ҚИЯҒА ҚАНАТ ҚАҚҚАНДАР

673

0

Елбасымыздың дәстүрлі Жолдауын насихаттау тұрақты дәстүрге айналды. Әсіресе идеология саласының, ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері зор белсенділік танытуда. Бұл бағытта Арал өңірінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Аудан әкімдігінің қаулысымен құрылған ақпарттық-насихаттық топтың құрамы елді мекендерді түгелге жуық аралап шықты. Ортақ істен округ әкімдері де қалыс қалмады. Олар тұрғындармен өткен кездесуде Жолдаудың басым бағыттарына түсіндірме жасап, өз үлестерін қосты. Жыраулар үйінің өнерпаздары ұйымдастырған «Жыр-думан» атты концерттік бағдарламасы Октябрь, Сазды, Мергенсай елді мекендері, Сексеуіл кентін аралап дала перзенттеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. 
Әдетте кітапханашыларды «руханият шырақшысы» деп текке атамайды. Жолдау аясында кітапханашылар «Жарқын болашаққа сенеміз» тақырыбымен дөңгелек үстел өткізген еді. Жалын жігер жастар жүздесуде көкейіндегі ойларын, ұсыныстарын ортаға салды. Ел болашағы есептелетін ұландарымыз өздерінің Жолдаудан үлкен үміт күтетіндерін жеткізді. Кәсіпкерлермен кездесуде «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының маңыздылығы, кіші кәсіпкерлікті дамыту, несиелендіру жайы, әлемдік дағдарыстың алдын алу мәселесі әңгіме өзегіне айналды. Кәсіпкерлер тарапынан сұрақтар қойылып, тұшымды жауап қайтарылды. 
Аудан әкімінің орынбасары бекіткен медиа-жоспармен Жолдау туралы мақалалар БАҚ беттерінде тұрақты жарияланып келеді. Нақты кезеңде Арал ауданында «Толқын», «Үмітті Арал», «Құрылтай» газеттері жұмыс жасауда. Оқырмандар санының жылдан-жылға артуы бұл басылымдардың көпшілік арасында беделді екендігін аңғартады. Газеттер почта торабынан таратылады. Тұрғындарды отандық спутниктік «Отау-ТВ» телеарнасымен қамтуда нақты шаралар атқарылуда. Хаттар жолданып, оған қосылатын отбасылардың тізімдері жинақталуда. 
Біздің елімізде ҮЕҰ нақты қолдауға ие. Бірі мүмкіндігі шектеулі жандардың мұңын мұңдаса, екіншісі зейнеткерлер мен тұтынушылардың жоғын жоқтайды. Теңіз төскейінде 6 қоғамдық ұйым тұрақты жұмыс жасайды. Азаматтық қоғам институттарының ықпалын арттыруға байланысты акциялар, конференцияларға ҮЕҰ, кәсіпорын басшылары көптеп тартылуда.
Заманның тұтқасы да, қожасы да – жастар. Аудандағы 20 436 адам жастар өкілдері деп есептеледі. Жастар арасындағы масылдықты жоюда тұрақты жұмыс орнымен, қоғамдық жұмыспен қамту назарда тұр. «Бейнеу-Сексеуіл-Жезқазған» теміржол құрлысы көп ұзамай ел игілігіне берілеріне сенім кәміл. Ішкі саясат бөлімі жастар саясатын жүргізуде бір сәтке де босаңсымайды. «Ғайберен» қоғамдық бірлестігі мен «ЖасАрал өрендері» жастар қоғамдық бірлестігінің негізгі ұстанымы – патриоттыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, тазалық, экологиялық салауатты өмір салтын қалыптастыруға баулу. Олар ұйымдастырған түрлі акциялар дарындарды, шығармашылық жастарды қолдау, бұқаралық спортты дамыту жайы көпшілік тарапынан лайықты бағалануда. «Маусымашар – 2013» көңілді тапқыштар командасының лигасына 10 команда қатысты. Жеңімпаздар номинациялармен, бағалы сыйлықтармен, алғыс хатпен марапатталды. Аула клубтары арасында мәреге жеткен «Менің аула клубым» атты суреттер сайысы, қолөнер бұйымдарының байқауы, сахналық көріністер, қазіргі заманауи би жарысы көрермендерін сүйсіндірді. «Жас талант» аула клубының ашылу салтанаты мәнділігімен ерекшеленді. Жастар орталығын іске қосу үшін ғимаратпен қамтамасыз ету, материалдық базасын қалыптастыруға талаптануда. 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<