ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде электронды сауданы дамыту, Харбин қаласындағы IХ қысқы Азия ойындарына дайындық, Үкімет қаулыларының жобалары қаралды. Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен аталған мәселелер бойынша міндеттер айқындалған мәжіліс өтті. Қызылорда қаласы, аудан әкімдері мен жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
– Жергілікті кәсіпкерлерді электронды сауда негіздеріне оқыту жұмыстарын ұйымдастырыңыздар. Электронды саудадағы экспорт көлемін арттыру мақсатында бұл саладағы кәсіпорындардың интернет маркетплейстерге тіркелуіне көмек беріңіздер. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында электронды саудадағы тауар сапасына баса мән беріп, дер кезінде қажет шаралар қабылдаңыздар.
Алда 7 ақпан – 14 наурыз аралығында Қытайдың Харбин қаласында ІХ Қысқы Азия ойындары өтеді. Жарысқа мемлекетімізден 139 спортшы қатысып, ел намысын қорғайды. Денешынықтыру және спорт басқармасы қысқы спорт түрлерін дамытуда нақты шаралар қабылдап, осы бағытта қызмет көрсететін спорт мектептерінің санын арттыру қажет. «Мұз айдыны» спорт кешенінің, спорт мектептерінің әлеуетін барынша пайдалануымыз керек, – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, өңірде тауарлар мен қызметтерді өткізу үшін интернет-ресурсты пайдаланатын 10 кәсіпорын тіркелген. Олар 2023 жылы 18 мыңнан астам тапсырыс жасап, сауда айналымы 281 млн теңгеге жеткен. Тапсырыстарды сақтау мен жеткізу бағытында «Қазпошта» желісінің 11 супермаркеті және өзге де интернет дүкендердің тарату пунктері бар. Тауар өндірушілер электронды портал арқылы өз өнімдерін сатуда.
Бүгінде облыста 14 822 спорттық секцияда 342 223 адам, оның ішінде қысқы спорт түрлерімен 14 секцияда 153 спортшы шұғылданады. Облыстық бюджеттен 1 млрд 869 млн теңге, қысқы спорт түрлеріне 51 млн 476 мың теңге қаржы бөлінген. Аймақтың климаттық ерекшелігіне байланысты «Мұз айдыны» спорт кешенінде қысқы спорттың 3 түрі бойынша үйірмелер жұмыс жасайды.
Республикалық чемпионаттарда орын алған 4 спортшы бар. Оның екеуі шорт-тректен кіші жасөспірімдер арасында болса, екеуі мәнерлеп сырғанаудан, 22 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің біреуінде қысқы спорт түрлерінен қызмет көрсетіледі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<