Эколог-жазушымен кездесті

565

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлын қабылдап, Арал теңізін қалпына келтіру мәселесін талқылады.


Кездесуде эколог-жазушы аймақ бас­шысының Сырдария өзеніндегі су тапшылығына байланысты күріш алқаптарын азайтып, ауылшаруашылық саласын әртараптандыру жобасын қолдайтынын жеткізді.


– Жақында сіздің республикалық теле­арналарға берген сұхбатыңызды көрдім. Онда су тапшылығына байланысты суды көп қажет ететін күріш алқаптарын азайтып, ауыл­шаруашылық саласын әртараптандыру қажет екендігін айттыңыз. Бұл жоба – өте дұрыс шешім. Қазіргі таңда Сырдария өзенінде су өте аз мөлшерде, күріш алқаптары сол су­дың теңізге жетуіне мүмкіндік бермеуде. Сон­дықтан суды үнемдеу арқылы Арал теңізін қалпына келтіруге жұмыс жасаған абзал, – деді эколог-жазушы.


Аймақ басшысы Арал теңізін сақтап қалу және қайта қалпына келтіру бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі екендігін айтты. Сонымен қатар, ауылшаруашылық саласын әртараптандырудың маңызы ерекше екенін жеткізді.


– Кешегі пандемия кезінде біз азық-түлік өнімдерін көрші облыс­тар­дан алдырдық. Қарапайым көк­өніс­тердің өзін сырттан тасыдық. Сон­дықтан ауыл­шаруашылық саласын әртарап­тандыру арқылы қажеттілікті өзімізден өндіруді жоспарлап отырмыз. Бұл – бір жа­ғынан су тапшылығынан туындаған жос­пар, екінші жағынан Арал теңізіне мол су жіберудің амалы, – деді облыс әкімі.


Сондай-ақ, кездесуде С.Жұбатырұлы 1921 жылы Поволжье мен Ресейдің құр­ғақшылық кезінде аштықтан зар­дап шеккен халқына көмек көр­­сету мақсатында Арал балық­шы­­­­ларының 14 вагон балық жө­нел­ту тарихи оқиғасының 100 жыл­дығына орай ғылыми-та­ным­­дық конференция өткізу, кітап шығару және ескерткіш ор­­нату туралы ұсыныстарын жет­кізді. Аймақ басшысы аталған да­таны эпидемиологиялық ахуал тұрақталған жағдайда 2021 жылы Қа­зақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында атап өтуге болатынын айтты.


Оны жоғары деңгейде өткізу үшін облыстық іс-шаралар жоспары әзірленіп, ұсыныстар осы жоспарға енгізілетіндігін жеткізді.


«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<