IT саласын дамытудағы айқын жоба

419

0

Алдағы 7 жылда Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университеті, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен аймақтағы іргелі оқу орны – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті базасында жасанды интеллект мектебі жұмысын бастайды. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректор Бейбіткүл Кәрімова баяндады.

–Жақында облыс әкімі Н.Нәлібаев бастап университет делегациясы Оңтүстік Корея мемлекетіне жұмыс сапарымен барған болатын. Онда бірқатар университеттермен жоғары білім саласына қатысты ауқымды жобалар мақұлданып, екіжақты келісім жүргізілді. Соның нәтижесінде Корея Республикасының Үкіметі бекіткен, Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университеті үйлестіретін «Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жетекші университет» жобасы іске асырылатын болды. Бұл жоба аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университеті бірлесіп алдағы 7 жылда жасанды интеллект мектебін ашуды жүзеге асырмақ. Бұл мектеп білім алушыларға 3 бағыт бойынша оқу процесін жүргізеді, – дейді Б.Кәрімова.

Университет ректорының айтуынша, Корея мемлекетіне іссапар барысында екі ел арасындағы байланысты нығайту және ондағы университет өкілдерімен бірлесіп, тың жобаларды іске асыру жөнінде бірқатар шешімдер қабылданған. Айталық, «Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жетекші университет» жобасы нақты жүзеге асырылған уақытта тек Қызылорда облысы ғана емес, еліміздің барлық аймағынан, тіпті көршілес елдерден білім алушылар келуіне мүмкіндік бар.

– Өздеріңіз білесіздер, Корея мемлекетінде IT бағыты қарқынды дамыған. Сондай-ақ, озық технологияларды шығаруда әлемде алдыңғы қатарда. Осы мақсатта Қорқыт ата университетінде IT орталығының ашылуы, жоғарыда айтылған жасанды интеллект мектебінің жұмысын бастауы дамушы елдің білім беру саласындағы мол тәжірибесін үйренуге мүмкіндік береді. Ал жобаның іске асырылуына Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университеті мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржылай қолдау көрсетеді. Жоба шеңберінде киберқауіпсіздік, жасанды интеллект, компьютерлік ғылымдар бағыты бойынша білім беру бағдарламаларын ашу, сондай-ақ, бизнес-инкубатор орталығын іске қосу да жоспарлануда, – деді Б.Кәрімова.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<