Экономикада ілгерілеу бар

17553

0

Қызылорданың әлеуетті облысқа айналуына экономикалық секторда қол жеткізген табыстар ықпалын тигізгені айдай ақиқат. Елімізде бұрынғы жоспарлы экономиканың орнына нарықтың талаптарына толыққанды жауап бере алатын заманауи үлгідегі экономика қалыптасып келеді. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Данияр Жаналинов айтып өтті.

– Бүгінде облыс экономикасында тұрақты даму қарқыны сақталуда. Биылғы жылдың 10 айында барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша өсім қалыптасты.

Оның ішінде өнеркәсіп өнімі – 1,3 пайызға, өңдеуші өнеркәсіп көлемі – 24,2 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 2,6 пайызға, инвестиция тарту – 27,7 пайызға, құрылыс жұмыстары – 21,2 пайызға, көлік және қоймалау – 8,8 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 16,7 пайызға және сауда көлемі 4,3 пайызға артты.

Мұнай өндіру көлемінің төмендеуі салдарынан бірнеше жылдар бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі көлемі қайта өсу сатысына шықты. 10 ай ішінде өнеркәсіп саласында 847,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 1,3%-ды құрады, – деді Данияр Жаналинов.

Бұдан бөлек, өңірде құрылыс индустриясы саласында 52,4 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Оған қоса, машина жасау саласында 19,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 31,7%-ды құраған.

Ал облыс бюджетінің көлемі 609 млрд теңгені құрап, бұл бекітілген бюджетпен салыстырғанда 13,4 пайызға өскен.

– Биыл облыс бюджетінің әлеуметтік бағыты сақталды. Бұл салаға 370 млрд теңге бағытталды. 10 айдағы облыстық бюджет кірістерінің жоспары 40,9 млрд теңгені құраса, нақты 44,2 млрд теңгеге орындалды. Жоспардан тыс түскені 3,3 млрд теңге.

Түсімдер қарқыны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,6 млрд теңгені құрады.

Бюджет қаржысын игеру бойынша Қызылорда облысы республика өңірлері арасында ІV орында тұр. 2023 жылдың қаңтар-қараша айларындағы шығындар жоспары 98,9 пайызға орындалды. Игерілмегені 4,8 млрд теңге, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің 2023 жылға жоспарланған межесіне қол жеткізу және бюджет қаржысын 100 пайыз игеруді қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар жыл соңына дейін жалғаса бермек.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<