Ислам және ізгі қоғам

1141

0

Бүкіл әлемнің Раббысы Алла Тағала әлемді мейіріммен мінсіз күйде жаратты. Оның айналамыздағы әрбір көркем жаратылысы бізді ізгілікке үйретіп, жақсылыққа үндейді. Соның бір дәлелі – қасиетті Рамазан айында мұсылмандардың сауапты амалдарға ұмтылуы екені анық.

Жылына бір рет санаулы күндермен сағындыра келетін Рамазан айының күллі мұсылман қауымы үшін қашанда қадірі ерекше. Ал қазақы тәрбиені берік ұстанып, Ислам парыздарын қал-қадірінше орындауға тырысатын отбасыға келін атанған мен үшін бұл айдың бұрынғы жылдарға қарағанда жөні бөлек болғаны да рас.

Негізінде Исламды дін деп таныған ата-бабаларымыздың өміріндегі басты құндылықтары шариғатпен үндесіп, ерекше үйлесім тапқан. Адамдар арасындағы көркем қарым-қатынас, шынайы ниет асыл дінімізде қаншалықты маңызға ие болса, қазақ қоғамы да бұл тақырыпқа бей-жай қарамайды. Себебі діннің де, ізгі қоғамның да басты өзегі көркем мінез бен жақсылықты насихаттауға бағытталған.

Бірде Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) «Әсемдік неде?» деп сұрағанда: «Әсемдік жылы сөз, жылы жүз және күлімдеуде болады. Кім адамдарды жағымды қарсы алып, оларға жақсы мәміле жасаса, оның ешкімге ауырлығы тимейді және оның бір туыстық мәмілесі мақталады» деп жауап береді.

Қонағы мен көршісін қадір тұтып, қол созғанға сөзбен жылу, іспен асарлата көмектесетін қазақтың осы болмысынан Алла Елшісінің сүннетін аңғаруға болады. Анығында дін мен дәстүрдің бірге өмір сүруі қоғамның кемелденуіне бастайды. Себебі, ұрпағын тек жақсы сөйлеуге, кісінің ала жібін аттамауға, мұсылман бауырын орынсыз ренжітпеуге, қиындық пен қуанышта сабыр мен шүкірді серік етуге, обал мен сауапты ұмытпауға үйрететін қазақ халқының бұл даналығының астарында Жаратушыға деген берік сенім тұратыны анық.

Жуырда көршілес Түркия мемлекетінде орын алған жер сілкінісі әлемдегі барша мұсылманның қабырғасын қайыстырды. Төрткүл дүниенің назары Түркияға түскенде, қазақ жұрты барымен бөлісіп, мұсылман бауырларымен бірге екенін дәлелдеді. Бірі көптің көмегімен жиылған қаржыға Түркия жеріне киіз үй тіксе, енді бірі жедел құтқару тобымен бірге қауіпті аймаққа аттанды. Бұл Түркиядағы халықтың тек түркітілдес, ағайын жұрт болғаны үшін ғана емес, мұсылман ретіндегі тілектестігі еді. Себебі дінімізде мұсылман мұсылманға бауыр екені айтылған.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады» деген. Сириядағы, Палестинадағы мұсылмандар үшін жасалған дұғалар да осындай ізгі ниеттің, дінге деген сенімнің айғағы еді. Жақсылықтың тек ел арасында ғана емес, әлемде үстемдік құруына алпауыт күш емес, шынайы ниеттің жеткілікті екенін көруге болады. Ал осындай құндылықтарға құрылған қоғамның қашанда ізгілік жолында екені анық. Әлемде ізгі қоғамның қалыптасуына ықпал ететін түрлі мысал бар. Бірақ осы мақаланы жазу барысында жоғарыда айтылған өз отбасымдағы жағдайды ерекше атап өткім келеді. Себебі ізгілікке апаратын әрбір кішкене қадам отбасындағы үлгіден басталады.

Алпысты алқымдаған атам мен енемнің таңы Алланы еске алып, намаз оқумен басталуы бәріміздің күніміздің берекелі болуына ықпал ететіндей әсер қалдырады. Ал сәресі мен ауызашар уақытында дастархан басына жиналған сәт тіпті ерекше. Асқа қол созбас бұрын әндете оқылған Құран бізге сәт сайын Жаратушыға құлшылық етуді бұйыратындай. Тағы бір көпшілік үшін білінбейтін нығмет, ол атамның өзге мұсылмандар жайлы сөз етпеуі, ара-тұра әңгіме арасында әлдекімнің айыбы айтыла қалса, дереу ақтап алып түзетуі, анығын білмей тұрып қоғамдағы жағдайларды талқыламауы еді. Көңілге қуаныш сыйлайтын жайттың бірі, дінге де, дәстүрге де адал сол кісінің жақындарына айтатын ескертуі еді. Алғашында бұл жағдай маған таңсық әрі қызық көрінді. Себебі көп отбасында бейғамдықпен мұндай дүниелер ескерусіз қалатыны жасырын емес. Көпті көрген кісінің «Бүгін Рамазан айының оныншы күні. Бұл ай тез өтіп, енді бір жылдан соң ғана келеді. Сондықтан құлшылыққа мән беріп, бекем болыңдар» деп тарауих намазына жиналып жатып, әр сөзін салмақтай отырып ескертуі қарапайым дүние көрінгенмен, біз үшін ең жақсы үлгі екені даусыз. «Міне көзді ашып-жұмғанша Рамазан айының соңғы он күндігіне келдік.

Қадір түнінің қасиетін білесіңдер, сол үшін құр сөз бен желідегі қызықты қарауды азайтып, амалдарыңды жақсартыңдар» деген көркем түрде ескертуі де жай ғана сөз емес еді. Өзі айтып қана қоймай, сол сөзіне амал ететін атаның тарауих намазынан келген соң Құран оқыған дауысын естігенде бізге анық білдірместен жақсылықты өнеге ететінін байқауға болады.

«Қазақ халқы талай жыл өзге елдің боданында болып, тілі мен дінінен ажырап қалды, енді ғана осы құндылықтарға мән беруде» деген түсінік қоғамда әлі де бар. Бірақ «Алласыз» іс бастамаған, шүкірі мен тәубесін ұмытпаған, қуанса да, қорықса да Жаратушыдан жәрдем сұраған қазақ қандай сәттерде болсын дін мен дәстүрден ажырамағанын алдыңғы буынның өмірлік ұстанымдарынан аңғаруға болады.

Бұл бір ғана қазақ отбасындағы жағдайды суреттеп, үзік-үзік айтылған сәттер. Бірақ барлық отбасында әрбір адам осындай жылылық пен жанашыр ниетті сезініп өссе, қоғамда өзгеге зиянын тигізуден алыс, жақсылықты насихаттауға себепші жандардың қатары артары анық. Себебі мейірімге қанып, дінді жүрегімен сезініп, дәстүрдің мәнін түсінетін әрбір мұсылман ізгі қоғамның іргетасын қалауға үлес қосуға ұмтылады.

Біз аңсайтын, сол деңгейге жетуге ұмтылатын ізгі қоғамның бір көрінісі ̶ адамдардың бір-біріне тек осы дүниенің қызығы мен қиындығында көмек беруі ғана емес, ақыреттік амалдарына да жәрдемдесуі болса керек. Бүгінгі буынның әрбір амалы мен күні Рамазан айындағыдай жақсылықты ниет етіп, ізгілікке бастаса, Ислам құндылықтарын дәріптеген ата-бабаларымыздың дін мен дәстүрге берік жолында бекем болары анық.

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<