Қорқыт ата университетінің ғылыми кітапханасы – білім алушылардың қоғамдық дүниетанымын қалыптастыратын, өмірлік бағытын айқындайтын ғылыми ізденіс пен таным орталығы.
Ғылыми кітапхананың стратегиялық мақсаты – ақпараттық ресурстарды пайдаланушылардың барлық топтарына бірдей барынша қолжетімді болу. Бұл мақсатқа жетудің маңызды құралы – заманауи электрондық кітапхана,сандық технологияларды қолдану, ғылыми қорды сақтау, басқару, мүмкіндіктерді кеңейту.
Ғылыми кітапхана қызметкерлері оқуға, оқытуға және білімге қолжетімділікті толық қамтамасыз ету мақсатында аянбай еңбек етіп, университеттің тыныс-тіршілігімен тығыз байланыста жұмыс жасап келеді. Оқырмандарға 4 оқу және электронды зал, 3 абонемент, сирек кездесетін кітаптар және жатақханадағы кітап беру пункті арқылы қызмет көрсетеді.
Университет басшылығының қолдауымен қызмет көрсету сапасын арттыру үшін университет тарихында алғаш рет 2022 жылы ғылыми Студенттер сарайындағы қызмет көрсету бөлімі модернизациядан өтіп, жаңа үлгідегі заманауи OPEN SPACE форматындағы кітапхана іске қосылып, бүгінгі күні білім алушылардың рухани орталығына айналып отыр.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы білім экономикасына көшуді қамтамасыз ету үшін креативті қоғам құруға бағытталған «Адами капиталды дамыту» бағыты бойынша қазақстандық жоғары оқу орындарының алдына міндеттер қойып отыр. Олар жаңа білім мен инновациялар орталығына айналуы, экономиканың басым секторларын білікті кадрлық ресурстармен қамтамасыз етуі, рухани-интеллигенттік элитаны тәрбиелеуі тиіс. Осы стратегиялық міндеттерді шешу барысында жоғары оқу орындары кітапханаларының ролі зор, кітапханалық қызмет те инновациялық тұрғыда заманауи болуы тиіс.
Университеттің ғылыми кітапханасы жаңа технологияларды белсенді түрде игеріп, кітапхана ісін автоматтандыру жұмысын одан әрі жетілдіруде. «МегаПро» электронды кітапханасы 24/7 режимінде жұмыс жасайды, кітапхана қызметін пайдаланушыларға қашықтан тапсырыс беруге мүмкіндік жасалған, оқырмандардың жеке кабинеті бар.
«Цифрлық кітапхана» жобасын жүзеге асыруда ғылыми кітапханада университеттің оқытушылары мен білім алушылары үшін отандық және шетелдік сыртқы электронды базаларды пайдалануға барлық мүмкіндіктер жасалған. Сондай-ақ отандық ашық электронды ресурстарды пайдалана алады.
Бүгінгі күні университет кітапханасы білім алушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді пайдалануда және рухани дамуында заманауи ақпараттық-танымдық орталыққа айналып отыр.
Гүлмира САТБАЕВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғылыми кітапханасының директоры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<