Ядролық сынақ тоқтаған күн

576

0

Облыс орталығындағы «Тағзым» алаңында Семей ядролық полигонының жабылуы күніне байланысты апаттан қаза тапқандарды еске алу іс-шарасы өтті.

Оған облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев және «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Сәбит Ыдырысұлы қатысты.

Тарихтан белгілі 29 тамыз – Тәуелсіз Қазақстанның өз еркімен атом қару-жарағынан бас тартып, әлемге өзінің бейбітсүйгіштігін паш еткен күні. Семей атом сынағының 1991 жылдың 29 тамызында жабылуы еліміз үшін теңдесі жоқ қуаныш болды. Бұл шешім әлі күнге дейін өміршеңдігін жоғалтқан емес. Ядролық сынақты тоқтату арқылы Қазақстан өз имиджін қалыптастырды.

̶ Тәуелсіздікпен бірге келген жетістіктеріміздің бірі Семей атом полигонының жабылуы еді. Тарихқа көз салсақ, сынақ полигоны Кеңес одағының аса маңызды стратегиялық объектісі болғаны белгілі. 18 млн гектар жерге орнатылған полигонда 456 ядролық және термоядролық жарылыс жасалған. Олардың 116-сы ашық түрде болды. Полигонда әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан бірнеше есе көп болған. Халықтың басына түскен нәубетке бей-жай қарай алмаған азаматтар 1989 жылы қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің бастауымен алғашқы митинг өткізді. Осылайша 1991 жылы Қазақстан атом бомбасынан өз еркімен бас тартқан алғашқы мемлекет болып тарихта қалды. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай, – деді Ш.Байманов.

Іс-шараға жиналғандар Семей ядролық полигонында қаза тапқан қандастарымыздың рухына бас иіп, оларды бір сәт үнсіздікпен еске алды. Соңында құрбандардың рухына құран бағышталып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<