Ислам және ізгі қоғам

1094

0

Түйір тасын түртіп қалсаң тарих сөйлейтін, баласынан бастап бабасынан дейін дана болған, мәдениеті әдебиетімен, діні ділімен ұштасқан, салтына берік, антына адал халықтың ұрпағымыз. Өткенімізді түгендеп, артымызға қарайлайтын болсақ Тұран даламыздың топырағынан талай текті тұлғалар туылған. Фәни дүниеге іңгәләп келіп, жалған өмірден жұрты үшін жылап кеткен жасампаз перзенттер де, талантымен тұтас әлемді таңдандырған тұлға да, Құдайы жолында бір бас намазын қаза қылмаған ізгі жандар да, қасық қанын халқының жолында шейіт еткен көзсіз батырлар да, атағы алыс-жақынға тұтас мәшһүр болған атымтай жомартта өтті. Бұқара болып бекініп, байрағымызды тіктеп, өз алдымызға ел боламыз деген сонау жылдардан бастап кешегі тәуелсіздік жылдарына дейінгі аралықта қазақ елі мың өліп, мың тірілді.

Жаукершілік уақыттарда да, еркіміз кетіп бордан атанған шақта да, қолдан қырып, ашаршылық нәубетін басымызға әңгіртаяқша ойнатқанда да, қан сасыған майдан ортасында кескілескен кезде де біздік рух сыңған жоқ. Намысымыз төгіліп, айбарымыз мұқалған жоқ. Себебі жүректерінде жаратқанға деген кіршіксіз сезім мен сенімі бар, сана түкпірінде болашаққа деген алғаусыз араманы бар адал халықтың арда ұрпақтарын қажыту мүмкін емес еді.

Тәуелсіздік жылдарының алғашқы шақтарында да экономикамыз шаттаяқтап, шекарамыз шегенделмей, сала біткеннің тасы сайға домалаған кезде де біз халықтық сыйпатымыздан, ұлттық болмысымыздан бір сәт алыстаған емеспіз. Алайда сондай ізгі ұлттың ұрпағы – жастар үшін қам көңілдің төрінде бір күдікпен қарайтын мәселе бар.

Соңғы уақыттардағы қоғамдық көріністерді көріп, «өткенімізден жаңылып, түбірімізден жұлынып қалдық па?» деген ойға келемін. Жоқшылыққа қарағанда тоқшылық жаратылысы адамды аздырып, рухани кембағалдыққа ұшарататындай сықылды.

Сананы тұрмыс билеген, сыртқы күштердің әсері қатты уақытта ұрпақ санасын адастырмай, ұлттық болмысымызға қайта табыстыру үшін не істемек керек? Қоғамды құраушы, ел болашағы ретінде жастарды қалай тәрбиелей аламыз. Қайткенде ізгі қоғам статусын қайта қалпына келтіре аламыз? Бүгінгі жазбамызда осы секілді жастар мәселесін зерделейтін боламыз.

Жауапты тараптардың сөзіне сүйенсек елімізде жыл сайын ортақ есеппен 145 мың жастың қатысуымен құқық бұзу жағдайы тіркеледі екен. Мәселен, жыл басынан бері республика бойынша 700-ден аса жас қылмысқа қадам жасаған. Наурыз айының өзінде 378 қылмыстық іс тіркелген. Олардың ішінде ауыр емесі – 32, ауыр¬лығы орташа – 147, ауыр –162, аса ауыр – 15 жағдай орын алған. Жасөспірімдердің қатысуымен орын алған қылмыстарда өткен жылмен салыстырсақ 14%-ға көбею байқалады. Бұл сандарға біздік өңірдің үлесі қанша? Нақты статискалық мәліметтер бойынша біздегі жасөспірімдер қылмысы 44%-ға азайыпты-мыс. Дегенменде, соңғы бір-екі апталықта әлеуметтік желі беттеріндегі жаңалықтар жұрттың жағасын ұстатты. Қызылорда облысының Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде орын алған ессіздік елдің есін шығарып, біздік тәрбиенің тұсын әшкере етті.

Тұтас қоғамды әлекке салып, тиісті тұлғалар жауапқа тартылды. Араға апта салмай бір-біріне пышақ жүгіртіп, топтық төбелестің «төресін» көрсетті. Бұл не нәубет болды дегеннен басқаға шамамыз келмеді. Қазалы оқиғасына қайта оралайық, есінен таңған жасты аяусыз соққылап жатқан бір топ жасөспірімнің ісін көрдік. Көзімізге сенбей, «аяусыз» екен дестік. Мән-жайын біле алмай, кімді кінілау керек екенін түсінбей, тек әлгі баланың амандығын тілеумен отырдық.

Нәтижесінде жауапсыздығы үшін жауапты тұлғаларды жазаланды. Іс қозғалып, қатыстылар заң аясында өз істерін мойынымен көтерін болды. Алайда мәселе бұл жайлы емес, мәселе – жастардың бұзылғанында. Жоғарыда айтылған жағдайға дейін бару үшін қаншалықты қамсыз, қаншалықты аяусыз болуы керек. Обал мен сауаптың бағасынан қашан айрылып қалдық? Жүрегінде миірім деген мерейлі жаратылыстың титімдей жұрнағы қалмаған тасжүрек жастарды тәрбиелеуде қай жерден қате жібердік?

Асылында біз дәстүрімізден тін алған дініміздің, бала тәрбиесіндегі жазылмаған дала заңдарының берік қағидаларынан алыстап қалдық. Бұрындары баласына «Әр қазақ сенің жалғызың, әр қазақ сенің бауырың» деп тәрбие берген отбасыларда қазір эгосы жоғары, амбициясы биік, көңілі тар ұрпақтар легі өсіп келеді. Көпке бірдей топырақ шашып, бес саусақ бірдей екен деуден әсте аулақпыз. Дегенмен, «Ішіне шынтақ айналмайтын Ежірей деген ұлың болады, Ақыл айтсаң ауырып қалатын Бедірей деген қызың болады» деген Мөңке бидің сәуегейлігі осы күнімізді болжап айтылғандай. Кең болуға тәрбиелесек кем болар ма едік? Бұның барлығы да ұлттық ұрпақ тәрбиесінің тұралап тұрған тұсындағы жайттар ма?

Құқық бұзушылық яки аяусыздық, өзі секілді екінші бір адамға деген жасалған барлық қатыгездік – жастар арасындағы бір ғана әлеуметтік мәселе. Осы тектес ушығып тұрған түрлі әлеуметтік топтар мен жағдайлар жетерлік. Шешімін таппай шенділерде, бала қамын күйттеген күйбен тірлікті ата-ана да, замандастарының ақуалына алаңдаған мен секілді жастар да не істерін білмей дал. Осы тұста бізге ата дінімізге арқасүйеу керек секілді. Заң біткенің белінен басып, үлкенді үлкен көрмеген, айтылған ақылды алмай, өзім білемінге салған «жүгенсіздерді» тезге салудың жалғыз жолы – бәлки, ислам болар.

Түгелге жуық қазақ тілді, діндес халық шоғырланған біз секілді облыстарға бұл түсіндіруді қажет етпейтін түсінік. Мұсылмандар сенімінде әкенің бала алдындағы бір міндеті өзін жаратқан Құдайды таныту, тура жолды көрсету болса, баланың әкесінің алдындағы борышы – атына кіл келтірмей, қызықшылығын көрсету. Осы секілді кіші ғана формулланы меңгерген ұрпақ ұятты, әке ожданды болары сөзсіз.

Міне біз аталған отбасы институтының, оның ішінде діни сыйпаттан айырылып қалдық. Қу тіршіліктің күйбенінен қолы тимейтін, бала-шағасын асырау қамымен күндіз-түні үй көрмей жүретін әке-аналар мен әй дейтін әженің алдын көрмеген жастардың да мәселесі ушығып тұр. Осы олқылықтардың ойсыраған орнын толтырар болсақ, жазба басындағы біз арман етіп қарайтын ізгі қоғамымызды қайта құра аламыз.

Ізгі қоғамды құраушы – Ислам. Қоғам мүшелерін ізгілендірудің жолы – исламдандыру, Құдайды таныту, обал мен сауапты, күнә ме қателікті, пайда мен парызды меңгерту. Шынтуайтында, адамдық сыйпатының асыл қасиеттерін үйрету, Отанды сүюді насихаттау, бауырына қамқор болу, заңға бойұсынуға баулу біздік қоғамдың кемшіл тұсы яки сорлылығы. Ол ананың сүтімен, әкенің қанымен берілетін дағдылар.

Осы тұста да өткенімізден алыстап, ұстанғанымыздан ұзап кеткенімізді байқауға болады. Мендік пайым-түсінікте біздегі жалғыз шешім осы. Ізгі қоғамның жастары игілікке бағытталған, отансүйгіш, елжанды, білімдар, өнерге құштар болады деген сенімдеміз.

Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<