шығарылады. Ал оған қажетті шикізат Алматы, Отүстік Қазақстан облысынан және Арал ауданынан тасымалданады. Қазір мұнда 15 адам жұмыспен қамтылған.

– Ерінбей еңбек етем дегенге мемлекет қолдау білдіріп отыр. Мәселен, биыл «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жеке кәсібімді ұлғайту үшін Белкөл кентінен 3 гектар жер алдым. Қазіргі таңда күніне 75 тоннадан астам өнім өндіреміз. Енді өндіріс қуаттылығын 24 мың тоннаға ұлғайту мақсатында жобаның екінші кезеңін жүзеге асырудамыз. Алдағы уақытта «Пва желімі», «Эмульсия» сияқты басқа да өнімдер шығарып, 50 адамға дейін жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз, – деді «ВЕГА-Пром» ЖШС құрылтайшысы Әбдіхалық Ділманов.

Жоба бастамашысы цехты бас-аяғы 2 айда бітіреміз дейді. Қазір цехтың және әкімшілік ғимараттың жабын жұмыстарымен қоса, аумағын қоршау қолға алынған. Жұмысты жылдамдату үшін арнайы техникалар да сатып алыныпты. Енді электроэнергия және газ жеткізу үшін жоба-сметалық құжаттамалар әзірленуде.

Осы тұста айта кетейік, өнімнің 75 проценті ішкі нарықты қамтамасыз етсе, 25 проценті өзге облыстарға жөнелтіледі. «Шиелі мен Жалағаш ауданынан тапсырыс көп. Жамбыл және Түркістан облысынан да сұраныс жоғары» – дейді кәсіп иесі. Айта кетерлігі, кәсіпкер тұтынушыларға қолайлы жағдай жасап, өнімді жеткізу мәселесін жолға қойған. Яғни, өзі үлкен жүк көліктерді жалдау арқылы өнімді қажетті жерге жеткізіп береді.

Отандық өнімі оның ішінде халық жиі тұтынатын тауарларды шығару ел экономикасын алға жылжытуда маңызды қадам саналады. Осы жағдайды уақытында аңғарып, іргелі іске ынта қойғанның бірі – Исатай Нұржанов.

Ол «Әділханова» ЖК құрылысқа қажетті металл өнімдері өндірісін 2020 жылы іске қосқан. Мұнда күніне 1500 шаршы метр құрылысқа қажетті өнім өндіріледі. Шығарылған тауарлар ішкі нарықты толық қамтамсыз етуде.

– Бұл кәсіпті ашпай тұрып нарықты әбден зерттедік. Сөйтсек, облыстағы құрылысқа қажетті тауарлар көбіне Шымкенттен тасымалданады екен. Содан осы өндіріске бет бұрдық. Бастапқыда өнімдерімізге қатысты сыни көзқарас болған, кейін Қытайдан және Қазақстанның өзге облыстарынан автоматтандырылған станоктар алдырдық. Содан соң шаруамыз бір ізге түсті. Тұтынушылар саны артты. Екі жыл бойы жеке тапсырыстар бойынша жұмыс істеудеміз. Жылдан-жылға шығаратын өнімнің түрлері көбейіп келеді. 8 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Алдағы уақытта автоматтандыру жүйесіне толықтай көшу жоспарда тұр. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізеді, – деді «Әділханова» ЖК директоры Исатай Нұржанов.

Кәсіп иесінің айтуынша, өнімнің басым бөлігі қаладағы базарға және 11 ірі құрылыс дүкеніне жіберіледі. Бұған қоса, Қармақшы, Жалағаш және Жаңақорған ауданынан тапсырыс алады. Қиындығы сол, өндіріске қажетті заттар сырттан келеді. Мәселен, бір тонналық бума сымның өзін Алматыдан алдыртады. Сосын оны әбден өңдеп, түзетіп, дәнекерлеп, құрылысқа қажетті тор сеткалар шығарады. Қазірдің өзінде айына 18-20 миллион теңгенің өнімін өндіруде. Ал өнім көлемі 30-35 тоннаны құрап отыр.

Кәсіпкердің ендігі мақсаты – өз жобасын кеңейту. Енді 30 адамды жұмыспен қамтитын жоба бойынша талдау, зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Ақтілек Бітімбай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<