Испания – Еуропа чемпионы

58

0

Сурет ашық дереккөзден

Испания құрамасы футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионы атанды. Олар финалда Англиядан 2:1 есебімен басым түсті.

Кездесу барысында алғашқы минуттарда испаниялық футболшылар белсенділігімен ерекшеленді. Қос қанаттан шабуыл жасап, гол соғуға жақын болды. Десе де бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Екінші кезең басталған сәтте испаниялық футболшылар есеп ашып кетті. Небәрі 17 жастағы Ламин Ямаль әріптесі Нико Уильямске нәтижелі пас шығарып берді. Соңғысы  қақпаны дәл көздеп, өз құрамасын алға шығарды. Ламин Ямаль құрлықтық додада өзін осылайша жақсы қырынан танытты. Әріптестері төрт мәрте нәтижелі пас шығарса, екі голдың авторы атанды.

Англиялық футболшылар да таразы басын теңестіруге ұмтылды. Оған испаниялық қорғаушылар лайықты тосқауыл қойды. Есесіне ағылшын құрамасы өз қақпасына гол жіберіп ала жаздады. Бұл сәттерде қақпашы Джордан Пикфорд сенімді ойын көрсетті. Ойынның 73-минутында англиялық Коул Палмер таразы басын теңестірсе, 86-минутта испаниялық Микель Оярсабаль жеңіс голын соқты.

Осылайша Испания өзінің тарихында төртінші мәрте Еуропа чемпионы атанды. Айта кетсек, олар бұдан бұрын 1964, 2008, 2012 жылдары құрлықтық додада жеңімпаз болған еді.

Екі құрама бұған дейін 27 мәрте кездесіп, 10-дa Испания, 13-де Англия басым түссе, қалғанында тең нәтиже тіркелді.

Еуропа чемпионаты 1960 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Қазірге дейін Германия, Испания  3, Италия, Франция  2, КСРО, Португалия, Чехословакия, Нидерланд, Дания мен Грекия  1 мәртеден жеңіс тұғырына көтерілді.

Енді 2028 жылғы Еуропа чемпионаты Ұлыбритания және Ирландияда өткізіледі.

Сондай-ақ Америка кубогі мәресіне жетті. Бұл турнирде Лионель Месси бастаған Аргентина құрамасы жеңіс тұғырына көтерілді. Олар финалда Колумбияны 1:0 есебімен жеңіп, өз құрлығында кімнің мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Аргентина өз тарихында 16 мәрте кубок иегері атанып, рекорд жаңартты. Бұл дүбірлі додада әр жылдары Уругвай 15, Бразилия 9, Парагвай, Чили және Перу құрамалары екі реттен топ жарған еді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<