Экологиялық проблемалардың шекарасы болмайды

506

0

Кеше облыс әкімдігі ғимаратында «5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне» және экология саласының құрылғанына 35 жыл толуына орай салтанатты шара өтті.

Табиғат – тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, тіршіліктің түлеп өсуіне қажетті нәрі, жер бетіне көрік берген сәні. Ал оны қаз-қалпында өскелең ұрпаққа аманаттауда эколог мамандардың еңбегі ерен.

Сонау 1988 жылы Коммунистік партияның орталық комитеті, жоғарғы кеңес және КСРО министрлер кеңесінің «Елімізде табиғатты қорғау ісін түбегейлі қайта құру» туралы Жарлығы қабылданып, қоршаған ортаны қорғау органдары құрылып, қызметтерін бастаған болатын.

– Қоршаған ортаны экологиялық сауықтыру және табиғи ортаның салауатты тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуде өзіндік үлесін қосып келе жатқан Сыр елінің экология саласының мамандары төл мерекелеріңіз құтты болсын!

БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының шешімімен 1972 жылы 5 маусым – дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні болып белгіленді. Мемлекеттің экологиялық ахуалы көрші елдерге өзінің кері әсерін тигізетіні белгілі. Экологиялық проблемалардың шекарасы жоқ. ҚР халықаралық деңгейде қабылданған қоршаған орта және оны дамыту жөніндегі декларацияға қосылып, ауқымды шаралар іске асыруда, – деді облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов.

Шарада аймақтың экологиялық ахуалының жақсаруына қосқан елеулі үлесі үшін ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрінің және облыс әкімінің Алғыс хатымен эколог мамандар марапатталды.

Н.Сақтағанов облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы М.Құрманбаевты мерейлі 60 жасқа толуына байланысты арнайы құттықтады.

Дөңгелек үстелде мамандар еркін пікір алмасты. Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау саласында жылдар бойы еңбек етіп, аймақтың экологиясын жақсартуға елеулі үлес қосқан сала ардагері Қ.Шапшаңов марапат иелерін құттықтап, экологияның маңыздылығын атап өтті.

– «Арал дағдарысы» – Арал бассейнінде өмір сүретін 35 млн адамға әсерін тигізіп отырған, адамзат тарихындағы аса ірі экологиялық зардап. 6 млн гектардан асатын аймақ тұзды шөлге айналды. Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 5 жыл ішінде 1 млн гектардан аса аумақта сексеуіл егіледі, – деді Н.Сақтағанов.

Мұнан бөлек кездесуде Байқоңыр мәселесі, қатты қалдықтар, көгалдандыру, қоқыс өңдеу, ғылыми жаңалықтар жайы талқыланды.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<