Баяғы Бейімбет атамыздың «Қайдан келесің, соттан келемін» дейтін өлеңінің өміршеңдігі бүгінгі біздің заманымыздың да күн тәртібінен түскен жоқ. Сондықтан ел ішіндегі татулықтың тінін үзбей, түбін бұзбай ұстап тұру қай кезде де сот қызметінің міндеті болып келеді.
Тәуелсіздіктің отыз жылында сот саласында ізгілендіру, қолжетімділік, азаматтардың құқын қорғауды жетілдіру секілді жаңашылдықтар жолға қойылды. Солардың ең бастысы – билер кеңесі, сотқа дейінгі татуласу орталықтарының жұмысы болғаны анық.
Осы мәселелер жөнінде біз облыстық Соттар әкімшісінің басшысы Сағатбек Сүлейменнен сыр тарттық.
– Сағатбек Болатбекұлы, сіз сот саласында көп жылдан қызмет етіп келесіз. Тергеуші, криминалист, Бас прокуратураның аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі, Шиелі аудандық, Қызылорда қалалық №2 сот төрағасы, Ауданаралық қылмыстық соттың төрағасы, Бас прокурордың аса маңызды істер жөніндегі көмекшісі, департамент басшысы, Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі секілді қызмет сатыларынан өттіңіз.
Алдымен отыз жыл бедеріндегі сот жүйесінде орын алған өзгеріс пен жаңалықтарға бір тоқталып өтсеңіз…
– Елбасы егемендіктің алғашқы күндерінен-ақ тәуелсіз сот, қуатты құқық қорғау органдарын құруды демократиялық, құқықтық мемлекетті нығайтудың басым бағыттарының бірі ретінде белгіледі.
Тәуелсіздік табалдырығын аттаған 1991 жылдан бастап жүргізілген реформалар дербес сот билігінің қалыптасуы мен орнығуына, сот жүйесінің ұйымдық негіздерінің дамуына, соттың тәуелсіздігін нығайтуға бағытталды. Сот жүйесінде болған түбегейлі өзгерістер әрбір азаматтың өз құқықтарын сот арқылы жүзеге асыруына жол ашты, сот билігіне деген сенімін күшейтті.
2000 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының соттары мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң сот жүйесін қалыптастыру мен жетілдірудің маңызды қадамы болды. Судьялардың әлеуметтік жағдайы қажетті деңгейде қамсыздандырылып, қызметі материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етілді. Тәуелсіз сот жүйесін жетілдіруге аталған заң өз үлесін қосты. Осы уақыт аралығында мамандандырылған соттар құрылды. Алқабилер институты енгізіліп, қамауға алу құзыры прокуратурадан соттарға берілді. Барлық деңгейдегі соттарда электрондық терминалдар мен бейнебайланыс жүйелері, басқа да ғылым мен техниканың соңғы жетістіктері енгізілді.
2015 жылғы Ұлт жоспары сот жүйесі дамуының жаңа кезеңіне негіз қалады. Бес сатының орнына үш сатылы – бірінші саты, апелляциялық, кассациялық саты аталымындағы сот құрылымына көштік. Судьялар корпусы мен сот актілерінің сапасына қатысты талап күшейтілді.
Республика бойынша 2002 жылы мамандандырылған экономикалық соттар, 2004 жылы әкімшілік соттар, 2010 жылы қылмыстық істер жөніндегі соттар, 2012 жылы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттар құрылды.
Елбасының 2010 жылғы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында еліміздің заңдарын ізгілендіру мақсаты қойылды. Соттар балама жаза түрлері мен бітімгершілік рәсімдерін қолдана бастады. Ал, Елбасының осы жылдың тамыз айындағы «Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығында «Қылмыстық сот ісін жүргізуде бітімгерлік рәсімдерді кеңейтуге, оның ішінде медиация институтын дамытуға, сондай-ақ, жеке ашық айыптау қылмыстық істерінің санатын кеңейтуге» тапсырма беріп, 2011 жылы дауларды шешудің қосымша әдісі ретінде «Медиация туралы» заң қабылданды.
– Жоғарғы Сот Төрағасының кеңесшісі бола жүріп, сотқа дейінгі татуласу жобасының жетекшісі есебінде барлық облыстарды аралағаныңыздан хабардармыз. Жоба қандай нәтижелер берді?
– Бұл тікелей Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Қажыманұлының бастамасымен құрылған жеті жобаның бірі болатын.
Осы пилоттық жобаны сынақтан өткізу үшін алдымен қазақтықтың қаймағы бұзылмаған, ұлт құндылықтарын сақтай білген қасиетті өлке Сыр өңірін таңдаған едік.
Бұл жобалардың негізгі мақсаты – даудың барлығы сотта шешіледі деген нанымды, сана парадигмасын өзгертудің жолдарын табу. Мұндай жолдарға үгіт-насихат арқылы жұртшылыққа дауды шешудің балама әдістерін үйрету, татуласу орталықтарын ашып, тегін, сапалы, кешенді қызмет көрсету, билер институтын жаңғырту, оны дау шешудегі балама әдіс ретінде қолдану секілді жаңашылдықпен жетуге болатынын дәлелдедік.
Осы кезеңде бізстатистикалық мәліметтерге сай бір Қызылорда облысында адам басына шаққанда әрбір бесінші азаматтың дауға тартылып, соттасып жүргенін байқадық.
Қазақ халқы – ежелден уәжге тоқтап, сөз қадірін білген халық, аңғалдығы мен адалдығын жоғалтпаған, дана халық. Бір атын бір атым насыбайға бере салған жомарт жұрт. Осындай сақталған қасиеттеріміз бола тұра ұлттық санамыздың улануы ма, әлде жаһандану толқынының әсері ме, күннен-күнге кесірлі, жылдан-жылға жалалы болып бара жатқанымызды қалай жасырамыз. Осыны тоқтату, болмаса қалыптасқан ахуалды мұнан да жақсарта түсу өз қолымызда екенін естен шығармауға тиіспіз. Жалпы қандай да бір бастаманың мәні мен мақсаты ізгілік пен игілікті көздесе, оны түсінбейтін адам, тыңдамайтын құлақ болмайды.
Статистикалық мәліметтерге сай, өршіп тұрған даулардың көпшілігі неке бұзу, баласын, ата-анасын, жұбайын асырау үшін алимент өндіру, тұрғын үй, жер, мүлік даулары болып келеді.
Біздің аймақта 2020 жылы неке бұзу санаты бойынша 2449 талап арыз түскен, әрбір үшінші неке бұзылған. Сонда, орта есеппен әр отбасында 2 бала бар деп алсақ, бір жылда 5 мыңға жуық бала әке немесе ана тәрбиесінен айырылып, әлеуметтік жетім балалардың қатарына қосылады. Дәстүрлі құндылықтар арзандап, материалдық игіліктер көбірек дәріптелетін бүгінгі қоғамда бір-біріне деген мейірімі мен сыйластығы азайып, адамдар да қатыгезденіп барады.
Бізде ажырасу оңай шешілетін процедураға айналған. Әрине, ажырасу тек әйелге емес, бала-шағасын асырай алмайтын бойкүйез ер адамға да байланысты болып жатады, кейде. Баяғыдағы ерден кетсе де, елден кетпейтін аяулы жандар жоқ, қазір. «Кімнің қызы қайтып келмей жатыр» деген сөз төркіні де сонда.
Ажырасуды қоғамымыз қор көрмейтін болған соң, жасы да, кәрісі де оған арланбайтын болды. Отбасы адам баласының алтын діңгегі, ұлттық тәрбиенің ошағы, мемлекеттің тірегі дейтін болсақ, бұл қалпымызбен қайда барамыз деген заңды сұрақ туындайды. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген қазақ жаңылған отбасында жарымжан баланың қалыптасатынын қашшан-ақ білген. Бұл ұлттық қасірет, ендеше! Ал, соттар ерлі-зайыптыларға тек татуласуға мерзім берумен шектеліп, олардың арасында жүрмейді, қарым-қатынас жасап үгіттей алмайды, процессуалдық емес қатынасқа түсе алмайды.
Бұл әлеуметтік құбылыспен қоғам болып бірігіп күресу керектігі әлдеқашан айтылып келе жатыр емес пе?
Сондықтан да, оларға ақсақалдардың кеңесі, медиаторлар мен кәсіби психологтардың, жастар саясатымен айналысатын ұйымдардың жүйелі көмектері қажет.
Ал, жер дауы, мүлік дауларының түбіне үңілсек, жанжалдасып қалған жандар бір-бірін жеңемін деп, ымыраға келмей, соттың есігін тоздырады. Сотты адамдар өш алудың құралына айналдырып алған. Келісу мәдениетіміз мәнін жоғалтқан. Жан-жағындағы ағайын-туыс дауды басудың орнына, олардың қолтығына су бүркіп, мәселені ушықтыруға бейім.
Бір кісі өз көршісімен оның қорасындағы жайқалып тұрған теректің жапырағы менің қорама түсті деп соттасқан. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген қасиетті сөзіміз қайда қалды, сонда?
Мұндай ұсақ-түйекпен соттасқандардың өзі бітімге келе бермейді, себебі, ол уақытқа дейін ашуға беріліп, бір-біріне ауыр сөздер айтады, ызалары ұлғайып, моральдық және материалдық шығынға ұшырайды.
– Сотқа дейінгі орталықтардың шешімімен бітімге келетіндер көп пе?
– Жанжалдасып қалған адамдардың арасындағы дауды сотқа жеткізбей, оны ушықтырмай бітіммен, ымырамен шешу олардың арасындағы ашу-ызаны басып, кешірімге келтіре алады. Өздері білетін, елге белгілі ақсақалдардың аузынан «Алдыңа келсе – атаңның құнын кеш» деген асыл сөз есту оларға тез ой салады. Мұндай мысалдар би-шешендер тарихында өте көп.
Ата жолымен еліне еге болып, ауыл-аймағына ақылын айтып, өзара даудан, араздықтан сақтап келе жатқан игі жақсыларымыз да баршылық. Солардың бірі ретінде Н.Ілиясов ауылының ардагер ақсақалдары қолға алған қоғамдық бірлестік қызметін атап айтуға болады. Ынтымағы жарасқан, дуалы ауыздан айтылған сөзге тоқтаған халқы бар мұндай ауылдар аз емес. Мысалы, Қармақшы ауданының Көмекбаев ауылында осы бүгінге дейін дау қуған немесе сотталған бір адам болмапты.
Осындай дәстүрді әрбір ауылдан көрсек, нұр үстіне нұр. Біздің көтеріп отырған мәселеміз де – осы.
«Сотсыз татуласу орталығы» – айтысып жүрген ағайындарымызды ымыраға келтіріп, бітімге шақыратын, оның артықшылығын, ұтымды жағын ашып көрсететін, сотқа жеткізбей татуласатын орын.
Оған – медиаторлар, психологтар, отставкадағы судьялар, елге қадірі бар ақсақалдар, т.б. мықты мамандар топтасқан.
Орталық тек дауды шешу ордасы болып қана тұрмай, ол халықтың санасына оң әсерін тигізетін, соттасудың өзі ұят екенін, табиғатымызға жат қылық екенін насихаттайтын, ұлттық идеологиямызды нығайтатын қоғам ордасы болуы тиіс.
Соттар дау шешуден қашып отырған жоқ, керісінше, елімізде дауласушылардың көбейіп бара жатқанына алаңдаулы. Елбасымыз, халықтың өмір сүру салтына бейімдеп, тікелей бастама көтеріп отырғанда оны жолға қоятын, қолға алатын азаматтардың да әріден ойланатын кезеңі келді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының да негізгі өзегі осы – ұлы санаға, ұлттық болмысқа оралу. Ал, өзара татуласу, ауыл-үйдің әңгімесін сотқа дейін жеткізбеу мәселесі де – рухани жаңғырудың бір тармағы. Себебі, біз қазақтың төл болмысындағы «ұят болады», «ағайынның азары болса да, безері жоқ» деген қасиеттерімізді жоғалту алдында тұрмыз. Бұл – ащы да болса ақиқат.
– Қазіргі күні облысымызда татуласу орталықтарының жұмысы жақсы жолға қойылған деп айта аласыз ба?
– Өкінішке орай, олай емес. Татуласу орталықтары ашылып, қайта жабылып жатыр. Оның негізгі жұмысы да елдің ынтымағы, яғни, әкімшілікке қарайтын құзырлы орындардың жұмысын жеңілдету емес пе? Осыны түсіндірудің қажеті бар ма?
Бұл орталықтардың әуелі басшысы, билері, медиаторы, психологы алқалы түрде таңдалып, жергілікті бюджеттен айлық алып, халыққа сапалы, тегін қызмет көрсетулері қажет. Сонда ғана орталық соттың баламасы түріндегі дау шешетін орын, әлеуметтік мәселелерді де шешетін орда болады.
Орайы келгенде айтып өткен жөн. Облыстық Билер кеңесінің жұмыс кабинеті жоқ. Осы орталықтар қайта жандандырылып, Билер кеңесі орталыққа орналасып, қызметін халыққа ұсынса, дауласушы азаматтарға тиімді болар еді!
Дегенмен де, облысымызда Билер кеңесі жұмыс істейді, оны Сыр еліне белгілі ардагерлеріміздің бірі Зейнолла Нұрсейітов ағамыз басқарып келеді. Оның да өз тарапынан шешіп жатқан нәтижелі жұмыстары бар. Ауылдың ауызбіршілігін қалыптастырып, іргесін бүтіндеп отыруға жалғыз Билер кеңесі билігінің аздық ететіні айтпаса да түсінікті.
Олар расында адамдардың тату өмір сүру қағидаттарымен айналыса алады. Осыны тез түсініп алған республикалық телеарналар «Кел, татуласайық», «Дау-дамайсыз» деген тікелей хабарлар ашып, елді әрі қызықтырды, әрі елге тәрбие таратты. Біздің жобаның нәтижесіндегі «продукт».
– Өзіңіздің жұмысыңыздың бағыттары мен міндеттерін атап өтесіз бе?
– Соттардың үздіксіз жұмысын толықтай ұйымдастырып, материалдық жағынан қамтамасыз ету – соттар әкімшісінің негізгі қызметіне жатады.
Қызылорда облысы соттарының материалдық-техникалық базасы талапқа сай деп айтуға толық негіз бар. Қалыпты жұмысты қамтамасыз ету мақсатында судьялар мен мамандар тиісті құралдар орнатылған қажетті бөлмелермен қамтамасыз етілген.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соттың бастамасымен жеті жоба саланың қарыштап дамуына септігін тигізді.
Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік соты 2019 жылдан бастап істерді 100 процент электронды түрде қабылдап, электронды форматта қарап келеді. Республика бойынша әкімшілік істерді қабылдап, қарауды толықтай электронды форматқа көшірген алғашқы сот. Айта кету керек, бұл жұмыстарды ұйымдастыруда кеңсе меңгерушісі Айгүл Абылаеваның еңбегі зор.
Сонымен бірге, 2019-2020 жылдан бастап электронды форматқа толықтай көшірілген соттардың кеңсе меңгерушілері жақсы нәтижелер көрсетіп келеді.
Соттар істі электронды түрде қарап, іс бойынша қабылдаған сот актілерін аталған жүйеге енгізеді. Бұл әдіс тек қана сот жүйесін емес, барлық мемлекеттік органдарға қағазбастылықтан арылуға, уақытты үнемдеуге, жүйе жұмысының ашықтығын арттыруға мүмкіншілік беріп отыр.
Сот отырыстарына мобильді қосымшалардың көмегімен қашықтан қатысуға болады. Мұндай мүмкіндік азаматтардың уақытын үнемдейді, сот отырысының уақытылы өткізілуін қамтамасыз етеді. Əсіресе, қазіргідей карантиндік шектеулер кезеңінде заманауи технологиялар өзінің тиімділігін дəлелдеп, кез келген істе таптырмас құрал екендігін көрсетіп отыр.
Сот отырыстары өткізілетін залдардың барлығы бейне және аудио құрылғыларымен қамтамасыз етілген. Бұл – процеске қатысушы әрбір адамның құқықтары қорғалады деген сөз. Сот процестеріне жаңа технологияларды қолдану сот төрелігінің ашықтығы мен айқындылығын айшықтап, хаттама сапасын арттырады.
2020 жылдың 16 наурызынан бастап пандемия кезінде барлық соттарда сот отырыстары қашықтан – Zoom, WhatsApp, True Cоnf, тағы басқа бағдарламалар арқылы өтті. Өткен жылы 19556 сот отырысы онлайн жүйеде жүргізілген. Әр күн сайын 100-120 сот отырысы онлайн өткен. Мұнан сот мәжілістерінің бір күнге де тоқтамағанын көруге болады, бұл – сот мамандарының тынымсыз қызметтерінің арқасында қол жеткізілген үлкен нәтиже.
Бүгінгі күні онлайн режимінде сот процестеріне қатысушы кейбір тараптардан мобильді бейнеконференц байланыстың сапасының нашарлығы туралы келіп түсетін шағымдар да жоқ емес. Алайда, қашықтан өткізіліп жатқан сот процестерінің сапасы процеске қатысушылардың интернет жылдамдығына тікелей байланысты.
Біздің міндетіміз сот төрағаларымен бірігіп, судьяларға алаңсыз қызмет етулеріне жағдай жасау.
Мұндағы мақсат – еліміздің азаматтарының сапалы да әділетті сотпен қорғану құқығын қамтамасыз ету, азаматтардың сотқа деген сенімін одан әрі арттырып, Конституция мен заң талаптарының бұлжытпай орындалуына ықпал ету. Сот төрелігінің әділдігі мен толық орындалуы – еліміздің кемел болмысының көрінісі. Сот жүйесінің дамуы үздіксіз жүріп отырады. Сондықтан, оны үздіксіз жетілдіріп, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету қоғамның біртұтас дамуына оң әсерін тигізеді.
Сұхбаттасқан
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<