«Іскердің» тиімділігі неде?

544

0

Кәсіперлікпен айналысатындарға арналған мемлекеттік бағдарламалар және қолдау тетіктері қандай? Бұл жөнінде облыстық кәсіпкерлер палатасы қызметіне жүгінетін жерлестеріміз аз емес. Осы орайда сала мамандары ісін жүргізуге ниетті азаматтарға тиісті кеңесін беріп келеді. Жалпы кәсіпкерлікке қаржыны қайдан алуға болады?

– Биылдан бастап жастарға 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие берілетінін көпшілікке белгілі. Жақында ресми құжат қабылданды. Кәсіпкерлер палатасына келген азаматтардың басым көпшілігі аталған қолдау тетігін сұрайды. Бүгінде бизнес жоспарды таразылайтын облыстық комиссия құру, несие беруге жауапты оператор ретінде белгіленген «Аграрлық несие корпорациясы» мен жергілікті әкімдік арасында шарт жасау секілді ұйымдастыру шаралары жүргізілуде. Жақын уақытта жұмыстар толық аяқталады. Қаржы түсетін мерзім белгілі болған уақытта қолдау тетігі кеңінен түсіндіріледі, – деді кәсіпкерлер палатасының кеңесшісі Асылхан Балмаханов.

Маманның айтуынша, одан өзге қайтарымсыз қаржы алу жолын сұраған азаматтар баршылық. Сондай-ақ, қазір қолданыста жұмыс істеп тұрған «Іскер» бағдарламасының тиімді тұсы аз емес. Несие 5 жылға 6 пайызбен беріледі. Атап айтқанда, Қызылорда қаласының тұрғындары 16 млн теңгеге дейін ала алады. Қалаға қарасты ауылдық округтер мен аудан тұрғындары үшін ол 5 млн теңгеге дейін белгіленген. Несие «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалы арқылы жүргізіледі.

– Аталған несие бағдарламасына кәсіпкерлер, жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Кәсібіңіздің ашылғанына үш жылдан артық уақыт болса, оқу сертификаты керек емес. Ал енді ашылған және ашылғанына үш жыл  толмаған  кәсіпкерлік  нысан  иелерінің «Бастау бизнес» жобасын оқығаны туралы сертификаты болуы қажет. Ең басты талап – кепілге қойылатын мүлік. Сондай-ақ, міндетті түрде кепілгер (гарант) керек. Несие алатын азаматтың да, кепілгердің де несие тарихы мұқият тексеріледі. Кешіктірілген күн 180-нен аспауы керек, – деді А.Балмаханов.

Жеңілдетілген несиені барлық жобаға алуға болады. Алайда, қаржының қайда және қандай мақсатқа жұмсалатыны туралы алдын ала ақпарат көрсетілуі тиіс. Мысалы, құрал-жабдық сатып алатын болса қайдан, кімнен, қанша қаржыға алатынын құжаттар арқылы дәлелдейді.

Қала тұрғындары құжаттарын Қорқыт ата көшесіндегі №123 үйде орналасқан «Бизнеске арналған үкімет» ғимаратындағы мамандарға өткізеді. Айта кетсек, жоғарыда айтылған қаржы ұйымдары мен кәсіпкерлер палатасы да осы ғимаратта орналасқан. Ал аудан және ауыл тұрғындары құжаттарын жергілікті кәсіпкерлік бөлімдеріне өткізеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<