Ислам – ынтымақ пен бейбітшілік діні. Оны «бүлікке, жанжалға, экстремизмге шақыратын дін» деп айту үлкен қателік. Себебі, Ислам адамзатқа тыныштық, бірлік, ынтымақ қалыптастырушы ақиқат діні болып есептеледі. Өзімшілдікке, біреуді кемсітуге, зиян келтіруге жол бермейтін ислам діні үшін «татулық пен ынтымақ» ұғымы басты құндылық.
Алайда мемлекетіміз өз алдына жеке ел болып, тәуелсіздігімізді жариялаған кезеңде, экономикалық – қаржылық, әлеуметтік проблемалармен қатар түрлі деструктивті діни ағымдар мен бағыттар да енген еді. Көп адамдар сол тұста теріс жолға түсіп кеткен болатын. Сондықтан, біз өз мүмкіндігіміз бен қабілетімізді, ықпалымызды пайдалану арқылы, өзгелерді жат ағымдар ықпалынан сақтап, қорғап отыруықажеттілігі туындап отыр. Ол үшін мемлекет және қоғам болып жұмыла күресуіміз қажет. Жастардың бойында ұлтжандылық сезімінің терең сіңуі, қоғамдағы зайырлылық қағидаларының нығаюы, ұлттық құндылықтарымыздың берік сақталуы және дамуына баса көңіл аударуымыз маңызды. Ел мен жердің, ұрпақтың болашағы барша мұсылман қауымына ортақ мүдде.
Діннің атын жамылған топтардың әрекеті ғаламдық деңгейдегі түйткілді мәселе екені айқын. Бұл ретте, қоғамдық-әлеуметтік ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту, конфессияаралық және ұлтаралық ынтымақтастықты, татулықты сақтау барлық адамзат үшін маңызды. Өткен ғасырда сол кезеңнің қиын-қыстау шағын бастан кешірген қоғамымыз ұлттық болмысынан, өз ерекшелігінен айырыла жаздады. Өз мәдениетінің іргетасын, оның негізгі тұғырын танымаған азаматтарымыз басқа идеологиялардың жетегінде кетіп, адасуға ұшырап, шалыс қадам басқандар да аз болмады. Дегенмен, «кемедегінің жаны бір» демекші қоғамдағы барлық адамның татулығы, ауызбіршілігі – елдегі бірлік пен тұрақтылықтың басты кепілі екендігі айдан анық. Қазірде еліміздегі ұлтаралық, конфессияаралық татулық, ауызбіршілік ұлттық құндылығымыздың асыл мұраттарымен сәйкес келеді.
«Ел бірлігі – ең асыл қасиет» демекші бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырыс-несібесі мол болмақ. Ұлтаралық келісім мен берекеге бастар бірліктің арқасында экономикамыз қарыштап дамып, тұрмысымыз жылдан жылға жақсара түсуде.
Дана халқымыздың «Еркіндік қайда болса, елдік сонда, бірлік қайда болса, ерлік сонда» деген аталы сөзі бар. Тұғырымыз – тыныштық, тірегіміз – тұрақтылық, тілегіміз – татулық болса, еліміз тарих төрінен табылары сөзсіз.
Бүгінде біз – әлем мойындаған, әлемдік өркениет көшінде өзіндік бет-бейнесі, мақтан тұтар мәдениеті, лайықты салт-дәстүрі бар елміз. Келісім жоқ жерде бірлік жоқ. Ал бірлік болмаса, тірлік те жоқ. Қазақстанда дінаралық, ұлтаралық келісім ең жақсы үлгіде жүргізілуде. Сондықтан, әлем елдері мемлекетімізден үлгі алуда, біз бұған қуанамыз. Бейбіт қоғамды одан әрі дамыту жолында жұмыла жұмыс жасау әрбір отандасымыз үшін маңызды. Оны санамызға серік етіп, жүрегімізбен ұғынуымыз керек.
Қазақ халқының бойына сіңген дархандық, мейірімділіктің арқасында елімізде сан түрлі ұлыстар бір шаңырақтың астында тату-тәтті тіршілік етіп келеді. Халқымыздың бойындағы бұл асыл қасиеттер мұсылманшылықтың саф бұлағынан нәр алған ата-бабаларымыздан дарыған.
Тұрақтылық негізі – татулық. Ал татулық кез келген елді, халықты тек жақсылық пен ынтымаққа, келісімге жетелейтінін ұмытпағанымыз абзал.
Шоқан Айдаров,
Дінтанушы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<