2025 жылдың Президент тапсырмасымен Жұмысшы мамандықтар жылы болып жариялануы еңбек адамдарын төрге шығаруға мүмкіндік берді. Бұрын елеп-ескеріле бермейтін оларды кеңінен дәріптеуге көштік. Байқап қарасақ, қол күшімен, адал ісімен еліміздің дамуына үлес қосып жүрген жандар айналамызда аз емес. Солардың бірі – құрылысшы Аманжол Дәрібаев.
Жас маман бүгінде өзі аттай қалап оқыған мамандығының нанын жеп жүр. Ол 2021 жылы 9 сыныпты бітіріп, Қызылорда қаласындағы Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледжге құрылыс бұйымдары мен конструкцияларын өндіру мамандығы бойынша оқуға түсті.
– Адам өз өмірінде екі нәрседе таңдаудан қателеспеу керек десек, соның бірі – мамандық. Таңдауың дұрыс болса, ол саған бақыт, рухани қанағат және тұрақты өмір сүруге мүмкіндік береді. Мен құрылысшы болуды бала күнімнен армандадым. Есейе келе, сызу, өлшеу, үй әрлеу сияқты жұмыстарға қызығушылығым арта түсті. Аға буын үлкендердің жанында жүріп, үй құрылысымен айналысуға ынталанып, өзімнің ішкі қалауымды тапқандай болдым. Бұл қызығушылық тек табыс табудың жолы емес, менің келешегім, елімнің өркендеуіне қосар үлесім, арманым мен мақтанышыма айналды, – дейді Аманжол Дәрібаев.
Ол төрт жыл бойы колледжде білім алған тұста құрылысшы мамандығының соншалықты қиын әрі жауапты жұмыс екенін түсінгенін, оқу-өндірістік тәжірибе барысында бұл саланың көпшілік біле бермейтін өзіндік әдіс-тәсілі барын ұғынғанын айтады. Мамандығына қызығушылығы уақыт өткен сайын артып, одан әрі ізденіп, оқып, іс-тәжірибе жүзінде жұмыс жасауға ұмтылды. Қазіргі күні өзінің оқып-тоқығанын «Ауылқұрылыс» компаниясында жүзеге асырып жүр.
– Құрылысшы болу кәсіби жол ғана емес, бұл – менің өмір салтым. Құрылысшы қайда жүрсе де маңдай тері сіңген еңбегімен көрсетіп мақтана алады. Бұл – шын мәнінде баға жетпес бақыт. Бұл – жауапкершілігі жоғары, кәсіби біліктілікті қажет ететін сала. Біз секілді мамандар физикалық күш пен еңбекке ғана емес, сонымен қатар инженерлік ойлау қабілетіне, дәлдік пен тәртіпке сүйенеді. Құрылыс процесі нақты есептеулерге, сызбаларға, материал таңдауға және қауіпсіздік талаптарына негізделеді. Сондықтан құрылысшы тек қолымен емес, ақылымен де жұмыс істейді. Өз таңдауымды қашанда құрметтеймін, бағалаймын, мамандығымды мақтан етемін, – дейді кейіпкеріміз.
Жас құрылысшы қай салада да ілгерілеу барын, технологиялар, құрылыс материалдары мен автоматтандырылған құрылғылардың уақыт өткен сайын жаңарып отыруымен бірге өзі сияқты мамандар да үнемі ізденіс үстінде болуға тиіс екенін атап өтті. Ал үздіксіз даму – заман талабы.
– Мемлекет басшысының бастамасымен биыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейді. Соның нәтижесінде колледжде бірқатар жоба жүзеге асырылды. Президентіміздің қарапайым жұмысшыларды, мамандықты қолдау саясаты өз-өзіме деген сенімділікті оятқандай. Өз кәсібін сүйетін, жетік меңгерген мамандық иелері ұлт сапасын арттырары анық, – дейді ол.
Қоғамды алға бастайтын кез келген дамудың өзегі – құрылыс екені айтпаса да түсінікті. Жол, мектеп, көпір, тұрғын үй, ғимарат, зауыттар – бәрінде құрылысшының маңдай тері, ақыл-ойы мен қол күшінің ізі сайрап жатыр. Біз сөз етіп отырған кейіпкеріміз тас пен темірді ғана емес, болашақты сомдайтын мақтаулы маманға айналарына сенім мол.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





