Қызылордада жарық жиі сөнеді. Өйткені тозығы жеткен электр желілерінің сапалы әрі тұрақты тоқ өткізуге мүмкіндігі жетпейді. Жарықтың жайына байланысты күрделі мәселелер көп. Қызылорда облысы бойынша «КРЭК» АҚ теңгерімінде 10 мың шақырымнан астам электр желілері мен 2 мыңнан астам қосалқы станция бар. Бүгінгі таңда осы электр қондырғыларының 66 пайызының тозығы жеткен.
Қазіргі таңда өңірдегі электр энергиясын тұтыну көрсеткішкі 196 МВт құрайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Тахир Нәдірбек айтты.
– Облыс аумағында 10 491 шақырым электр желісі мен 2 008 қосалқы станция бар. Олардың тозу деңгейі 66 пайызды құраса, жыл соңына дейін 62 пайызға дейін түсіру жоспарланып отыр. Айта кету керек, өткен жылы 32 жобаны жүзеге асыруға қаржы бөлінді. Нәтижесінде 677 шақырым электр желісі жүргізіліп, 135 қосалқы станция орнатылды. Ал биыл электр жүйелерін жаңғырту бойынша 38 жобаға 11 млрд теңге бөлінді. Бөлінген қаржыға 786 шақырым электр желісі тартылып, 175 қосалқы станцияға жөндеу жүргізіледі, – деді ол.
Сала мамандарының айтуынша, 2022 жылмен салыстырғанда облыста электр энергиясын тұтыну көлемі 25 пайызға артқан. Өз кезегінде бұл электр желілері мен қосалқы станцияларға айтарлықтай күш түсіреді. Жаз мезгілінде электр энергиясын үнемдеу өзекті – мәселенің бірі.
Сондай-ақ брифингте «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Батыржан Қаракөзов тұрғындарды электр энергиясын тиімді пайдалануға шақырды.
– Облыста электр энергиясын тұтынушылардың саны артып отыр. Мәселен, 2022 жылдың 5 айында 189 682 болса, өткен жылы 192314, ал биыл бұл көрсеткіш 194858 болды. Өздеріңіз білесіздер, қазір күн өте ыстық. Соған сәйкес, тұрғындар да электр энергиясын шамадан тыс қолдануда. Әсіресе түскі уақытта электр энергиясын тұтыну көлемі екі есеге дейін өсіп отыр. Бұл электр желілеріне шамадан тыс күш түсіреді. Сондықтан тұрғындарды мүмкіндігінше электр энергиясын тиімді әрі үнемді пайдалануға шақырамыз, – деді Б.Қаракөзов.
Айта кетсек, бүгінде облыс орталығындағы құны 215 млрд теңге, қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқынды жүруде. Тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынып жатқан ең ауқымды жоба аймақтағы энергия тапшылығын толық шешеді. Орталықты тәжірибесі мол «Акса Энерджи» түрік компаниясы салуда. Нысан алдағы жылдың тамыз айында іске қосылады.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<